Құрметті жамағат! Ислам діні адамның дүниелік һәм ақыреттік мүдделерін толық қорғайды. Шариғатта ата-ананың балаларының алдындағы және балалардың ата-аналары алдындағы міндеттері бар. Баланың жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие алуына дініміз ерекше маңыз береді. Себебі, бүгінгі жас елдің ертеңгі болашағы, үкілеген үміті.
Парасатты, ізгі тәрбие және тәрбиенің кемелдігі неден басталмақ? Бұл ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы демек – жас кезінен анаша, есірткі, сыра, арақ, темекі, зинақорлық секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы. Әдепті болу, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсету деген сөз. Міне, мұндай ұрпақ – Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші.
Ақиқатында, балаға берілетін тәрбиенің ең бастысы – имандылық тәрбиесі. Өйткені бұл ата-ананың баласының алдындағы ең алғашқы міндеті. Жаратқан Иесі жайлы танымды үйрету, шынайы мұсылман болып өсуіне жағдай жасау басты мақсат. Бұл жайында Құран Кәрімде былай бұйырылған:
﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَاراً وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ﴾
Осы аяттағы құтқарудың мағынасын Әли ибн Әбутәліп (р.а.): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар», – деп түсіндірген. Ал Хасан Басри: «Аллаға мойынсұнуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер», – деген.
Балаға жақсы тәрбие беру туралы Пайғамбарымыздың ﷺ мынадай өсиет-хадистері бар.
رَوَى الحَاكِمُ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اِفْتَحُوا عَلَى صِبْيَانِكُمْ أَوَّلَ كَلِمَةٍ بِلا إِلَهَ إِلَّا اللهُ وَلَقِّنُوهُمْ عِنْدَ المَوْتِ لَا إِلَهَ إِلَّا الله».
Хакимнің Ибн Аббастан риуаят еткен хадисінде Пайғамбар ﷺ: «Сәбилеріңнің алғашқы сөзін «Лә иләһә иллалламен» ашыңдар және өмірден өтер алдында оларға «Лә иләһә иллалла» сөзін айту керектігін үйретіңдер»,[2] – деген.
فِي الْمُسْنَدِ وَسُنَنِ أَبِي دَاوُدَ مِنْ حَدِيثِ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مُرُوا أَبْنَاءَكُمْ بِالصَّلَاةِ لِسَبْعٍ وَاضْرِبُوهُمْ عَلَيْهَا لِعَشْرٍ وَفَرِّقُواْ بَيْنَهُمْ فِي الْمَضَاجِعِ».
Имам Ахметтің Муснәд және Әбу Дәуіттің Сүнән кітаптарында Амр ибн Шұғайыптың әкесінен, әкесі атасынан риуаят еткен хадисінде Алланың елшісі ﷺ: «Балаларыңа жеті жастан намаз оқуға бұйырыңдар, ал он жаста ұрып оқытыңдар да төсектерін бөлектеңдер», – деген.
قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِأَسْمَاءَ بِنْتَ أَبِي بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «يَا أَسْمَاءُ إِنَّ الْمَرْأَةَ إِذَا بَلَغَتْ الْمَحِيضَ لَمْ تَصْلُحْ أَنْ يُرَى مِنْهَا إِلا هَذَا وَهَذَا (وَأَشَارَ إِلَى وَجْهِهِ وَكَفَّيْهِ)».
Алланың Елшісі ﷺ бірде Әбу Бәкір қызы Әсмаға (р.а.): «Уа, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды», – деп, қолдары мен жүзіне ишарат еткен [3].
عَنْ جَابِرِ بْنِ سُمْرَةَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لِأَنْ يُؤَدِّبَ أَحَدُكُمْ وَلَدَهُ خَيْرٌ لَهُ مِنْ أَنْ يَتَصَدَّقَ كُلَّ يَوْمٍ بِنِصْفِ صَاعٍ عَلَى المَسَاكِينِ».
Табаранидің Мұғжамында Жәбір ибн Сумрадан жеткен хадисте Алланың елшісі ﷺ:«Біреулеріңнің баласына әдеп үйретуі оған әрбір күні жарты сағ (бір уыс бидай не құрма) садақа бергенінен артық»[4], – деген.
عَنْ أَبِي سَعِيدٍ وَابْنِ عَبَّاسٍ قَالَا قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ وُلِدَ لَهُ وَلَدٌ فَلْيُحْسِنْ اِسْمَهُ وَأَدَبَهُ فَإِذَا بَلَغَ فَلْيُزَوِّجْهُ فَإِنْ بَلَغَ وَلَمْ يُزَوِّجْهُ فَأَصَابَ إِثْمًا فَإِنَّمَا إِثْمُهُ عَلَى أَبِيهِ».
Байһақидің Әбу Сағид пен Ибн Аббастан жеткізген риуаятында Алланың елшісі ﷺ: «Кімнің баласы туылса оның есімін жақсы қойсын, әдебін жақсартсын. Балиғатқа жеткен кезінде оны үйлендірсін. Егер балиғатқа жеткенде үйлендірмей, ол күнәға батса (яғни, зинақорлыққа барса) оның күнәсі әкесіне»[5], – деген.
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «حَقُّ الْوَلَدِ عَلَى الْوَالِدِ أَنْ يُعَلِّمَهُ الْكِتَابَةَ وَالسِّبَاحَةَ وَالرَّمْيَ، وَأَنْ يُؤَدِّبَهُ طَيِّبًا».
Алланың Елшісі ﷺ: «Әкенің баланың алдындағы міндеті: жазу-сызуды, жүзуді және садақ атуды үйрету әрі жақсы етіп тәрбиелеу»[6], – деген.
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «عَلِّمُواْ أَبْنَاءَكُمُ السِّبَاحَةَ وَالرَّمْيَ، وَالْمَرْأَةَ الْمِغْزَلَ».
Басқа риуаятта Алланың Елшісі ﷺ: «Балаларыңа жүзуді, садақ атуды, ал әйел баласына тоқуды үйретіңдер»,[7] – деген.
Әділетті халифа Омар (р.а.) Шам еліне жазған хатында: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деген.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »تَعَلَّمُوا مِنْ أَنْسَابِكُمْ مَا تَصِلُونَ بِهِ أَرْحَامَكُمْ، فَإِنَّ صِلَةَ الرَّحِمِ مَحَبَّةٌ فِي الْأَهْلِ، مَثْرَاةٌ فِي الْمَالِ، مَنْسَأَةٌ فِي الْأَثَرِ»
Пайғамбар ﷺ Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта былай дейді: «Шежірелеріңнен туыстық қатынастарыңды жалғайтын нәрселерді үйреніңдер. Шындығында, туыстық қатынасты жалғау әулетке сүйіспеншілік, малға өсім, ғұмырға ұзақтық әкеледі»[8].
Пайғамбар ﷺ араб тайпаларының шежіресін жақсы білген. Сондай-ақ, ардақты сахабасы Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) шежіренің білгірі болған.
وَقَدْ رَوَى البُخَارِيُّ فِي صَحِيحِهِ مِنْ حَدِيثِ نَافِعٍ عَنِ ابْنِ عُمَرَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «كُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، فَالْأَمِيرُ رَاعٍ عَلَى النَّاسِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ، وَالرَّجُلُ رَاعٍ عَلَى أَهْلِ بَيْتِهِ، وَامْرَأَةُ الرَّجُلِ رَاعِيَةٌ عَلَى بَيْتِ بَعْلِهَا وَوَلَدِهِ وَهِيَ مَسْؤُولَةٌ عَنْهُمْ، وَعَبْدُ الرَّجُلِ رَاعٍ عَلَى مَالِ سَيِّدِهِ وَهُوَ مَسْؤُولٌ عَنْهُ، أَلَا فَكُلُّكُمْ رَاعٍ وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ».
