ДІН ҚЫЗМЕТКЕРІ – ДІННІҢ АЙНАСЫ

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Семей өңіріндегі өкіл имамы, Семей қаласындағы қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы Мақсат қажы Алтыбаймен сұхбат

 

– Таяу күндері Семей қаласында  «Имам келбеті» атты конференция өтетінін естіп жатырмыз. Осындай үлкен жиынның өтуінің басты себебі не?

– Имам – мұсылман қауымының ең бірінші тұлғасы,  діннің айнасы. Имамдық – жауапкершілігі мол, парызы мен міндеті көп қызмет.  Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Имам – басшы, әрі қоластындағыларға жауапты» – деген.

Баяғыда ғұлама  имамнан  бір адам имамдық  қызметтің  жауапкершілігі туралы  сұраған екен. Сонда әлгі имам: «Имамдық қызметтің сауабы есіме түссе,  астымда жүйрік тұлпарым болса, қарсы шабар едім. Егер  жауапкершілігі есіме түссе, сол тұлпармен  алды артыма қарамай қашар едім»- деген екен. Яғни, білген адам үшін бұл қызметтің жауапкершілігі өте салмақты да жауапты.

Ертеректе Бұхара медресесінің ұстаздары шәкірттеріне: «Имам – деген көпір. Көпірдің үстінен адам да, ат та, есек те өтеді. Ол бәрін көтереді. Сол сияқты имамның алдына да  түрлі адамдар келеді. Соның бәріне жөн сілтеп, артық кеткендерін көтере білу имамның  міндеті» –  деп өсиет айтады екен.

Жалпы ұлттың негізгі тірегі – оның ділі, тілі және  діні. Осы үшеуінен айырылған халықтың болашағы бұлыңғыр болады. Өкінішке орай, біздің арамызда осы үш құндылықты тәрк етіп жүргендер де бар. Өз тәуелсіздігін алып, жеке мемлекет болған біздің еліміз үшін мына алмағайып заманның дауылынан сақтану үшін бізге бірінші кезекте ұлттық тұтастық қажет. Егерде біз діл, тіл, дін, ұлттық  мәдениет сияқты маңызды мәселелерде тұтастық болмаса, біздің ертеңімізден сенім кетері хақ. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың  бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  қолға алынуының  басты себебі  осы деп білеміз.

Әлемде 5 мыңға жуық ұлт бар екен. Соның  200-ден астамы ғана өз мемлекетін құрып отыр. Сондай бақытты елдің  қатарында қазақ халқының тұруы Алланың бізге берген үлкен сыйы деп білуіміз керек. Әлемдік тарихқа көз жүгіртсек, қаншама ұлт  ғасырлар бойы азаттығы үшін күресіп жүр.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірінші кезекте төл дініміз Исламды насихаттап жүрген діни қызметкерлердің біліктілігіне, біліміне, ішкі-сыртқы мәдениетіне ерекше көңіл бөліп отыр. Өйткені, бүгінгі өскелең қоғамда діндарларға қарап дініңді таниды. Сондықтан,  бүгінгі таңда мүфтият тарапынан дін қызметкерлеріне қойылатын талап та жоғарлады.

ҚМДБ бекіткен «Имамның тұлғалық келбеті», «Дін қызметкерлерінің этикасы»  сынды құжаттарда  дін қызметкерлерінің міндеті, қоғамдық ортадағы орны және төл дінімізді насихаттау шеберлігі айқындалып көрсетілген. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» – деген қанатты сөзі әр имамға бағыт ұстар қағида болу керек.

– Жалпы қазіргі кезеңде көптеген елдімекендерде мешіттер ашылуда. Осы ғибадат үйлерін білікті имамдармен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Қазіргі кезеңде тек Семей өңірінде жүз он  мешіт бар. Әсіресе ауыл мешіттерін білікті дін қызметкерлерімен қамтамасыз етуде  қиындықтар бар. Көбінесе, тұрғын үй, айлық мәселесі сияқты әлеуметтік проблемалар  қол байлау болып отыр. Дегенменде, шешу жолдарын іздестірудеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы зекет қоры арқылы бірнеше имамға арнайы айлық  жалақы тағайындады. Осы игілікті шара алдағы уақытта өз жалғасын табады деген сеніміміз бар.

Аллаға шүкір, діни білім алып, дін саласында қызмет етемін деген жастарға жол ашық. Бүгінде ҚМДБ-ға  қарасты бір университет, имамдардың білімін жетілдіру институты, оншақты медресе, қарилар орталығы жұмыс істейді. Жылына біздің өңірден оншақты талапкер осы оқу орындарынан білім алуға аттанады. Әрине бұл көрсеткіш әлі де болса, аздық етеді. Алдағы уақытта осы мәселеге көбірек көңіл бөлуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Семей колледжінде дінтанушы мамандар дайындайтын бөлімдер ашылды. Алдағы жылдары қаламызда қарилар орталығын ашу мақсатымыз бар.

– ҚМДБ діндегі үгіт-насихат мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Осы жұмыс қалай атқарылуда?

– Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Дін – насихат» – деген. Дініміздің асыл құндылықтарын халық арасына кеңінен насихаттап, ел арасына имани тәрбие беру мешіт имамдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Әр жұма сайын барлық мешіттерде Мүфтият бекіткен тақырыптар бойынша уағыздар айтылады. Сонымен қатар, айтылатын уағыздардың сапасына, имамның сөйлеу шеберлігіне  айрықша көңіл бөлініп отырады.

