Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Рамазан айына байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Алдымен, Бас мүфти биылғы Рамазан айының қай уақытта басталатынын айтты.
“Шариғаттың барлық талабын негізге алдық. Еліміздегі астрономиялық зерттеу орталықтарының ғылыми мәліметіне сүйендік. Сондықтан осы жылы Рамазан айы 6 мамырдан басталады. Ал Айт мерекесі 5 маусымға тура келеді. Қасиетті Қадір түні 31 мамырдан 1 маусымға қараған түнге сәйкес келеді. Биыл Рамазан айы 30 күнге созылады”, – деді Бас мүфти Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында өткен брифингте.
Сондай-ақ, Серікбай қажы Ораз пітір садақаның мөлшерін айтты.
“Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен биылғы жылдың Рамазан айында кісі басына пітір садақаның мөлшерін белгіледік. Яғни еліміздегі азық-түліктің оның ішінде бидай мен ұнның орташа есебін ала отырып, жан басына шаққандағы пітір садақаның мөлшерін 300 теңге деп белгіленді”, – деді Бас мүфти.
Серікбай қажы Ораз барша қазақстандықтарды қасиетті айда игілікті істер жасауға шақырды.
“Рамазан –қайырымдылық пен ізгіліктің айы. Алланың ризашылығы үшін әрбір мұсылман өзінің нәпсін тыйып, 30 күн бойы ораза ұстап, ішуден жеуден тыйылса, оразаның сауабы есебінен оның күнәсіне кешірім болады. Сондықтан қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айында көптеген қайырымдылық іс-шараға белсене қатысуға шақырамын”, – деп түйіндеді сөзін Серікбай қажы Ораз.