ОТБАСЫ ДАҒДАРЫСЫ ЖӘНЕ БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

بسم الله الرحمن الرحيم

Құдай Тағала түгел тірлішікті жұп етіп жаратқан. Жұпсыз жанзат жоқ. Қала берсе, жұпқа аса мұқтаж. Қазақта «Жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» демекші адам баласы да өмірде өз серігін іздейді. Отау тігіп, шаңырақ көтеруді көксейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

تناكحوا تكاثروا فإنّي مباهٍ بكم الأمم يوم القيامة

 «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен қияметте өзге үмбеттерге сендерді мақтан етемін[1]»,-деген. Өмірдегі ең жауапты кезең де осы. Жар таңдауда қателесу, сапардағы жолдасты таңдаудағы қателіктен әлдеқайда қатерлі. Жолда адасу, жұбай таңдауда адасқаннан анағұрлым жеңіл. Әрине, мұндағы алғашқы қателік адамның иманы мен мінезіне емес сырт бейнесінің тартымдылығына басымдылық беруден туындайды. Бұған қоса, отбасы құру жайлы шариғаттың айтқан кеңестерін тыңдамауда.

Шынтуайтына келгенде, неке – ер жеткен азаматтың ерікті ісі. Алайда, жағдайға қарай некелесу кейде мұстахаб, кейде уәжіп. Мәселен, жанұяны асырай алатын мүмкіндігі бар, бірақ зинаға және  оған алып баратын жаман іс-әрекеттен өзін тия алатын кісіге үйлену – мұстахаб.

Ал, отбасын бағып-қағуға шамасы келетін, сонымен бірге өзін зина мен оған алып баратын жаман іс-әрекеттен тия алмайтын кісіге үйлену – уәжіп.

Үйлену арқылы дінін қорғап, өз ар-намысын сақтайды. Шүбәсіз дінін және ар-намысын қорғау – ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан да адам өз дінін және намысын тек үйлену арқылы қорғау мүмкін болса, ол кісіге үйлену уәжіп үкімінде болмақ.

Некелесу харам болған топ: отбасын асырауға шамасы жетпейтін және де үйленуге ешбір себебі жоқ, сонымен қатар үйленсе шариғат тиым салған жолмен күнелту сияқты харам іске баруға мәжбүр болса, некелесу харам болады. Мұндай жағдайда, дінін сақтау үшін мүмкіндігі мен шамасы жететін мерзімге дейін үйленуді кейінге қалдыру қажет.

Әбу Аюб (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أربعٌ من سنن المرسلين: الحياء و التعطُّر و السواك و النكاح

 «Төрт амал елшілердің сүннетінен: ұят, иіссу қолдану, мисуак пайдалану және үйлену[2]»,-деген екен.

риуаяттарында

مَنْ رزقه الله امرأةً صالحةً فقدْ أعانه على شطر فليتّقِ الله في الشطر الباقي  

 «Кімге Алла ізгі әйел нәсіп етсе, (дінінің) жартысына жәрдем еткені. Қалған жартысына сақ болып, Аллаға тақуалық етсін[3]»,-деген екен.

Хадис ғылымының атасы Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) таңдау жасағанда  жаңылыспай жақсы жар табу туралы мынадай хадис жеткізген:

تنكح المرأة لأربعٍ: لمالها و لحسبها و لجمالها و لدينها, فاظفرْ بذات الدين تربتْ يداك

 «(Әдетте) әйелге төрт қасиетінің бірі үшін (қызығып): байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні үшін үйленеді. Діндарын (яғни имандысын) таңда, әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді[4]»,-деген.