Бұхари өзінің Сахихында Ибн Омардан Алланың елшісінің ﷺ былай дегенін риуаят еткен:«Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапкер, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапкер, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапкер, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапкер. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауапкерсіңдер».[9]
Балаларды сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, махаббат нұрын жаудыру әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыдағы үлкен идеалымыз – Пайғамбарымыз ﷺ. Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла Тағала жүрегіңдегі мейіріміңді алып қойған болса, мен не істейін енді?» – деп реніш білдірген. Себебі мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады. Мейірімділік жүректі жібітіп, жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық, керісінше, жүректі қатайтады. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла Тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады».[10]
Қазіргі заманда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Алайда көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді. Өйткені олардың өздері де сондай түрлі қателіктерге ұрынып, жүйке жүйелері бұзылған жандар. Өздерінің сол қате-кемшіліктерін түсінбегендіктен де олар сәбилерінің неліктен сондай болып шыққанына кейін қайран қалады.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «كُلُّ مَوْلُودٍ يُولَدُ عَلَى الْفِطْرَةِ فَأَبَوَاهُ يُهَوِّدَانِهِ أَوْ يُنَصِّرَانِهِ أَوْ يُمَجِّسَانِهِ كَمَثَلِ الْبَهِيمَةِ تُنْتِجُ الْبَهِيمَةُ هَلْ تَرَى فِيهَا جَدْعَاءُ».
Пайғамбар ﷺ былай деген: «Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни, еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Сосын оны әке-шешесі не яһуди қылады, не христиан қылады, не отқа табынушы қылады. Бұл хайуанның хайуан туғаны іспеттес. Сен содан (туған төлден егер оның енесі мұрны кесілген пұшық болса) пұшықтықты көресің бе?».[11]Ата-ана әрдайым ұрпағының болашағын, мүддесін қызғыштай қорғайды. Олардың балаларына берген баталары қабыл болады. Сондықтан ұрпаққа тек ұлағатты сөз айтқан жөн.
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «ثَلاَثُ دَعَواتٍ مُسْتَجَابَاتٍ لاَ شَكَّ فِيهِنَّ: دَعْوَةُ الْمَظْلُومِ وَدَعْوَةُ الْمُسَافِرِ وَدَعْوَةُ الْوَالِدِ عَلَى وَلَدِهِ».
Пайғамбар ﷺ былай деген: «Үш түрлі дұға сөзсіз қабыл болады: жәбір көрушінің дұғасы, жолаушының дұғасы және ата-ананың баласына жасаған игі дұғасы (тілегі)».[12]
Расында, ата-ананың дұрыс үлгі бола алуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы. Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең оның өмірінің алғашқы онжылдығы болып саналады. Педагог-психологтардың айтуларынша баланың ақылдылық, интеллектуалдық қабілетінің 80 пайызы алғашқы жеті-сегіз жылда ашылып, жетіледі. Сондай-ақ, адамдық тұлғасының жан-жақты және үйлесімді қалыптасуы да осы кезеңде жүреді.
- Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен, мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда мейірімнің өзі мөлшерімен берілуі тиіс. Шектен тыс өбектеу, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады.
- Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру. Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы тиіс. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала өзінің қалауының шектелуінің нақты, шынайы негізінен хабардар болуы қажет.
Әсіресе, балаға жалған сөйлемеген жөн. Қандай жағдайда да ата-ананың баласына өтірік айтпауы қажет. Бұл туралы мынадай хадис бар. Абдулла ибн Амир былай дейді: «Бір күні үйімізде Алланың елшісі ﷺ отырғанда анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», – деп мені шақырып алды. Сонда Алланың елшісі ﷺ: «Оған не бермекші едің?» – деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім», – деді. Сонда Алланың елшісі ﷺ: «Егер ештеңе бермегеніңде саған бір өтірік жазылар еді», – деді[13].
- Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді. Ал 5-7 жастан бастап жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе ұлы жақсымен көрші бол, қызың өссе қызы жақсымен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған.
- Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбисінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен пайғамбардың ﷺ сүннетіне сүйену керек. Осы негіз бойынша Жаратушының алдында жанұя үшін әкенің жауапкершілігі үлкен екендігін айта кеткен жөн.
