АС ІШУ ӘДЕБІ | жұма уағызы

 

الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالْعَاقِبَةُ لِلْمُتَّقِينَ، وَلَا عُدْوَانَ إِلَّا عَلَى الظَّالِمِينَ، وَأَشْهَدُ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللهُ، وَحْدَهُ لَا شَرِيكَ لَهُ، لُهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ، وَهُوَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِير،وَأَشْهَدُ أَنَّ سَيِّدَنا وَحَبِيبَنَا وَشَفِيعَنا مُحَمَّدًا صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ  ، وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ، وَمَنْ سَارَ عَلَى نَهْجِهِ، إِلَى يَوْمِ الدِّينِ،

Ислам бізге тек құлшылықты ғана үйретіп қоймастан, күнделікті тұрмыс тіршіліктегі әрекетімізді, ішіп жеуге қатысты әдебті де үйретті. «Ас адамның арқауы» демекші тіршілік үшін адам ішіп-жеуге тәуелді. Онсыз мүмкін емес. Алайда мұсылман адам алдына келгенді, қолына түскенді жей алмайды. Әуелі астың адал әрі таза болуы қажет екенін Алла бізге әмір еткен. Дінімізде күнделікті ішетін асымыздың өзіндік әдебі бар екенін Алла Елшісі ﷺ бізге үйретіп кетті. Қазақ халқы осы әдептерді дәстүрге айналдырып, өміршең ете білді. Сондықтан бізге өзге мәдениеттің ас ішу әдебіне еліктейтіндей қажеттілік жоқ. Енді осы әдептерге кезегімен тоқталайық.

Ас ішер алдында «Бисмиллә» сөзін айту: әуелі мұсылман адам күнделікті өмірінде алдына ас келгенде немесе ұсынылған қандай да бір тағамды жеместен алдын «Бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) деп айтуы тиіс. Ішіп-жеп болған соң «әлһамдулилләһ» (Аллаға шүкір) деп айту сүннет. Себебі ардақты Пайғамбарымыз ﷺ өсірген перзенті Омар б. Әбу Сәләмәға (р.а.): «БаламБисмиллә айт. Оң қолыңмен же. Әрдайым алдыңнан же»[1], – деп тәрбие берген.

Жалпы «бисмилләһир-рахманир-рахим» (Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын) сөзін айтудың артықшылығы көп. Қандай да бір істі жасар алдында «бисмиллә» сөзін айтып бастаса, ісі оңға басып, берекелі болмақ. Сондай артықшылықтың бірін мысал ретінде айтар болсақ, күнделікті тіршіліктегі әрекетіміздің бірі үйге келгенде, үйге кірерде бисмиллә сөзін айту. Кім осы сөзді айтса, өзімен бірге келген шайтан үйге бірге кірмейді. Айтпаса өзімен бірге үйге кіретін болады. Шаңырағына кіріп, асқа отырғанда бисмилә сөзін айтса, шайтан ол жерден қашады, айтпаса, өзімен бірге ас ішетін болады. Ал төсегіне жатар сәтте бисмиллә сөзін айтса, шайтан ол үйден қашады. Айтпаса сол үйде түнейтін болады.

وعن عائشة رَضِيَ اللّهُ عَنْها قالت: قال رسُولُ اللّهِ ) ( إذَا أكَلَ أحَدُكُمْ طَعَاماً فَلْيَقُلْ بِسْمِ اللّهِ، فَإنْ نسِىَ في الْاَوَّلِ فَلْيَقُلْ فِي الْاَخِرِ، بِسْمِ اللّهِ في أوَّلِهِ وَآخِرِهِ. أخرجه أبو داود والترمذي .

Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﷺ: «Қайсы бірің тамақ жеген кезде бисмиллә айтсын. Егер тамаққа бастар кезде бисмиллә айтуды ұмытып кетсе, есіне түскен кезде бисмилләһи әууәләһу уә аһирәһу – басынан соңына дейін бисмиллә десін», – деген[2]. Демек ұмытқан адам «Бисмилләһи әууәләһу уә аһирәһу» – «басынан соңына дейін бисмилләһ» деу керек екен. Бисмиллә айтпай ас ішу шайтанның бірге ас ішуіне жол ашса, әрі астың берекесін кетіретін болады. Мына бір хадиске назар салсақ, бисмилләсіз ас ішу тағамның берекесін кетіретінін ескертеді:

وعنها رَضِيَ اللّهُ عَنْها قالت: كَان رَسُولُ اللّهِ ) ﷺ (: يَأكُلُ طَعَاماً في سِتّةٍ مِنْ أصْحَابِهِ، فَجَاءَ أعْرَابِىٌّ فَأكَلَهُ بِلُقْمَتَيْنِ، فقَالَ ) ﷺ ( : أمّا إنَّهُ لَوْ سَمّى لَكَفَاكُمْ. أخرجه الترمذي .

Айшадан (р.анһа) риуаят бойынша, Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан алты кісімен бірге тамақ ішіп отыр еді. Бір бәдәуи келді де (бисмиллә айтпастан) екі түйір асты жұтып жібереді. Алла Елшісі ﷺ: «Егер бұл адам бисмиллә айтқанда, тамақ бәрімізге жетер еді», – дейді[3].

Асымыздың берекелі болуы үшін отбасымызбен бірге немесе қызметтегі ұжымдастармен, ағайынмен отырып ішуді әдетке айналдырған жөн. «Ағайынмен ішкен ас тәтті» деп сол үшін айтылса керек. Әрине жалғыз адам жеке тамақтануына болады. Бұл мүмкіндік пен жағдайға қарай тамақтануға болатын мәселе. Мына бір оқиға осындай берекелі ас жайында хабар береді:

وعن وحشى بن حرب عن أبيه عن جده وحشى بن حرب الجبشى: أنَّ أصْحَابَ رَسُولِ اللّهِ ) ( قالُوا: يَا رسُولَ اللّهِ إنَّا نَأكُلُ وَلَا نَشْبَعُ، قالَ: فَلَعَلَّكُمْ تَفْتَرِقُونَ؟ قَالُوا: نَعَمْ. قالَ: فَاجْتَمِعُوا عَلى طَعَامِكُمْ، وَاذْكُرُوا اسْمَ اللّهِ عَلَيْهِ يُبَارَكْ لَكُمْ فِيهِ. أخرجه أبو داود.

Уаһши б. Харбтен риуаят бойынша Алла Елшісінің ﷺ сахабалары былай деді: «Ей, Алланың Елшісі! Біз жейміз, бірақ бір түрлі тоймаймыз». Пайғамбарымыз ﷺ: «Жеке жеке тамақ ішесіңдер ме?» – дегенде олар: «Иә», – деп жауап берді. Алла Елшісі ﷺ: «Олай болса, тамақ ішу үшін бірге жиналыңдар және Алланың есімін айтып бастаңдар. Солай етсеңдер астарың берекелі болады», – деді[4].

Астан кемшілік іздемеу: адам қонаққа шақырылса, Пайғамбар ﷺ хадисіне сай берілген астан кемшілік іздемей, асты таңдамау керек. Алла Елшісі ﷺ аста ешқашан кемшілік іздемейтін. Тәбеті болса ішіп жейтін, тәбеті болмаса, жемейтін еді[5]. Атақты хадисте:

 لَوْ دُعِيتُ إِلى ذِراعٍ أَوْ كُراعٍ لَأَجَبْتُ ، وَلَوْ أُهْدِيَ إِليَّ ذِرَاعٌ أَوْ كُراعٌ لَقَبِلْتُ 

«Мені қойдың жамбас етін пісіріп шақырса да сирағын асып шақырса да жауап берер едім және сыйға тартылса, қабыл етер едім.»[6] деген екен.

Бұл жерде «курағ» еті жоқ құр сүйекті айтып отыр.

Бейтаныс адамды қонақ ету: шариғатта мұқтаж жанды тамақтандыру, қонақ ету сауапты амал. Қонақ етер адамды танысын, танымасын айырмашылық жоқ. Бабаларымыз заманында «Қырықтың бірі қыдыр, мыңның бірі уәли» деп, бейтаныс қонақты «Құдайы қонақ» ретінде сыйлаған, барын алдына қойып, қонақ еткен. Бірде сахабалардың бірі Алла Елшісін ﷺ жанындағы төрт адаммен бірге қонаққа шақырады. Қонаққа бара жатқанда бөгде бір адам олардың артынан ілесіп келеді. Шақырған сахабаның үйінің алдына барғанда Алла Елшісі ﷺ үй иесіне: «Бұл кісі біздің артымыздан ілесіп келді. Қаласаң кіруіне рұқсат бер, қаламасаң кері қайтар», – дегенде үй иесі: «Жоқ, ей, Алланың Елшісі, оған рұқсат беремін», – деп бейтаныс адамды да қонақ етеді[7].

