АСТАНАДА ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІНЕ ҮН ҚОСТЫ (ФОТО)

 ҚМДБ баспасөз қызметі   www.muftyat.kz

Бүгін Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғимаратында Бірінші наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен арнайы алқалы жиын өтті.

Жиынға ДІАҚМ Дін істері комитетінің бас сарапшысы Нұрғали Қабылов, наиб мүфти Алау Әділбай, ҚМДБ Аппарат жетекшісі Ғылымбек Мәжиев, сонымен қатар мүфтияттың бөлім меңгерушілері мен мамандары қатысты.

Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбеавтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі сөз болды.

«Елбасының осы жолы халыққа жолдаған үндеуінің ерекшелігі – жұртымыздың әлеуметтік мәселесіне басымдық берілуінде. Президентіміз өз сөзінде студенттерге жатақхана салу, оларға қосымша оқу гранттарын бөлу, баспана алуға мүмкіндіктер жасау, Астана қаласын газбен қамтамасыз ету, міне, осы сынды әлеуметтік мәселелерге ерекше тоқталып өтті. Расында, Астана мен Алматы секілді республикалық маңызы бар ірі қалалардан баспана алу кез-келген адамға бұйыра бермейтін нығмет. Алайда, Елбасының кеше жолдаған үндеуінде бұл мәселе болашақта оңай шешімін табатын болды. Президенттің бұл бағыттағы жолдауы жұртымыздың жігерін оятты», –  деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өз кезегінде сөз алған ДІАҚМ Дін істері комитетінің бас сарапшысы Нұрғали Қабылов: «Осынау ақжолтай жаңалықтар мен мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан игі бастамалар мүфтияттың насихат жұмыстары барысында тілге тиек етілгені жөн», – деген тілегін жеткізді.