«ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» МЕШІТІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БІРКҮНДІК ЖАЛАҚЫЛАРЫН АЯГӨЗ ХАЛҚЫНА АУДАРДЫ (ФОТО)

Бүгін Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті қызметкерлері табиғат апатынан тұралап қалған Аягөз халқына жәрдем ниетінде біркүндік жалақыларын арнайы есепшотқа аударды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асқан игі жобаға мешіт қызметкерлері бірауыздан қолдау танытып, табиғат апатынан зардап шеккен Аягөз халқына жәрдемдесудің басқа да жолдарын қызу талқылады.

Тасыған судың құрбанына айналып, қиыншылыққа душар болған Аягөз халқына еліміздің барлық өңірінен жанашырлық танытып, жылу жинап жатқандардың қатары күн санап көбейіп келеді. Аузымен су тасыған қарлығаштай зардап шеккен жұртқа жәрдемдесуге құлшынғандар үшін қазіргі таңда арнайы есепшот ашылып, ел арасында қайырымдылық шаралары көптеп ұйымдастырылуда. Осы жайттарды ескерте өткен Наиб мүфти алдағы апта ішінде мешіт жамағаты арасында «Астана асары» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, гуманитарлық көмек жеткізу жоспарын бекітті.

Мешіт қызметкерлерімен өткен жиналыс соңы Аягөз халқы үшін жасалған дұғамен аяқталды. Алла Тағала Аягөз халқына сабыр мен шыдам беріп, қиыншылықты тез арада еңсеруді нәсіп еткей!

Шот реквизиттері:
ОФ «Аягөз Болашақ»
БИН 110740000641
БИК KZKOKZKX
KБE 18

Ағымдағы есепшот KZ279260301178000004 KZT
«Казкоммерцбанк» АҚ бөлімшесі