Асты оң қолмен жеу: шариғат бойынша мұсылман адам сол қолымен ішіп-жеуіне болмайды. Олай жасауы мәкрух. Әрине мүгедектік, науқастық секілді үзірлі жағдайдағы жанға мүмкіндігіне қарай ас ішуге рұқсат етіледі. Мұндай тыйым дені сау мұсылман үшін айтылған. Мәселеге  қатысты ардақты Пайғамбарымыз ﷺ бір хадисінде былай деген:

عن ابن عمر رَضِيَ اللّهُ عَنْهما قال: قال رسولُ اللّهِ )(: لَا يَأكُلَنَّ أحَدُكُمْ بِشِمَالِهِ وَلَا يَشْرَبَنَّ بِهَا، فإنَّ الشَّيْطَانَ يَأكُلُ بِشِمَالِهِ وَيَشْرَبُ بِهَا. أخرجه مسلم ومالك وأبو داود والترمذي .

«Сендерден ешбірің сол қолымен ішіп-жемесін. Өйткені шайтан сол қолымен ішіп-жейді»[8].

Бір адам Алла Елшісінің ﷺ жанында отырып, сол қолымен ас ішеді. Алла Елшісі ﷺ оған: «Оң қолыңмен же», – дейді. Әлгі адам: «Істей алмаймын», – деп жауап қатады. Алла Елшісі ﷺ: «Істей алмай қал», – деп реніш білдіреді. Негізінен ол адам тәкаппарлығы мен қырсықтығынан осылай жауап қатқан еді. Пайғамбарымыздың ﷺ айтқан реніш сөзінен кейін әлгі адам қолын аузына апара алмай қалады.

Асты алдынан жеу: көпшілікпен бірге ас ішкенде әдептілік сақтаған жөн. Табақтың ортасынан емес, өз алдынан ас жеу әдептілікке жатады. Алла Елшісі ﷺ бір хадисінде: «Берекет астың ортасына түседі. Сол үшін табақтың ортасынан емес, шетінен бастап жеңдер», – деген[9].

Ораза ұстағанның қонаққа баруы: кейде нәпіл ораза ұстаған бауырын досын, жолдасын білместіктен қонаққа шақырып жатады. Шақыруын қабыл етсе, аузы берік, бармайын десе көңілін қимайды. Мұндай жағдайда мына бір хадиске сәйкес амал етуіне болады.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ былай дейді: «Біреуіңді асқа шақырса барсын. Егер ораза болса, ас иесіне дұға етсін, ораза болмаса асын ішсін»[10].

Сусын ішу әдебі: Адам баласы қалайша ас ішпей өмір сүре алмаса, су ішпей мүлде тіршілігін жалғастыра алмайды. Дінімізде ас ішудің әдебі болғандай, су ішудің де өзіндік әдебі бар. Су ішерде бисмиллә айту, бір деммен ішпеу, тұрып ішпеу, ішіп тұрған ыдысына дем шығармау секілді ережелерді ескеруіміз қажет.

 عن ابن عباس رَضِيَ اللّهُ عَنْهما قال: قالَ رسولُ اللّهِ )(:لَا تَشْرَبُوا وَاحِداً كَشُرْبِ الْبَعِيرِ، وَلكِنِ اشْرَبُوا مَثْنى وَثُلَاثَ، وَسَمُّوا اللّهَ تَعالى إذَا أنْتُمْ شَرِبْتُمْ، وَاحْمَدُوا اللّهَ إذَا أنْتُمْ رَفَعْتُمْ. أخرجه الترمذي .

Абдуллаһ б. Аббастан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ былай деді: «Суды түйе секілді бір деммен ішпеңдер. Екі, үш деммен ішіңдер. Бітірген соң Аллаға шүкір етіңдер»[11].

وروى الخمسة إ النسائى عن أنس رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: كانَ النَّبىُّ ) ( يَتَنَفَّسُ ثَلَاثاً.وزاد مسلم والترمذي ويقول: إنَّهُ أرْوَى وَأبْرَأُ وَأمْرَأْ .

