Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Семей аймағы бойынша өкілі, Қос мұнаралы орталық мешітінің бас имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлының ұйымдастыруымен Қос мұнаралы орталық мешітте «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.
Шараны өткізудегі басты мақсат көп балалы отбасы балаларына әлеуметтік тұрғыдан қамқорлық көсету болып табылады. Осының нәтижесінде балалар жаңа оқу жылына даярлықпен барады. Бұл жолғы шара да осыны мақсат тұтты. Шараға 150-дей адам қатысты.
ҚМДБ Семей аймағы бойынша өкілі, Семей орталық мешітінің Бас имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы игілікті шараның маңыздылығына тоқталып, оның төл дінімізде де сауапты амал екендігін, жас шағында мейірім көрген баланың есейгенде де айналасына қамқор көзбен қарап, мейірімді болып өсетінін айтып өтті.
Қаламыздағы мешіт имамдары мен жамағаттар бұл акциядан тыс қалған емес. Бұл жолы да әр мешіттің атсалысуымен оқушыларға арналған сөмкелер, оқу құралдары, табыс етілді. Аз қамтылған отбасы балалары үшін бұл сыйлықтар үлкен көмек екені белгілі. Келген ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: “Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай”, – деп ақ тілектерін жаудырды.
Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі