АБАЙ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚЫРЫ МЕН СЫРЫ

Кеңес заманында Абай көрнекті ақын ретінде дәріптелді, танымал болды. Дегенмен Абайға да, Шоқанға да, Ыбырайға да сыңаржақ көзқарас қалыптасты: Абай – ақын, Шоқан – ғалым, Ыбырай – педагог деумен шектелдік.

Біз Шоқанды да, Абайды да, Ыбы­райды да ағартушы дейміз. «Ағартушы» деген жақсы сөз. Бәрі де халыққа білім таратты. Оқу-білімді насихаттады. Бірақ Шоқан – жай ағартушы емес, ғалым. Ыбырай – жай ағартушы емес, нағыз ұстаз. Абай жай ағартушы емес, ойшыл, философ. Сонымен бірге үшеуі де – ойшыл. Ойшыл болған соң, үшеуінің де философияға қатысы бар.

Бірақ олардың шығармаларының дүниетанымдық, философиялық мағы­насы бұрын ашылмады, айтылмады. Айтуға да болмады. Абайдың даналығын, ойшылдығын Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов білмеді, көрмеді дейсіз бе? Білгенде қандай. Бірақ кеңестік саясаттың салдарынан ол: «… Шын мәнінде алғанда, Абай философ емес …, оның арнап жазған философиялық… еңбектері… жоқ», деп жазуға мәжбүр болды. Сөз жоқ, бұл ғұлама жазушының өз ойы емес, ресми идеологияның нұсқауына үн қосқаны.

Егер де Абайға, Шоқанға, Ыбырайға қазақ қауы­мы ойшыл-философтар деп қарайтын болса, онда олар қазақтың көзін ашар еді, қазақты оятар еді. Қазақтар «біз қалайша басқалардан артта қалдық, бала сияқты бейқам өмір сүріп жүрміз» деп ойланар еді. Кеңестік қитұрқы идеология осыдан қауіптенді.

Мен кейде «егер Гегель болмаса, оның өміршең диалектикасы болмаса, Маркс болмас еді деп ойлаймын. Маркс болмаса, Маркстің коммунистік ілімі болмаса, Ленин болмас еді. Ленин болмаса, ол құрған большевиктер партия­сы болмаса, онда 1917 жылғы Қазан төңкерісі болмас еді. Ресейдің, Ресей құрамындағы елдердің, Қазақ елінің даму жолы басқаша болар еді. Бұлар бүгінгідей дамыған елдерден көп артта қалып қоймас еді деп ойлаймын.

Идеология, идея, философия деген – осындай пәрменді күш. Маркс дұрыс айтқан: «Идея становится материальной силой, когда она овладевает массами», деп.

Сол сияқты қазақтар Абайдың айтқа­нына еріп, Абай жолымен жүрер болса, кешегідей, бүгінгідей болмас еді, рухы да, намысы да жоғары, ұяты да қалыпты болар еді.

Абайдың жан құмары, жан азығы туралы айтқан сөздері қазақтың рухын оятуға бағытталған.

Жол деген – киелі ұғым. Қытайда адам­ға дұрыс жолды ұсынатын даосизм деген Лао Цзының ілімі бар. Философия адам жолына, ғылым жолына, тарих жолына ерекше мән береді. Олардың жүріп өткен жолынан тәлім, тағылым іздейді, сабақ алады.

Мұхтар Әуезов қазақты, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абайды әлемге танытқан шығармасын «Абай жолы» деп дұрыс атаған екен. Бүгін де бізге керегі осы – Абай жолы. Мен елімізге, қазақ халқына, биліктегілерге қазақ философиясына, мәдениетіне үлгі ретінде осы Абай жолын ұсынар едім. Абай жолында, Абай ілімінде біздерге қажет нәрсенің біразы бар: нарық та, демократия да, бәсекелестік те, ғылым-білім де бар. Тек оны игере білу керек. Абайды оқымаған, білмейтін адам болмас. Бірақ қайсысы Абай жолымен жүріп келе жатыр – айту қиын. Қытай озық деп Батыс үлгілерін жай ала салған жоқ. Өз жолымен, Конфуций жолымен жүріп келе жатыр. Қазір көш басындағы елдердің бірі.

Кейінгі кезде біз Абайдың философиясын ғана мойындап қоймай, оның ілімінің дәстүрлі философиямен, әлемдік философиямен үндесіп жатқанын да ауыз толтырып айта бастадық. Және бұл шығарып салма сөз емес, құрғақ декларация емес, барып тұрған шындық.