Әнәстің (р.а.) хабар беруі бойынша Алла Елшісі ﷺ суды үш деммен ішетін. Алла Елшісі ﷺ (суды үш деммен ішудің) тойымды, (аурудан) қорғаушы әрі тәбетті болатынын айтқан[12].

Пайғамбар ﷺ бұйырған екі, үш деммен ішудің мақсаты бір-екі жұтым ішіп, ыдысты аузымыздан алыс ұстап, тыныс алып, сосын қайта ыдыстан бір-екі жұтым ішіп қайта тоқтап, ыдысты алыстатып, тыныс алу керек. Содан кейін үшінші рет шөлі қанғанша ішуіне рұқсат. Міне осылай ішкен жағдайда денсаулыққа пайдалы әрі тойымды екенін білдіреді. Расында да осылай су ішілгенде өкпемізге қажетті ауа барып, бірқалыпты жұмыс істеуіне кедергі болмайды әрі ауыздағы сілекеймен араласып, асқазанның дұрыс жұмыс жасауына пайдасы болмақ.

وعن أبى قتادة رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قالَ رَسُولُ اللّهِ )(: إذَا شَرِبَ أحَدُكُمْ فَلاَ يَتَنَفَّسُ في الْاِنَاءِ

Әбу Қатададан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ былай деген: «Сендерден кім су ішетін болса, ыдысқа тыныс алмасын»[13].

Аталмыш хадистегі тыйым адам су ішкен кезде ыдысқа қарап тыныс алмауын, демін шығармауын ескертеді. Көпшілік қолданатын ыдыстан бұлай су ішу кезінде дем шығару сәтінде аузымыз бен мұрнымыздан өзгелер жиіркенетіндей зат шығып кетуі мүмкін. Сонымен қатар бір деммен тоқтамай ішу жануарларға тән әдет. Ал біз саналы адам баласымыз.  Егер өз үйіңізде, өз ыдысыңызбен жеке өзіңіз ішсеңіз де, әдептен аспаған жөн. Бұл сүннет амал, орындау сауапты іс.

Тұрып су ішу: ішіп-жеуге қатысты хадистерде ыдыс ішіне тыныс алуға, үрлеуге және сынық ыдыстан су ішуге тыйым салғанын білеміз. Сондай тыйымдар қатарына тұрып ас-су ішуді де жатқызамыз. Бірақ тұрып ас-су ішу харам амалға жатпағанымен мәкрух іс-әрекет болмақ. Мұсылман адам сүннетке сай отырып ішіп-жегені дұрыс.

وعن أبى هريرة رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قالَ رَسُولُ اللّهِ  )(:لَا يَشْرَبَنَّ أحَدُكُمْ قَائِماً

Әбу Һурайрадан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ:   «Сендерден бірің аяқта тұрып ішпесін», – деген[14].

Әнәс б. Маликтен (р.а.) риуаят бойынша: «Алла Елшісі ﷺ аяқта тұрып ішуге тыйым салды», – дейді. Сонда оған: «Тамақтану ше?» – деп сұралады. Ол: «Бұл одан да бетер тыйылған», – деп, артынан: «Бұл одан да жаман, одан да лас», – деп жауап қатады[15].

Алтын, күміс ыдыспен ас ішу: дінімізде мұсылман адамға алтын, күмістен жасалған ыдыспен ас-су ішуіне тыйым салынған. Пайғамбарымыздың ﷺ бұған қатысты мына хадистерін келтіріп өтелік:

«Күміс ыдыстан су ішкен адам қарнын тозақ отымен толтырады деген сөз»[16].

«Алтын мен күміс ыдыстардан ішпеңдер, алтын мен күміс ыдыстардан тамақ жемеңдер. Өйткені олар бұл дүниеде олардыкі (мүшриктер), ақыретте болса сендердікі»[17].

Оң тараптан бастау сүннет амал. Киім кигенде, мешітке кіргенде оң жақтан бастау қалайша сүннет болса, бір ыдыстан кезекпен ішілетін жағдайда да, оң жақта тұрғанға ыдысты ұсыну сүннет. Мәселен, әрбір адамға жететіндей ыдыс болмай, тек бір ыдыстан ішу керек болса, әуелі бастап ішкен жан оң жағында тұрған адамға ыдысты беруі сүннет. Ол адам да өзінің оң жағында тұрғанға кезегімен ыдысты беруі тиіс.

