«Әйелдер-қыздар» секторын дамыту бағытында ҚМДБ Өскемен аймағының өкілдігі өңірдегі әйел-қыздардың діни сауаттылығын арттыру үшін оларға «1 айлық діни білімін жетілдіру курсын» ұйымдастырған болатын.
Осы курс сәтті аяқталып, діни білімін жетілдірген 50-ден астам әйелдер және қыздарға сертификат табыстау шарасы Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінде болып өтті.
Салтанатты жиынға ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай қажы Құрбанұлы қатысты.
ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имамы Ермек қажы Тасболатұлы: «Осы курс арқылы өңірде әйелдер мен қыздардың діни білімін жетілдіруге ерекше назар аударып отырмыз. Енді сіздер ҚМДБ-ның басты құжаттарын, шешімдерін насихаттау, асыл дініміз үшін кері ағымдарға қарсы имандылықты уағыздау ісіне белсенді қатысуларыңыз қажет» деп атап өтті.
Шарада Сансызбай қажы Құрбанұлы сөз алып, білімнің маңызына тоқталып, соңында оларға ақ жол тілеп, бата берді.