Жаназа намазына қатысудың сауабы.

Өмір бар жерде тіршілік, тіршілік бар жерде қаза бар. Бұл тіршілік атаулыға Жаратқанның берген бір сынағы. Тарихта айтылған Қорқыт бабамыздың өзі ажалдан құтылмаған. Қамшының сабындай мына жалған дүниеде өлшеп берілген өмірдің соңғы нүктесі қойылатын өлімнің келетіндігін Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түсірілген қасиетті Құран Кәрим арқылы білеміз.

Алла Тағаланың сөзі Құранда: «Қай жерде болсаңдар да, тіпті мықты биік қорғандардың ішінде болсаңдар да өлім сендерді тауып алады» – деген. Ниса сүресінің 78 аятында.

Қазірде: «Заманына қарай адамы» – дегендей, діни қағидаттарға, соның ішінде дүниеден озған пендені ақтық сапарына жөнелтудегі жағдайларда, сауаптан гөрі, мақтаншылықпен дарақылыққа бейімделу басымдау ма, қалай? «Пәленшенің жаназасында, халық көп болды, көліктің алды қабыр басында болса, соңы үйден енді шығып жатты, мейрамханаға көпшілік симай қалды» – деген сөздер естіліп жатады. Ал: «Жаназасына қатар – қатар жамағат сап түзеп, дұғада болайық» – дегенді көп жағдайда ескермей жатамыз. Қазіргі уақытта интернет желісіндегі ақпарат тоғысынан хабардар болғанымыздай дініміз үшін қызмет қылған ағайындарымызды, көршілес алашапанды ағайындардың Ислам әлемінде ғалым болған, муфтиі, ұстазды қимастықпен жылап шығарып салғандығының куәсі болдық. …Әрине ғаламтордан.

Жаназаға қатысудың мәйіт үшін, тірілер үшінде сауаптылығы мол екендігін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) арқылы хадис шәріптерінен оқып білеміз. Әрбір адам өзінің дүниеден өткен туыс – туғандарының Алланың рахымына бөленіп жарылқануын, күнәларының кешірілуін, жәннаттық болуын қалайды. Қасиетті Құрани Кәримде Ибраһим бабамыз: «Я, Раббым! Мені және ұрпақтарымды намаз оқитын ете гөр! Раббымыз!  Тілегімді қабыл ет!. Раббымыз! Есепке алынатын күнде мені, әке – шешемді, мүміндерді жарылқағайсың!» – деп Ибраһим сүресінің 40 – 41 аяттарында тілек тілеген.

Осы жағдайды қаласақ, мәйіт үшін қандай сауаптарға жетелейтіндігін, қаншалықты пайдалылығы жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде:

Әбу Һурайрадан: «Расулуллаһ (с.ғ.с): «Кім жаназа намазына қатысса, оған бір қират, ал жаназа намазына және мәйітті жерлегенге қатысатын болса оған екі қират» – деді. Адамдар: «Екі қират дегеніңіз не?» – деп сұрағанда, Алла елшісі (с.ғ.с): «Екі үлкен тау көлеміндегі сауап», – деп жауап берді.(1).  Қарап отырсақ осындай сауап берілсе, сондай сауапты істерге шын ниетпен қатысу керек. Сонымен қатар келесі бір хадис шәріпте: «Қайсы бір адам жан тапсырып, оның жаназасын үш сап мұсылман оқыған болса, оған міндетті түрде жәннат нәсіп болады» – деген. (2). «Қырықтың бірі қызыр», «Көп тілегі көл» – деген аталы сөздің өзі хадис шәріптерден бастау алады. Мейірімді, рақымы кең Жаратушы Иеміз құлдарының дұғасын тілегін лезде қабыл етеді. Қасиетті Құранда: «Мен оларға жақынмын, маған дұға қылса, дұға қылушының дұғасын қабылдаймын. Олар тура жолмен жүру үшін менің үндеуімді қабылдасын, маған илансын» – деген Бақара сүресінің 186 – шы аятында.

Жаназа намазына қатысу, барудағы негізгі мақсат ғибрат алу. Өйткені мына жалған дүниенің соңы болатындығы, адам баласының әрбірінің басына осы істің келетіндігін біліп, ой жүгірту. Қасиетті Құранда: «Әрбір жан иесі, өлімнің  дәмін бір тартады да, біздің алдымызға қайта келеді» – деген. Ғанкабут сүресінің 57 – ші аятында.

Бақара сүресінің 260 – шы аятында: «Бір кезде Ибраһим: Уа! Раббым өлгенді қайтып тірілтесің? Маған көрсетші!» – деді. «Маған сенбейсің бе?- деді (Алла). «Олай емес, (көзбен көріп) көңілім орнықсын» – деді Ибраһим» – делінген. Яғни ой жүгіртіп, ғибрат алуды Жаратушының кәламы арқылы оқып, үйреніп білеміз.

Яғни, жаназаға қатысудағы бірінші міндет өлімді еске алу. Өлімді еске алу кейбір пенде үшін өрескел болып көрінуі мүмкін. Дүние тірлігінде істелген әрбір іс үшін «бұраудың да – сұрауы бар» – дегендей әрбір адам Жаратушы алдында жауап беретіндігі, өлімді еске алу арқылы кез – келген пенденің әр ісінде шектен шықпауына әсерін тигізері шындық. «Құдайдан қорықпағаннан – қорық» – деген сөздің де бекер айтылмасы анық. Әбу Һурайрадан Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Естеріңе көбірек ләззатты бөлушіні (яғни өлімді) алыңдар!» – деген.(3).

Екіншіден дүниеден өткен пенде артынан дұғада болу. Өйткені дүниеден өткен пенденің амалы тоқтады. Тек артындағы ұрпақтарының, туыс – туғандарының, дос – жарандарының, мұсылмандардың дұғасына мұқтаж. Алла елшісі (с.ғ.с): «Дұға – муьминнің қаруы, діннің тірегі, аспан мен жердің нұры» – деген. (4). Пайғамбар (с.ғ.с) тағы бір хадисте: «Әдетте мәйіт қабырге қойылған соң Алла елшісі (с.ғ.с) қабырдың жанында біршама уақыт тұрып: «Бауырларың үшін Алла Тағаладан жарылқау тілеп, жауапта бекем болуын тілеңдер. Өйткені, ол қазір сұраққа тартылады» – деген. (5).

Үшіншіден туған – туыстарына көңіл білдіріп, көмек көрсету. Себебі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жағфар (р.ғ) қайтыс болды» – деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның жанұясы шұғылданатын іс болып қалды» – деген. (6). Бұл жерде жаназа істері және сонымен қатар уайым мен қайғы жайлы айтылып тұр. Осы істерден біздер білеміз, қаралы үйге көмек көрсету мұсылманның бірден – бір міндеті. Осыны көкейіне тоқыған ата – бабаларымыз: «Қайғыны бөліссе азаяады, қуанышты бөліссе көбейеді» – деген.

Төртіншіден сауап. Бұл жалған дүниеде адамзат баласының әрқайсына сауаптар молынан керек. Қиямет күні өзекті жанның баршасында болар негізгі өкініш: «дүние тірлігінде мол сауаптарды жасап қалсам еді» – деген. Құрани кәримде: «Кімде – кім түйірдей жақсылық істеген болса, оның сыйын көреді» – деген Зілзала сүресінің 7 – ші аятында. Амалына қарай жинаған сауаптың, ең аяғы шаңның тозаңындай сауабына қарай берілетін сый – сыяапатын баяндап тұр.

Бесіншіден жақсылық істеу. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Сендер науқастың қасында немесе жаназада болсаңдар, тек жақсылық айтыңдар! Өйткені, періштелер сендердің айтқандарыңа: «Әмин!» – деп тұрады» – деген. (7). «Жақсылық жерде қалмайды. Иманды отқа жанбайды.» – деген мақал – мәтелде иманды пенденің жақсылықтың жаршысы екендігін айтуда.

Алла Тағала тірілеріміздің тәубәсін қабыл етіп, дүниеден өткендерімізді кешіріп, рахымына бөлеп, ұрпақтарының дұғасын қабыл еткей! Әмин.

 

  1. Имам Муслим риуаят етті.
  2. Имам Әбу Дауд және Имам Тирмизи риуаят етті.
  3. Имам Тирмизи риуаят етті.
  4. Имам Хаким және Имам Әш – Шаукани риуаят етті.
  5. Имам Әбу Дауд риуаят етті.
  6. Имам Тирмизи және Хаким риуаят етті.
  7. Имам Муслим риуаят етті.

 

Идришев Дәулет Қинаятұлы

Аягөз қалалық мешітінің наиб имамы.