عن أنس رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: أُتِىَ النَّبىُّ )(  بِقَدَحِ لَبَنٍ قَدْ شِيبَ بِمَاءٍ فَشَرِبَ، وَعَنْ يَسَارِهِ أبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللّهُ عَنْه، وَعَنْ يَمِينِهِ أعْرَابِىُّ، فَأعْطى الاَعْرَابىَّ فَضْلَهُ، وَقَالَ الاَيْمَنُ فَالاَيْمَنُ. أخرجه الستة إ النسائى .

Әнәстен (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісіне ﷺ бір шыны сүт әкеледі. Оның ішіне су қосады да ішеді. (Оның) солында Әбу Бәкір (р.а.) бар еді. Ал оңында бір бәдәуи отырды. Сүттен артылғанын бәдәуиге беріп: «Алдымен оңға, сосын оның оңына», – деп[18] кезек иесінің оң жақтағы адам екенін үйретеді.

Астан алдын және кейін қол жуу: мұсылман баласына ас ішпестен алдын және ас ішкен соң қолын жууы сүннет. Біздің дәстүрімізде бұл әдеб көнеден қалыптасып, күнделікті тіршілігімізде жасап жүрген амалымыздың біріне айналған. Дәстүріміз бойынша әдетте жасы кіші адам немесе жас балалар тамақтан алдын және кейін үйге келген қонақтың қолына су құяды әрі қонақтың батасын алады. Астан алдын және кейін қол жууға қатысты хадисте былай делінеді:

عن سلمان رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قَرَأتُ فِي التَّوْرَاةِ  إنَّ بَرَكَةَ الطَعَامِ الْوُضُوءُ بَعْدَهُ فَذَكَرْتُ ذلِكَ لِرَسُولِ اللّهِ )(  فقَالَ: بَرَكَةُ الطَّعَامِ الْوُضُوءُ قَبْلَهُ وَالْوُضُوءُ بَعْدَهُ . أخرجه أبو داود والترمذي.

Сәлман (р.а.) жеткізген хадисте: «Мен тауратты оқыдым. Тағамның берекесі астан кейін қол жууда» деген. Мұны мен Алла Елшісіне ﷺ айттым. Ол былай деді: «Тағамның берекесі астан алдын және кейін қолды жууда»[19].

وعن أبي هريرة رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قال رَسُولُ اللّهِ )( : إنَّ الشَّيْطَانَ حَسَّاسٌ لَحَّاسٌ فَاحْذَرُوهُ عَلى أنْفُسِكُمْ مَنْ بَاتَ وَفِى يَدِهِ غَمَرٌ فَأصَابَهُ شَىْءٌ فَلاَ يَلُومَنَّ إلَّا نَفْسَهُ. أخرجه أبو داود والترمذي

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша Алла Елшісі ﷺ: «Шайтан әлбетте сақ, өте сақ. Өздеріңді одан қорғаңдар. Кімде кім қолы тамақ (ет) сасыған күйінде ұйықтайтын болса, содан кейін бір нәрсеге ұрынса, өзінен басқасын кінәламасын», – деген[20].

Тағамды аз жеу: мұсылманға жарасатын амалдың бірі құлшылығы мен тіршілігінде сергек әрі мықты болуы үшін аз тамақтану болмақ. «Тоқ адамды ұйқы басады, аш адамнан ұйқы қашады» демекші тоқ адамның нәпсісі жалқаулыққа, күнәға, әдепсіздікке, тәкаппарлыққа, дүниемен жарысуға итермелеуі мүмкін. Шайтан ондай жанға өте жақын болады. Егер шайтан ондай жанға үстемдік етсе, адам күнәлі істі шімірікпестен жасайтын болады. Сондықтан бабаларымыз «Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деп бекер айтпаған. Мұсылман адам әдепке сәйкес ішіп жейтін асын тойып жемегені дұрыс. Артық ішіп-жеу семіздікке ұрындырары анық. «Тамақ ішсең тоқ боласың, артық жесең доп боласың» деген сөз осындайда айтылса керек.

وعن المقدام بن معدى كرب رَضِيَ اللّهُ عَنْه قال: قال رسولُ اللّهِ )( : مَا مَلأَ آدَمِىُّ وِعَاءً شَرّاً منْ بَطْنٍ، بِحَسَبِ ابنِ آدَمَ لُقَيْمَاتٌ يُقْمِنَ صَلْبَهُ، فَإنْ كَانَ لَا مَحَالَةَ فَاعِلاً، فَثُلُثٌ لِطَعَامِهِ، وَثُلُثٌ لِشَرابِهِ، وَثُلُثٌ لِنَفَسِهِ. أخرجه الترمذي.

Миқдам б. Мағдикарибтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі ﷺ былай деді: «Адамбаласы асқазаннан да жаман бір ыдысты толтырған емес. Адамбаласына белін көтеруге жетерлік бірнеше үзім ас жеткілікті. Егер қарынды тойдыру керек болса, онда үшке бөлсін: үште бірін тамақ үшін, үште бірін сусын үшін, үште бірін нәпсісіне (ауаға) қалдырсын»[21].

Артық тамақ семіздікке, қала берсе ауруға ұшырататыны белгілі. 2017 жылы жер бетінде аштықтан қайтыс болғандарға қарағанда семіздіктен қайтыс болған адамның саны көп болған. Әлем жұртышылығы соңғы уақытта семіздікпен күресуде. Семіздік дертіне шалдыққан елдердің қатарына біздің елімізде кіргені өкінішті-ақ. Бұл жердегі мәселе болмыс бітімі ірі жандар мен үзірлі жағдайдан туындаған семіздік емес артық ішіп-жеуден туындаған семіздік өзекті болуда.

Бұрын семіздік Еуропа мен Америка елдеріне ғана тән мәселедей көрінетін. Алайда қазір артық салмақ біздің елімізді де, соның ішінде балаларды да айналдыра бастады. Айталық, әлемде 1-5 жас аралығындағы 41 миллион бала семіздікке шалдықса, Қазақстанда әр бесінші бала артық салмақтан зардап шегуде[22].

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2017 жылғы мәліметі бойынша, қазақстандықтардың 25 пайызға жуығы семіздікпен ауырады.

Мамандар артық салмақ жинаған азаматтар саны соңғы жылдары жылдам өсіп келе жатқанын айтып дабыл қағуда. Мәселен, ресми деректер бойынша, семіздікке шалдыққандар саны 15 жылда 10 пайыздан 15 пайызға көбейсе, семіздіктен сырқаттанған қазақстандықтардың үлесі 15 пайыздан 20 пайызға жеткен. Қазақстан бірнеше жылдан бері Орталық Азияда семіздік бойынша бірінші орында. Елдегі әрбір төртінші ер адамда артық салмақ бар және олардың семіздігі әлемдегі орта шамадан екі есе жиі кездеседі екен[23].

Сол үшін бабалырымыз өз заманында: «Ауру астан, дау қарындастан», «Ас ішіп ауырғанша, аш болып сау жүр» деген. Сонымен қатар дінімізде артық тамақ ішіп керкіргенді дұрыс көрмейді. Артық тамақ ішу ақыретте өкінішке жетелейтін амал екенін ескертеді. Жәй кекіру немесе науқастың кекіруі бұл тақырыпқа қатысы жоқ.

 وعن بن عمر رَضِيَ اللّهُ عَنْهما قال: تَجَشَّأَ عِنْدَ النّبىِّ )(  فقَالَ: كُفَّ عَنَّا جُشَاءَكَ، فَإنَّ أكْثَرَ النَّاسِ شِبَعاً في الدُّنْيَا أطْوَلُهُمْ جُوعاً يَوْمَ الْقِيَامَةِ. أخرجه الترمذي .

Абдулла б. Омар (р.а.) былай дейді: Бір адам Пайғамбарымыздың ﷺ қасында кекіреді. Сонда Алла Елшісі ﷺ оған: «Кекірігіңді бізден алыс ұста. Расында дүниеде адамдардан ең көп тойғандар, қиямет күні аш қалатындардан болады», – дейді[24].

Тамақтан кейін дұға ету: ардақты Пайғамбарымыз ﷺ ішіп-жеп болған соң Алланың берген нығметіне, ризығына шүкірлік етіп көп дұға жасайтын. Сол себепті мұсылман баласы ас ішіп болған соң, өзіне ризық берен, ішкізіп-жегізген Аллаға шүкір етуі тиіс. Діні мен дәстүрін сабақтастыра білген бабаларымыз дастарханнан тұрмас алдын ас қайтарып, бата жасауды әдетке айналдыра білген.

 Ішіп-жеп болған соң айтылатын дұғалар қатарында мына бір дұға кеңінен тараған:

اَلْحَمْدُللهِ الَّذيِ اَطْعَمَنَا وَ سَقَانَا وَ جَعَلَنَا مِنَ الْمُسْلِمِينَ

«Бізді ішкізіп, жегізген және мұсылман еткен Аллаға шүкір»[25].

Әнәс б. Маликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі ﷺ былай дейді: «Тамағын ішіп болған соң былай дұға еткен адамның өткен күнәлары кешіріледі: жұмсалған күш пен қуат маған тиесілі болмағанымен осы нығметті маған жегізген, маған рызық ретінде берген Аллаға мақтау болсын» (Тирмизи, Дағуат 56; Әбу Дауд, Либас 1).

Уағыздан алынар тағылымдар:
  • Ас ішер алдында «Бисмиллә» сөзін айтып, кейін дұға жасаудың абзалдығы;
  • Астан кемшілік іздемеу;
  • Таныған, танымаған адамды қонақ қылу үлкен сауап;
  • Ас ішу әдептерін сақтау;
  • Тамақты рәсуә етуден аулақ болу;
  • Тамақты аз жеу – сүннет;

Қадірменді бауырлар. Артық тағам мен әдепсіз қылықтардан бойды аулақ ұстап, дені сау, сергек жүретін, құлышылығына аса мән беретін мұсылман  болу үшін ас ішу әдебін күнделікті өмірімізде дұрыс жүзеге асыра білейік.

اللَّهُمَّ لَا تَدَعْ لَنَا ذَنْبًا إِلَّا غَفَرْتَهُ وَلَا هَمَّا إِلَّا فَرَّجْتَهُ وَلَا دَيْنًا إِلَّا قَضَيْتَهُ وَلَا حَاجَةً مِنْ حَوَائِجِ الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ إِلَّا قَضَيْتَهَا يَاأَرْحَمَ الرَّاحِمِينَ *

رَبَّنَا آتِنَا فِي الدُّنْيَا حَسَنَةً وَفِي الْآخِرَةِ حَسَنَةً وَقِنَا عَذَابَ النَّارِ وَصَلَّى اللهُ عَلَى سَيِّدِنَا وَنَبِيِّنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَأَصْحَابِهِ الأَخْيَارِ وَسَلَّمَ تَسْلِيمًا كَثِيراً.


[1] Бухари, Әтиғмә 2; Муслим, Әшриба 108

[2] Әбу Дауд, Әтиғмә 16; Тирмизи, Әтиғмә 47

[3] Тирмизи, Әтиғмә 47

[4] Әбу Дауд. Әтиғмә 15

[5] Бухари, Мәнақиб 23; Муслим, Әшриба 187, 188

[6] Бұхари хадистер жинағы

[7] Бухари, Буюғ 21. Мәзалим 14

[8] Муслим, Әшриба 106; Әбу Дауд, Әтғимә 20

[9] Әбу Дауд, Әтғимә 17; Тирмизи, Әтғимә 12

[10] Муслим, Никаһ 106; Әбу Дауд, Әтиғмә 1

[11] Тирмизи, Әшрибә 13

[12] Муслим, Әшрибә 121; Тирмизи, Әшрибә 13

[13] Бухари, Әшрәбә 25; Муслим, Тахарат 64, Әшрибә 121

[14] Муслим, Әшриба 116

[15] Муслим, Әшрибә 113; Тирмизи, Әшрибә 11

[16] Бухари, Әшрибә 28; Муслим, Либас 1

[17] Бухари, Муслим риуаяты

[18] Бухари, Хибә 4, Әшрибә 14; Муслим, Әшрибә 124

[19] Әбу Дауд, Әтғимә 12; Тирмизи, Әтғима 39

[20] Тирмизи, Әтғимә 48; Әбу Дауд, Әтғимә 54

[21] Тирмизи, Зуһд 47

[22] https://egemen.kz/article/161549-qazaqstanda-ar-besinshi-bala-semizdikke-shaldyqqan

[23] https://baq.kz/kk/news/ult_sauligi/kazakstan_semizdik_boiinsha_birinshi_orinda20170729_121300

[24] Тирмизи, Қиямат 38 (2480)

[25] Ибн Мажа; Әбу Дауд