Бұл хадисте еркекті әйел бойында қызықтыратын көркі, мал-дүниесі, тегі және діндарлығы секілді сипаты екендігі айтылған. Егер әйел иманды болмаса, қалған үш қасиетінен пайда шамалы екендігін ескертеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жар іздеген жігіттердің әйелдің бойындағы сиқырлаушы сұлулығына, мол дүниесіне және танымалы тегіне қатты қызығатынын көрген. Әйелдің діндарлығы мен имандылығына аса мән бермейтіндігін байқаған. Алайда, жақсылықтың барлығы иманда. Имансыз әйелдің сұлулығы, тегі тіпті дүниесі де ешбір пайда бермейді.

Ибн Мажа хадис жинағында жар таңдауда жаңылысқан жігіттерге қатысты айтылған мынадай хадис бар: «Әйелдерге тек сұлулығы үшін ғана үйленбеңдер, сұлулығы оларды тәкаппар етуі мүмкін. Әйелдерге дүниесі үшін ғана үйленбеңдер, мал-мүлкі оларды шектен шығаруы мүмкін. Расында қара тәнді иманды әйел текті де дәулетті және көрікті бірақ дінсіз болған әйелден абзал».

Ал, Анас (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Кім әйелді оның абыройы үшін алса, Аллаһ ол еркекті қор етеді. Кім әйелді дүниесі үшін алса, Аллаһ ондай еркекті жерге ұрады. Ал, кім әйелге көзін күнәдан, мүшесін зинадан сақтау үшін және туыстарымен жақсы қатыс-қатынаста болу үшін үйленсе Аллаһ ол кісіге әйелін берекелі, ал әйелге күйеуін құтты етеді»,-деген екен.

 

Абай Хакімнің:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма.

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма[5],-деген сөзі де осы хадистің түсіндірмесі іспетті.

Ер азаматқа өзіне өмірлік ізгі жар таңдауы міндет болғанындай әйел баласы да өзіне жақсы жолдас таңдауы тиіс. Қыз үшін жақсы жолдас дегені әйелдің ар-намысын қорғайтын, келіншегінің көңіліне қаяу түсірмейтін, әйеліне аса ерекше мән беретін адам. Әйел заты мұндай азаматтың жанында жаны жай тауып мейірімділік пен сүйіспеншілікке бөленеді.

Әйел баласы тұрмысқа шыққалы тұрған ер кісіні жіті танымай жай үстіртін ғана біліп некеге ризашылығын берсе өз жанын, ар-намысын және дінін қатерге тігуі әбден мүмкін. Діндарлық пен иман адам баласын жақсылыққа жетелейді, жамандықтан жиіркендіреді. Әрине, әйел таңдау жасағанда ер азаматтың сыртқы кейпіне, дүниесіне және тегіне мән беруі айып емес, алайда діндарлығы мен мұсылмандығын алға қойғаны дұрыс болады.

Бұл сөз тек қана қыздарға ғана қатысты емес, сонымен бірге қыздың әкесіне және аға-інілеріне де тиесілі. Өйткені қыздың тағдырына тікелей жауапты тұлғалар ол: әкесі, ағасы мен інісі. Кейде, иманды қыздың өзі мінез-құлқы нашар, дінге немқұрайлы қарайтын және әйелдің ар-намысы дегенді білмейтін жігітке көңілі ауып қалауы мүмкін. Мұндай қыздар: осы жігіт мені бақытты етер, арманымды орындар, деген үміт жетегінде тұрмысқа шығуы мүмкін. Осындай қауіпті сезген әрбір аға-іні өз қарындасының жеке өміріне араласып, жамандықтың алдын алып, дұрыс ақыл-кеңес беруге міндетті.

Хазіреті Әлидің ұлы Хасанға (Алла оған разы болсын) бір кісі келіп: «Менің қызым бар. Кімге тұрмысқа бергенім жөн деп ойлайсыз,-деп сұрайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немересі Хасан: Алладан қорқатын жігітке тұрмысқа бер. Ондай жігіт қызыңды жақсы көріп тұрса қадірлеп, сыйлайды. Ал, ашуланса қызыңды ренжітпейді[6]»,-деп кеңес берген екен.

