Қарап отырсақ, еліміз өз тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде Елбасымыз Н.Назарбаевтың басшылығымен елімізде көптеген игілікті істер атқарылып, болашаққа деген сеніміміз нығайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық жаңғыру, яғни ұлттық санаға үлкен серпіліс беру мәселесі өте орынды қозғалған.
Расында, бүгін біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр – адамзаттың қарыштай даму дәуірі. Осындай кезеңде әлемдік көштен орныңды таппай, өмір сүру өте қиын екендігін бүгінгі күрделі де жауапты кезең көрсетіп отыр.
Елбасымыздың «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекемен қарамауға тиіс. Керісінше замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышартына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық – рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» дей келіп, рухани санаға серпіліс беретін алты сара жолды дәл басып отыр.
Несін жасырамыз, бүгінде ортамызда ата-салт дәстүрімізден жеріп, оны жоққа шығарып жүрген қандастарымыз да бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшылығымен халық арасына Ислам дінінің құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүр сабақтастығын дін қызметкерлері кеңінен насихаттауда. Ұлтымызға рухани тірек болып отырған құндылықтарды бірінен-бірін ажырату адасқандық болып табылады.
Бүгінгі күні халқымыздың басқамен терезесі тең болу үшін, бірінші кезекте сапалы білім керек. Бұл бағытта да елімізде ауқымды істер атқарылуда. Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезов: «Ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін білім» деп айтқан ұлағатты сөзі бүгінгі өскелең өмірдің басты қағидасына айналып отыр.
Елбасымыз өз мақаласында таяу жылдар ішінде қазақ тілін біртіндеп латын әріпіне көшіру жөнінде үлкен міндет қойып отыр. Бұл мәселенің қажеттілігін ғалымдарымыз көптен бері айтып келеді. Бауырлас түрік, өзбек, әзірбайжан халықтары латын әріпіне ауысып алды. Әрине, әр нәрсенің, ауыртпалығы болады. Сол қиыншылықтарды бірлесе бағындыра отырып, үлкен істерге батыл қадам жасауымыз керек.
Елбасымыз айтқандай, ұлан ғайыр жері мен рухани тамыры бар елміз. Сондай киелі Отандағы төл тарихымызды, асыл құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, әлемдік өркениеттен өз орнымызды ойып алу, басты міндеттеріміздің бірі.
Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи құжатқа пара-пар мақаласы ел болашағын айқындап, Қазақстан халқын үлкен рухани серпіліске шақыратын ауқымды да жауапты міндеттер жүктейді.
Біз Семей өңірінің діни қызметкерлері Елбасының мақаласын халық арасына кеңінен насихаттап, оның кең көлемде жүзеге асуына өзіндік үлесімізді қосамыз деп сенім білдіреміз.
Мақсат Алтыбай,
ҚМДБ-ның Семей өңіріндегі өкіл имамы,
Семей қаласындың Қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы.