ҚЫЗ БАЛАҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТСАҢЫЗ

Қыз баласын тәрбиелеп отырсыз ба? Ендеше, сіз ең бақытты жансыз!

Әз елшінің ﷺ қыз балаға қамқорлық таныту жайлы сөз қылған хадистері көңілге қанат бітіреді әрі естіген жан қыз балаға қамқор болуға асығады. Құдай Тағала қыз баланы үлкен сауапқа толы қазына әрі береке бастауы етіп жібереді. Егер сіз өзіңіздің қызыңызға мейірімділік, қамқорлық танытып, үнемі аялап әрі пайдалы білім берген болсаңыз, Алла қаласа жұмақтық боласыз.

Қыз баланың өмірге келуі ұят болып саналған заманда оларды тіпті тірідей көмген еді. Осындай жан түршігерлік қағиданы түзету үшін Алла Тағала Өзінің Пайғамбарын ﷺ жіберді.

Төменде келтірілген хадистер сол замандағы қайғылы дәстүрмен қош айтысуға үндеу болған болатын. Дегенмен де қазіргі таңда бұл хадистердің құны тіптен жоғары десек артық айтпаған боламыз.

Егер қызға қамқорлық танытсаңыз,

СІЗДІ ЖӘННАТ КҮТЕДІ

Абдуллах ибн Аббас Пайғамбарымыздың ﷺ:

«Қызы бола тұра оны тірідей жерге көмбеген, оны масқараламаған және қызынан ұлын артық көрмеген адамға Алла Тағала жәннаттан орын береді», -деп айтқанын жеткізеді.

Жәбир ибн Абдулла болса:

«Кімде-кім үш қыздың әкесі болса, сондай-ақ оларға мейірімділік көрсетіп, қамқорлық жасаса, аялап өсіріп, тұрмысқа берсе ол кісіге жәннатқа кіру міндет болып қалады. Ол кісіден ﷺ: «Егер оның екі қызы болса қалай болады?»,-деп сұрағанда Алла Елшісі ﷺ: «Екі қызы болса да (жәннатқа кіреді)»,-деп жауап берді деген хадисті жеткізген.

ТОЗАҚ ОТЫНАН ҚОРҒАН

Айша анамыз былай дейді:

«Бірде маған екі қызын жетектеген бір әйел келді, оған үш тал құрма бердім. Ол әлгі құрманы екі қызына ұстатып соңғысын аузына сала бергенде қыздары тағы да сұрады. Сонда әлгі әйел құрманы екеуіне теңдей бөліп берді. Мен бұл әйелдің ісіне қайран қалып Алла Елшісіне ﷺ келіп болған жайды баяндап бердім. Сонда Ол: «Расында, осы амалы үшін Алла Тағала оны тозақ отынан азат етті»,– деді.

Уқба ибн Амр Алла Елшісінің ﷺ:

«Кімде-кімнің үш қызы болып, оны өз адал еңбегімен асырап, (тәрбиесіне) сабырлық танытса, бұл ісі оның тозақ отына қалқан болады»,- деп айтқанын естіген екен.

ПАЙҒАМБАРҒА ЖАҚЫН БОЛАСЫЗ

Саңлақ сахаба Анас Пайғамбарымыздың ﷺ :

«Кімде-кім екі не үш қызын қамқорлықпен бойжеткізген болса, ол кісімен жәннатта дәл осындай күйде боламын»-деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын біріктіргенін жеткізген.

Бұл қыз балаға Ислам дінінің көрсеткен құрметі мен мейірімінің мысалдары ғана. Қыз балаға жасалған қамқорлық деген сөз сан қырлы сипатқа ие. Оның ішіне қыз баласының физикалық, эмоциялық әрі оның сана-сезіміне қатысты талаптар кіреді.

Біздің қыз баламыз дәл осындай «кешенді қамқорлыққа» лайықты. Ардақты Елші ﷺ бізге мейірімді, сабырлы әрі қамқор ата-ана болуды өсиет еткен.

Олай болса, қыз баламыз барда біз бақыттымыз әрі мейірім назарындамыз!