Расында да иманды азамат әйелімен сөйлескен кезде көңіл-күйі қандай болып тұрса да, ашуға салынып кейін өзі өкінетіндей іс-әрекетке бармайды.

Ал, Айша анамыз (Алла оған разы болсын):

 

النكاح رقّ فلينظرْ أحدكم أين يضع كريمته

 «Неке – тәуелділік. Сендер қыздарыңды қайда ұзатып жатқандарына қараңдар[7]»,-деп айтқан екен.

Қазақ «қыз қонақ, жат жұрттық» деп жатады. Қыз бой жеткен соң, тұрмыс құрып бөтен үйдің түтінін түтетері анық. Алайда, қыздың құтты жерге қонып, бағы ашылуы үшін ата-ана жауапты.

Өз қосағын тапқан қос жас жұптық өмірді ақ некемен бастауы мұсылмандық парызы.

Неке қиюдағы ескерілу қажет мәселе – уәлилік. Уәли – қыздың қамқоршысы. Демек, қыз теңін тауып тұрмысқа шығар болса әуелі әкесінің батасын алуы міндет. Уәли қыздың әкесі және еркек кіндікті бауырлары деген ұғымды білдіреді. Қыздың тағдырына тікелей жауапты да осы уәли. Өмірдегі ең жауапты да, шешімді белес бұл отбасын құру. Мұндай күрделі мәселені қыз өз бетінше шешуі қайта түзетуге келмейтін, орны толмайтын қателікке алып барары сөзсіз. Айша (Алла оған разы болсын) анамыздың жеткізген хадисінде:

أيّما امرأة نكحتْ بغير إذن مواليها فنكاحها باطلٌ ,ثلاث مرّات, فإن دخل بها فالمهر لها بما أصاب منها, فإن تشاجروا فالسلطان وليُّ من لا وليَّ له.

 «Қайсыбір әйел уәлисіз тұрмысқа шықса, оның некесі заңсыз (деп үш рет айтқан)… Уәлилер қызды тұрмысқа беру кезінде тартысып қалса, Үкімет – уәли[8]»,-деген.

Қыздың қамқорлары (яғни әкесі мен бауырлары) қыз таңдауына келісе алмай қалса. Ал, қыздың шыққалы тұрған жері өз теңі және иманды болып тұрса мұндай жағдайда Үкіметке жүгіну қажет. Қысқаша айтқанда АХАЖ-ға тіркелуі тиіс. Өйткені Үкімет некеге тұру мәселесін осы мекемеге яғни АХАЖ-ға тапсырған. Хадистегі Үкімет уәли дегені осы АХАЖ.

Құран Кәрімде: «Әйелдердің маһрін (қалың малын) ықыласпен беріңдер…[9]»,-делінген.

Шариғатта маһрдің мөлшерін айнымайтындай етіп бекітпеген. Мұның сыры адамдардың барлығы материалдық тұрғыда тең бола бермейді. Сонымен қатар күн көру деңгейінің өзі әр өңірде әр түрлі. Маһрдің ең төмен мөлшері он дирһам.

Ер азамат жұбайына жақсылық етуі, құрмет көрсетуі іс-әрекеті мен сөйлеген сөзі жұмсақ болуы және көңіліне шаттық беруі күйеулік міндеті. Сонымен қатар әйелінің кейбір сөздері мен әрекеттеріне сабырлық танытуға да тиіс. Бұл жайлы Құран Кәрімде «…Сондай-ақ олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген хайыры болуы мүмкін[10]»,-деп баяндалған.

Ер кісі әйелін құрметтеп, қадір тұтуы оның жоғары көркем мінез иесі екендігін білдіреді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Муминдердің иманы кәмілділері көркем мінезділері. Ал, сендердің жақсыларың әйелдеріңе жақсы болғандарың[11]», – деп айтқан.