Бүгінгі жамағаттың көкірек көзі ояу және білімі де жан-жақты. Сондықтан  имам тек діни тұрғыдан ғана емес, заманауи білімге де жетік болуы тиіс. Өткен тарихымызды, мәдениетімізді   толық білгені жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Менің сөзімді естіп, көңіліне түйіп және оны дәл ме дәл естігендей жеткізген адамды Алла жүзін жарық етсін», – дегендей халық арасына  шариғат ілімін сауатты  насихаттаудың сауабы мол.

Біз өмір сүріп отырған XXI ғасыр – ақпарат дәуірі. Ақпарат алудың, берудің түрлі жолдары қалыптасуда. Әсіресе ғаламтордың мүмкіндігі жоғары болып отыр. Осы мәселеден біздің имамдарымыз қалыс қалмай, компьютерлік сауаттылығын көтеруге көбірек көңіл бөлгені абзал. Несін жасырамыз біздің жастарымыздың  дені  әлеуметтік желілерде отыр. БАҚ-тармен тығыз байланыс жасау мүфтият тарапынан берілген басты тапсырмалардың бірі болып табылады.

Қазіргі кезеңде мүфтият  қоғамды алаңдатып жүрген мәселелер бойынша ғұламалар кеңесінің шешімімен көптеген пәтуалар шығарылуда. Жаназа мәселесін еліміз бойынша бірізділікке салу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  бастамасымен және Ғұламалар кеңесінің бекітуімен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабы жарық көрген. Міне, осы бәрін жете меңгеріп, жүзеге асыру дін қызметкерлері үшін үлкен жауапкершілік.

– Біз сияқты зайырлы елде дін қызметкерлерінің  жергілікті атқарушы органдарымен байланысы қалай болу керек?

Мемлекеттің зайырлығы  кейбіреулер ойлағандай дінді жоққа шығаратын  атейстік  қоғам емес. Зайырлы қоғамда діни сенімдерге, нанымдарға  құрмет көрсетіледі. Бірақ мемлекет дін ісіне, дін мемлекет  ісіне араласпайды деген қағидат бар. Қалай десекте, қоғам ол бір тұтас организм. Сондықтан   мемлекет ішіндегі барлық құрылымдардың бір-бірімен тығыз  байланысты болуы заңды құбылыс. Еліміздің тұтастығы, береке-бірлігі  және жас ұрпақ тәрбиесі сияқты өзекті проблемаларды шешу шараларын жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдармен   бірлесе қызмет ету дін өкілдерінің   басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Мәселен, соңғы жылдары елімізде қайырымдылық шараларын ұйымдастыру дәстүрі кеңінен салтанат құруда. Дінімізде қайырымдылық –  үлкен сауапты шара болып саналады. Осындай игілікті шараларда бірлесе жұмыс істеу әсіресе ауылдық жерлерде өзінің үлкен жемісін беруде.

Негізінде жомарт адамдар көп болған қоғамда өзара сүйіспеншілік, бір-біріне деген құрмет ерекше болады. Қайырымдылық адамдарға рухани ләззат беретін сауапты шара. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) хадисінде: «Жомарт жан Алла Тағалаға жақын, адамдарға жайлы, жылы жүзді, жәннатқа лайық, әрі тозақтан алыс…», – дейді. Жомарттық жасаған адамның дәулетін Алла Тағала еселеп отырады екен. Ата-бабаларымыз:

Қайырымдылық жасасаң,

Қайырымын өзің көресің, – деп айтқан екен.

Кезінде мешіт, медресе салдырған аға сұлтан  Құнанбай қажы,  Тыныбай қажы, Тана мырза, Жетісуда мектеп ашқан Маманұлы Тұрысбек қажы  сияқты тұлғалардың есімі халық жадында мәңгі сақталып қалды. Сонымен қатар  арғы бетте жүріп қиын қыстау заманда елге қамқор болған Башбай байдың асқан жомарттық қасиеті бүгінге дейін ел ортасында аңыз болып айтылады. Бұл әңгімелерді айтып отырған себебім қайырымдылық қазақ ортасында  атам заманнан қалыптасқан дәстүр. Біз мешіт имамдары бас болып, сол жақсы дәстүрдің  қайта жанданып,  өз жалғасын табуына  мұрындық болуымыз керек. Аллаға шүкір, бүгінгі уақытта да ел арасында қайырымды жандар бар. Бірақ әлі де болса, саусақпен санарлықтай аз. Көптеген ауқатты адамдар Алладан парыз болған зекет  беруді ауырсынады. Осының бәрін  мешіт қызметкерлері халық ортасына  айтып,  кеңінен түсіндіру  жұмыстарын  жүргізуде.

– Жат ағымдармен күресуде имамдарымыз қандай жұмыстар атқарып отыр?

Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкерлеріне қойып отырған басты міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл бағытта біршама ауқымды істер атқарылуда және имамдар жастармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде. Мүфтияттың нұсқау бойынша жат ағымның жетегінде кеткен адамдармен жекелей жұмыс істеп, адасқанның айыбы жоқ дегендей қайта қатарымызға қосуға тырысамыз. Нәтиже жаман емес, жылына 20-30  адамды жат ағымдардың құрығынан сақтап қаламыз. Алдағы уақытта да бұл жұмыс өз жалғасын табады. Егеменді еліміздегі ішкі тұрақтылықты сақтауда имамдардың атқарып отырған жұмысы қомақты деп білемін. Жалпы Семей өңірінде діни ахуал бір қалыпты.

– Салиқалы  әңгімеңізге рахмет! Дін жолындағы жауапты қызметіңізге табыс тілейміз!

 

Сұхбатты жүргізген

Дәулет Алдияр,

Семей қаласы.