«Философия» деген сөздің мағынасы – даналық, даналыққа құмарлық дегенді білдіреді.

«Абай туындыларында даналық бар ма?» деген сұрақ қойсақ, есті адамдарға тым ерсілеу болып көрінері анық. Сонда да. Абай Сократты пір тұтады, оны тілге тиек етеді, Сократша ойлап, Сократша әңгімелескісі келеді. Сократша сұхбат құрып, оған 27 қарасөзін арнайды. Не үшін Абай Сократқа ден қойды? Әрине даналығы үшін, білім-ғылымды жоғары бағалағаны үшін, халқына аянбай қызмет еткені үшін, надандықпен күрескені үшін, шәкірттеріне озық тәрбие бергені үшін Абай Сократты жақсы көреді, одан үлгі алады. Абай Сократты хакім, яғни дана деп қадірлейді.

Абай өзінің өмірлік миссиясын да Сократша түсінеді: халқына аянбай қызмет ету, бетке ұстар құндылықтарын атап көрсету, кемшілігін ашық, батыра айтып, халқын түзету. Сол үшін де Абай өз шығармаларында Сократша сынды, мысқылды, кекесінді көбірек пайдаланады. Сыншылдық та философияға тән қасиет.

Батыста осы кезге дейін философия­ны ғылым деп, гносология, логика, методология деп таниды. Сондай философия болғаны, бар екені рас. Бірақ философияның төл қасиеті, негізгі қыз­меті – даналықты жүзеге асыру. Сократ үшін, Абай үшін философия – ең алдымен даналық.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім,

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Талай адамның басынан өткен, талай адамдарды өкіндірген нәрсе. Қазіргі жастарға да қатысы бар ұлағатты сөз.

Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Қанша айтса да жастарға жетпей жатқан, бірақ ешқашанда ескірмейтін шындық – осы. Елімізде отбасын құрған жастардың жартысынан жуығы көп ұзамай айырылысып жатыр. Мінезіне, біліміне, өнеріне, кісілігіне қарап қосыл­ғасын ба? Жоқ, лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ергендіктен.

Тағы да сол «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» деген өлеңінен үзінді:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.

Жастарға бұдан артық не айтуға болады?

Абайдың бәріңізге, бәрімізге белгілі, белгілі болғанымен санамызға сіңбей, басшылыққа алынбай, жаттанды сөз болып қалған «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің алғашқы жолдарын келтірейін:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көрсеңіз.

Бұл өлеңнің әрбір жолы – тұнып тұрған даналық. Абайдың өлеңдерін, қара сөзін талдап, тарқата білсек, осындай даналыққа тап боламыз.

Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген сөзін, жастарға ғана емес, билік басындағы шенеуіктерге, депутаттарға да жолдауымызға болады. Соңғылар мақтанса мақтанғандай, шетінен ғалым­дар ғой. Ғылымға олар қандай үлес қосты екен – бұл бәрімізе беймәлім. Бірде-бір ғы­лыми мақала жазбаған депутат, министр қалай және қандай ғалым болады? Тәуелсіздік тұсында елімізде осындай жал­ған ғалымдар көбейіп кетті. Бір кезде мар­құм Герольд Бельгер «Парасат» журналында жазып еді: «Тағы бір министр поли­тология докторы атанды. Қазақстан бас­тықтарының 80 пайызы ғылыми дәре­желі. Ғаламдағы ең оқымысты үкімет біздікі», деп.

Біздің ел ғылымға бөлінетін қаражат жағынан (шамамен 200 млн доллар) көп елден артта қалып қойды. Әрине бұл мақтанатын жайт емес.

«Орын» деген философияда жай сөз емес. Оның терең мәні бар және салмағы ауыр: әр нәрсенің дүниедегі орны, адамның дүниедегі орны, олардың біріне-бірі лайық болуы – қай кезде де күрделі мәселе.

Абайдың осы орын деген ұғымға мән беруі – даналық.

Абай атап көрсеткен «бес дұшпан»: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бүгін де біздерге, қазақтарға әл берер емес. Олармен күресу ойымызға да кірмейді.

Абайдың адамға қойған талаптары бүгін де өзекті болып табылады. Адам бүгін де адам болу үшін Абай ұсынған бес асыл істі игеруі керек.

