Неке сөзінің негізі – “никах” деген араб сөзі. Тілдік мағынасы бірігу, қосылу дегенді білдіреді.
Шариғаттағы терминдік мағынасы – ерлі-зайыптылардың жақындығын адал ететін, әрі, ортақ өмір кешіп, ортақ ұрпақ жалғастыруларын қамтамасыз ететін келісім-шарт. Ислам дінінің заңнамасы – шариғатта үйленудің үкімі бекітілген сүннет.
Некенің өзіндік парызы мен шарттары бар. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің парызы екеу, оны рүкін деп атайды:
а) Ұсыныс. Ердің не әйелдің аузынан шығатын үйлену сөзі. Мұны шариғатта “ижаб” дейді.
ә) Қабыл алу. Біріншісінің үйлену жөніндегі ұсынысын екіншісінің құп алуы. Мұны шариғатта “қабул” дейді.
Мысалы, жігіт қызға «маған тұрмысқа шық» десе, бұл алғашқы айтылып тұрғандықтан ұсыныс – ижаб, ал қыз «шығамын» деп разылығын білдірсе екінші айтылып тұрғандықтан “қабул”, яғни, қабыл алу болып саналады.
Үйленуде екі жақтың разылығы керек, мұнсыз неке жүзеге аспайды. Ал, ұсыныс пен қабыл алу ішкі разылықтың көрінісі.
Дегенмен, қиылған неке дұрыс болып, ер мен әйел бір-біріне адал болуы үшін бұл екі нәрсе жеткіліксіз. Бұл екеуінен бөлек төмендегі шарттар да орындалуы керек.
1. Үйленуге тыйым салынған әйелдер санатынан болмауы. Тыйым салынған әйел деп отырғанымыз ер адамға өзінің анасына (әжелеріне), қыздарына (ұл-қыздарының қыздары және төмен қарай), әпке-қарындастарына (әке-шеше бір не бөлек), немере және нағашы әпке-қарындастарына, бауырының қыздарына және одан төменгі қарай, әпке-қарындастарының қыздарына және төменгі қарай, әйелінің анасына, өгей қызына, өгей ұл-қыздарының қыздарына, келініне, сүт анасына, емшектес қарындасына, әпке-сіңлілерді (сондай-ақ әйелді немере әпкесімен, немере әпкесі мен бауырының қызын, әйел мен нағашы әпкесін, нағашы әпкесі мен сіңлісінің қызын) қосып үйленуге, әйелді қызымен қосып үйленуге, біреудің әйеліне, идда мерзімін күтіп отырған әйелге, кітап иелерінен басқа дін өкіліне үйленуге болмайды.
Сонымен қатар, мұсылман қыз баланың өзге дін өкіліне тұрмысқа шығуына да үзілді-кесілді тыйым салынады.
2. Өмірлікке некелесу. Үйленетін жандар өмірлік некені мақсат етулері тиіс. Шариғат бойынша уақытша үйлену, шартты түрде үйлену некеге жатпайды.
3. Куәгерлік. Қиылған неке дұрыс болу үшін куәгердің болуы шарт. Бұл мәселеде мазһаб имамдары арасында талас жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Өкілсіз және екі әділетті куәгерсіз неке қиылмайды», – деген. Куәгерлікке ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған екі мұсылман ер немесе бір ер, екі әйел кісі жарайды.
Сондай-ақ, ер мен әйелдің жасырын түрде некеге тұруы немесе азаматтық неке құру шариғат құптамайтын іс. Өйткені бұл арсыздық пен азғындыққа жетелеп, ұрпақ саулығы мен ұлт болашағына зардап әкеледі. Бұлай басқосқан жандардың арасында ешқандай жауапкершілік болмағандықтан кез-келген сәтте екі жаққа айырылып кете берулері де оңай. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
أَعْلِنُوا النِّكَاحَ ، وَاجْعَلُوهُ فِي الْمَسَاجِدِ ، وَاضْرِبُوا عَلَيْهِ بِالدُّفُوفِ ، وَلْيُولِمْ أَحَدُكُمْ وَلَوْ بِشَاةٍ
«Некелеріңді жариялап мешіттерде өткізіп, дауылпаз соғып, біреулерің қой сойып болсын тойлаңдар», – деген (имам Тирмизи риуаяты).
Діні мен дәстүрін қадір тұтқан қазақ халқында адал некесіз бір-бірімен жұптасып уақытша өмір сүру қағидасы мүлде болмаған. Көпшілікке жария ету арқылы ел екі жастың шынайы отбасы болып ақ отау құрып жатқандығын таниды. Қазақ халқы осыны негізге ала отырып, ақ босаға аттап келген келінге қайын жұртын беташар арқылы таныстырған. Сонымен қатар, беташар халыққа жар салып жария түрде айтылатын болған.
4. Екі жақты разылық. Егер екеуінің бірі зорлықпен үйлендірілсе неке дұрыс болмайды. Бұл жайында Айша анамыздан (р.а.) мынадай бір риуаят жеткізілген: «Бірде маған бір бойжеткен келіп: «Әкем мені жанұяның беделін көтеру үшін өзім ұнатпаған адамға тұрмысқа берді», – деп шағымданды. Мен оған: «Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенше отыра тұр», – дедім. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген соң оған мән-жайды айттық. Олқыздың әкесін шақыртып алды да, таңдау еркін қызға берді. Сонда бойжеткен қыз: «Шынында мен әкемнің ісіне разы едім. Тек әйелдерге әкелердің билігі жүрмейтіндігін анық білгім келіп еді», – деді. (Имам Ахмет риуаяты). Демек, бір адамды зорлықпен үйлендіру дұрыс емес.
Сонымен қатар, қазіргі қалыптасып отырған жағдайды ескере келе, отбасын құратын қыз бала ата-анасының келісімін алуы міндетті (Қазақстан мұсылмандары Тұғырнамасы).
5. Мәһр.
Ислам діні бойынша ер адамның әйеліне мәһр беруі – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ол туралы Мұхаммад Әбу Заһра өзінің «Әл-ахуалу әш-шахсия» кітабында: «Мәһр – күйеуінің мойнына жүктелген әйелдің алатын ақысы. Ол үйлену келісімінің бір үкімі немесе нәтижесі ретінде қаралады. Некенің дұрыс болу шарты емес. Сол үшін мәһірі аталмай қиылған неке дұрыс саналады. Бірақ некені қиған сәтте мәһр беру міндеті жүктеледі. Тіпті ерлі-зайыптылар мәһр бермеуге келіскен болса да, оны күйеуі беруі тиіс.
Неке қиып жатқан сәтте мәһрді атап өту – сүннет. Өйткені неке қию барысында оны атап өту нәпсіге жақсырақ әрі талас-тартыстан алшақтатады. Мәһрді неке уақытында және кешіктіріп беруге де, сонымен қатар бөліп төлеуге де рұқсат. Ханафи мәзһабы бойынша мәһр заттай не ақшалай берілуі керек. Арты дауға ұласпауы үшін заттың түрі, құны секілді ерекшеліктері нақтылануы тиіс.
Мәһрдің ең жоғарғы өлшеміне ешқандай шектеу қойылмаған. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 20-аятында: «Олардың біріне мол мәһір берген болсаңдар, одан ештеңе де қайтарып алмаңдар», – дейді. Ал мәһрдің ең аз мөлшері – Ханафи мәзһабы бойынша он дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған.
ҚМДБ Ғұламалар кеңесінде мәһрдің ең аз мөлшері 4,25 грамм алтынмен есептелетіні жайлы пәтуа қабылданды. Мәһрдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны сол мөлшерге толтыру керек.
Пікір қалдыру