Зағип жандардың  қала аралық сайысы ұйымдастырылды.

         Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей аймағы бойынша өкілдігі, Семей қалалық мешіттерінің ұйытқы болуымен зағип жандар арасында дойбыдан және тоғызқұмалақтан сайыс ұйымдастырылды. Сайыс Семей қаласының зағиптар қоғамының командасымен Қазақстанның түпкір-түпкірінен Брайль Құран үйренуге Семей қаласына келген шәкірттер командасының арасында достық кездесу ретінде өтті.

Жарыстың басында аймағымыздың өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілей келе, Құран үйренудің және үйретудің маңыздылығы жайлы насихат айтты. Сонымен қатар аталмыш шараны ұйымдастыруына себеп болған  орталық мешіттің ұстазы, қазіргі таңда бүкіл әлемдік Малазия ислам университетінің талабасы Шакиров Асқарға да алғыс білдіріп, бастамасына береке тіледі.

Жарыс екі кезеңнен болды. Жарысқа төрелік еткен шахматтан әлемнің бас жүлдегері, халықаралық спорт шебері, Семей зағиптар қоғамының спорт жетекшісі, 1-ші топтағы мүгедек Болат Санақбайұлы болды.

Сайыс қызықты да тартысты өтті. Командалық есепте Семей қаласының ойыншылары басым ұпай жинап, жүлдегерлердің қатарынан көрінді. Айтулы шара зағип жандарды дінге қызықтыру және дінге баулу мақсатында ұйымдастырылды. Сайыс соңында жарысқа қатысушыларға мақтау қағаздарымен  бағалы сыйлықтарды Семей орталық мешітінің найб имамы Бекзат Боранбайүлы табыстады.

Аталмыш шара қонақтарға арналған дастарханмен жалғасып, көзі көрмесе де, көкірек көздері ояу жандардың жүрек жарды лебіздерімен отырыстың сәнін келтірді.

 

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.