Алланың елшісі ﷺ былай деп өсиет еткен: «Адам өлгенде оның үш нәрсесінен – тоқтаусыз садақасы (мысалы, құдық, көпір, медресе) немесе пайда келтіретін білімі (таратқан білімі) немесе артынан дұға қылатын игі жақсы баласынан басқа барлық амалы тоқтайды».[14]
Егер ата-ана нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы Қияметте жәннат қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе мен де кірмеймін», – деп отырады. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар. Бірде қажылық кезінде бір әйел Пайғамбарға ﷺ қолындағы нәрестесін көтеріп: «Мынаған да қажылық жазыла ма?» – деп сұрайды. Сонда Алланың елшісі ﷺ оған:«Иә, ол үшін саған да үлкен сауап бар», – деп жауап берген.
Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар:
- Отбасы.
- Сыртқы орта («көше»).
- Мектеп.
- Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет.
Демек, бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қала берді, жалпы мұсылман қоғамының ортақ ісі. Жаратушы Хақ Тағала мұсылмандардың ізгі істе әрдайым тізе қосып, біріге қимылдауына үндейді.
﴿وَتَعَاوَنُواْ عَلَى الْبرِّ وَالتَّقْوَى وَلاَ تَعَاوَنُواْ عَلَى الإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ﴾
Тәрбиенің тағы бір шарты өскелең ұрпақты жастайынан аста-төк молшылыққа, үлде-бүлдеге, жырғалшыл, мамыражай тұрмысқа үйретпеу керек. Қарапайым тіршілікке, қанағатшылдыққа баулу керек. Өйткені шектен тыс рақатшылықтың ортада өсу ұрпақтың әлжуаз, аурушаң немесе керенау-кердең болып шығуына апарып соқтырады.
Дана Абай айтқандай:
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын!
Қарапайымдылықта Пайғамбардан ﷺ асқан үлгі жоқ. Оған оның ﷺ жалпы тұрмысының жұпынылығы, ішіп-жем мен киім киістегі қанағатшылдығы дәлел.
Ата-ананың есейген балаларын ерте жастан еңбек етуге үйретіп, өзінің құрдасындай тұтып, кей істерде ақылдасып, кеңесіп отырғаны жөн. Сонда ғана бала өз бетімен тірлік жасауға үйреніп, алда кездесетін қиындықтардан оңай жол таба алады. Халық нақылында «Алтыға дейін бала деп көр, алтыдан кейін құлыңдай көр, он алтыда досыңдай көр» делінеді.
Шариғат ілімінің негізін салушы, төл мазһабымыздың жетекшісі болған Имам Ағзам Әбу Ханифаның бүкіл ғұмыры исі мұсылманға игі өнеге десе болғандай. Біле білсек, оның күнделікті тіршілігіндегі тақуалығы, әділдігі, парасаттылығы Жаратқанның жарылқауынан үміт еткен кез келген мұсылманға үлкен үлгі.
Бірде Әбу Ханифаға баласын ертіп бір әйел келеді. Ол имамға баласының бір жағымсыз әдеті туралы шағым айтады. Айтуынша оның ұлы тәттіге өте құмар екен. Сол әдеттен тыс құмарлығының салдарынан тістері ауырып, түсуге айналыпты. Жанашыр ана Әбу Ханифадан осының амалын сұрай келген. Әйелдің әңгімесін естіген Әбу Ханифа аз-кем ойланып отырады. Сосын: «Сіз балаңызбен бірге қырық күннен кейін қайтып келіңіз», – дейді.
Арада қырық күн өткен соң әлгі әйел баласын ертіп ұлы ғұламаға қайта оралады. Шариғат білгірінен баяғы мәселенің жауабын сұрайды. Сонда Әбу Ханифа балаға қарап: «Ей, ұлым! Тәттіні көп жеме. Шынында тәттіні көп жесең, тісің ауыратын болады, басқа денсаулығыңа да зиян. Анаңды тыңда. Тәттіні көп жеме», – дейді.