Ер азаматтың өз әйеліне деген қамқорлығына оның қадір-қасиетіне, ар-намысына тиетін өсек-аяңдардан және іс-әрекеттерден қорғауы да жатады. Өйткені мумин кісі өз жұбайын және бала-шағасын өзгенің орынсыз сөзі мен ісінен қызғануы қажет.

Мұсылман кісі әйелінің азық-түлігін, киім-кешегін, дәрі-дәрмегін және де басқа қажеттілігін қамтамасыз етуі отағасы ретіндегі міндеті. Бұл жайлы «Алланың бергені бойынша нәпақа берсін. Алла ешкімге бергенінен артық жүктемейді…[12]»,-деп әмір етілген.

Муғауия бин Хайда (р.а.) мен Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, расул Алла! Әйелдеріміздің бізде қандай құқығы бар?,-деп сұрадым. Пайғамбарымыз: егер тамақтансаңдар, оларға да тамақ беру, егер киім алсаңдар, оларға киім алып беру. (тәрбиелейтін болсаңдар) бетінен ұрмау. Оларға жамандық жасамау. (Ұрысып қалған жағдайда) үйден шығып кетпей, бөлек жату[13]», – деп жауап берді.

Ер кісі әйелін материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Ер азаматтың әйеліне және бала-шағасына беретін қаражат мөлшері жеке басының мүмкіндіктеріне және қоғамдық жағдайына қарай болады.

Әйел затына өз күйеуінің шариғатқа қайшы болмаған барлық бұйрықтарын бұлжытпай орындауға әмір етіледі. Әйел баласы күйеуінің мал-мүлкін, абырой-намысын сақтауға, үйіне тек күйеуі рұқсат берген кісіні ғана кіргізуі тиіс. Сонымен қатар әйел баласы өмірдің қуанышы мен қиыншылығында Құдай қосқан қосағының қасында болуға міндетті. Күйеуінің сырын ешкімге ашпауға, шынайы сүйіспеншілік танытуға, сөзінде шыншыл болуға, күйеуі жақсы көрген затты жақсы көруге сондай-ақ, жолдасына ұнамайтын әрекеттер мен сөздерден аулақ болуға міндетті.

Айша (Алла оған разы болсын) риуаят етеді: «Мен Алла елшісінен: адамдар арасында әйел кімге көбірек борыштар?,-деп сұрадым. Пайғамбар: күйеуіне,-деп жауап берді. Сосын мен: адамдар арасында ер кісі кімге көбірек борыштар?,-деп сұрамын. Алла елшісі: анасына,-деп жауап берді[14]»,-дейді.»

Жаратқан баршаңызға бағып-қағып отырған ұл-қыздарыңыздың рахатын көруді жазсын. Перзенттеріңіз өз теңдерін тауып, ұлдарыңыз ұяға, қыздарыңызды қияға қонсын. Ер жеткен жігіттер иманды да, ибалы жар тауып, тұғыры биік отау тіксін. Бойжеткен мұсылман қарындастарымыз иманды азаматтардың шаңырағына келін болсын.

ҚМДБ Наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

Серікбай қажы ОРАЗ

[1] Абдулла бин Махмұд әл-Маусили әл-Ханафи

[2] Ахмад, Термизи

[3] Табарани, Хаким

[4] шайх Мансур Әли Насиф

[5] Абай (Ибраһим) Құнанбаев, Екі томдық шығармалар жинағы, Алматы «Жазушы» 1986-жыл

[6] Мухаммед Бәкір Исмаил

[7] Мухаммед Бәкір Исмаил

[8] Абдулла бин Махмуд бин Маудуд әл-Маусили әл-Ханафи

[9] Ниса сүресі, 4-аят

[10] Ниса сүресі, 19-аят

[11] Термизи, Ибн Мажа

[12] Талақ сүресі, 7-аят

[13] Әбу Дауд

[14] Ахмед, Насаи