Баланың анасы тағы бірдеңе айтар деген үмітпен ғалымның жүзіне қарайды. Бірақ ғалым барлық жауабым осы дегендей ишарат жасайды. Сонда баланың анасы: «Уа, мұсылмандардың имамы! Мен сізден нақты ақыл күткен едім. Қырық күн күттіріп қойғанда бар айтқан жауабыңыз осы ма сонда? Олай болса бұл жауабыңызды сол кезде айта салмадыңыз ба?» – деп кейістік білдіреді. Сонда Әбу Ханифа данышпан: «Уа, дін қарындасым! Сіз маған алғаш келгеніңізде өзім де тәттіні көп жейтін едім. Сондықтан да ол кезде балаға ақыл айта алмадым. Өзім тәттіні көп жеп тұрып басқаға жеме десем менікі нағыз екіжүзділік, жалғандық болар еді. Ондай сөзімнің балаға да әсері болмас еді. Сондықтан осы бала үшін өзім тәтті жеуді қырық күн доғардым. Сөйтіп барып балаңызға кеңес айттым», – деген екен.
Қазақы тәрбие – нағыз мұсылмандық тәрбиенің ең жарқын мысалы. Қазақы тәрбие алған мен орысша оқып, өзінің ділінен, тілінен жырақтаған жанды салыстырып қарасаң, қазақы тәрбие алып, ауылда өскен баланың бойында ұлттық әдептің, мәдениеттің нышанын көріп қуанасыз. Көбіне ондай ізгі сипаттарды басқа мәдениетпен сусындап өскен жастан көре алмайсыз.
Қазақы адамға тән қасиеттер, ол: момындық, ұяттылық, ибалылық, кісінің хағын жемеу, бос сөйлемеу, аз сөзділік, қанағатшылдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-ананың хағын беру тағы басқа. Қоғамдық көлікте орын беретін де көбінше қазақы тәрбие көрген жастар. Сондықтан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қазақы тәрбиенің өзінің негізі мұсылманшылықта жатқандығын аңғаруға болады.
Қазақы тәрбиенің бір белгісі – үлкендерден бата алу. Қадірлі адамдардың батасын алу – үлкен абырой. Қазақ халқы арасында кең таралған «пәленшеден бата алған» деген сөз – осының айғағы. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолындағы» Құнанбайдың баласы Абай үшін Ахмет Риза хазіреттен бата сұратқанын айтуға болады. Бұл игі дәстүрдің түп-негізі мұсылманшылықта жатыр. Сахабалары Пайғамбардың ﷺ ізгі тлегін алуға тырысқан. Сондай-ақ, Имам Ағзам да жасында Әлидің (р.а.) батасына алған. Әбу Ханифаның атасы Зұта ардақты сахаба Әлимен (р.а.) кездеседі. Сонда баласы Сәбитке игі тілек тілеуін өтінеді. Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) Жаратқаннан оның ұлына жақсылық, құт-береке тілеп дұға етеді. Сол дуалы сөзден шыққан ізгі тілектер қабыл алынып, Сәбиттен әлемге Әбу Ханифа атымен мәшһүр болған Нұғман есімді ұл дүниеге келеді. Бұл да болса «жақсыдан – шарапат» деген сөздің дәлелі болса керек.
Уа, жамағат! Бала тәрбиесі туралы шариғатымыздың басты талаптары осындай. Алла Тағала ата-аналарының көзайымы болатын иманды ұрпақ тәрбиелеп өсіруге жазсын! Сол арқылы Өзінің разылығына жеткізей. Әмин!
[1] Тахрим, 6
[2] Байһақи хадистер жинағында
[3] Әбу Дәуіт риуаят еткен
[4] Табарани хадистер жинағы
[5] Байһақи хадистер жинағында
[6] Байһақи хадистер жинағында
[7] Байһақи хадистер жинағында
[8] Ахмад хадистер жинағы
[9] Бұхари хадистер жинағы
[10] Табарани хадистер жинағы
[11] Бұхари хадистер жинағы
[12] Тирмизи хадистер жинағы
[13] Әбу Дауіт хадистер жинағы
[14] Мүслім хадистер жинағы
[15] Мәида сүресі, 2-аят