Абай философиясының өзегі болып табылатын «Адам бол!» деген идеясы бар. Адам әзір күйде туа салмайды, адам болып қалыптасады. Адам болу – екі жақты процесс: бір жағынан, бұл қоғамға, отбасына, ата-анаға, солар арқылы қа­лып­тасқан жағдайға байланысты; екінші жағынан, адамның өзіне – оның талабына, ынтасына, жігеріне байланысты. Адамды күштеп, зорлап адам қыла алмайсың. Адамды сырттан күштеп, инабатты, мәдениетті қыла алмайсың. Адамды зорлап оқытып, маман қыла алмайсың. Оқу да, ғылым да, өнер де – бәрі де талаппен, ынтамен, жігермен келеді. «Кісіде бар болса талап, отырмас ол бойын балап. Жүрер, әрқайдан ізденер, алар өз сүйгенін қалап», дейді хакім Абай.

Адам еңбек етеді, өседі, жетіледі, бақытты болады. Еңбек – Абай іліміндегі жиі сөз болатын ұғымдардың бірі. Адамға еңбектің қай түрі де жарасады. «Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, ең болмаса, еңбекпен мал табалық», «Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, еңбек қылмас, еріншек адам болмас», «Болмасын кекшіл, болсайшы көпшіл, жан аямай кәсіп қыл. Орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң. Бола ма дәулет, нәсіп бұл? Ең­бек қылсаң ерінбей – тояды қарның тілен­бей». Даналық деген осы болса керек.

Абайдың сол кездің өзінде-ақ терең ойды алға тарта беруі – таңғаларлық жайт. «Терең ой, терең ғылым іздемейді», «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой»; «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса», «Терең ойдың телміріп, соңына ермей», адамның ісі бітер ме? – дейді Абай. Мұндай талап­қа сол кездің адамдары түгіл бүгінгі заман­ның адамдары да жауап бере алмас.

Абайды біз өз уақытын басып озған данышпан деп айта аламыз.

Адам болудың, өсіп жетілудің тағы бір шарты – қанағат. Ежелгі грек, үнді, қытай ойшылдары құмарлықты, нәпсіні жеңуге, сөйтіп адамның өзін өзі билеуіне көп мән береді. Адамның ең қиын жауы – оның өзі, дейді үнді даналығы. Қанағат қылу Абай үшін де адамның асыл қасиеті болып табылады. Қанағатшылдық қазіргі нарық заманында да керек-ақ. Қанағат, рақым, ынсап, ұят болса, елімізде жем­қорлық осылай жайылып кетер ме еді? Бүгін де Абайша айтуға болады: «Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен, құдай­дың өз бергенін жеп көрем деп?»

Абайдың поэмасындағы Ескендір патшаға қаратып: «Мықтымын деп мақтанба, ақыл білсең, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең» деуі де – өмір көрген дананың түсінігі.

Абай даналыққа, даналықты жеткі­зетін сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән береді. Абай даналықты танып, баға­лайды. Абай іліміндегі даналық теориялық топшылау емес, адам болып өмір сүру тәсілі.

Даналықтың түйіні, нақты көрінісі – түсінік. Адамға қатысты нәрселердің бәрін Абай терең түсі­неді. Абайда адам туралы, «адамның кейбір кездері» туралы, дүние, өмір, ар-ұят, жақсы-жаман қылықтар, махаббат, достық, білім-ғылым туралы таңғажайып түсінік бар. Ондай түсінік оқудың барлық жолдарынан өткен бүгінгі адамдарда жоқ.

Абай сөздеріндегі түсінік өмірден, тарихтан, адамдардың сөзін, ісін, мінез-құлқын, қарым-қаты­насын көріп-біліп, пайымдап, ой елегінен өткізуден туған.

Абайда толық адам туралы жан-жақты ойлас­тырылған ілім бар. Адам қалай толық, жетілген тұлға болады? Абайдың жауабы қысқа, қысқа болса да нұсқа: «Ақыл, қайрат, жүректі бір­дей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», дейді. Тағы бір жерде: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: нұрлы ақыл, ыс­тық қайрат, жылы жүрек», деп өз ойын нақтылай түседі. Адамның басқа қасиеттері осыдан шығады. «Адамзатқа не керек? Сүймек, сезбек, күйінбек, харекет қылмақ, жүгірмек. Ақылмен ойлап сөйлемек» – деп, Абай ақыл, қайрат, жүректің қалай іске асатынын көрсетеді.

Абайдың даналығын, тереңдігін адам өміріндегі жүректің ерекше рөлін ашып көрсетуінен аңғаруға болады. Бұл арада біз тағы да Абаймен бірге әлемдік филосо­фия деңгейіне шыға аламыз. Абай­да даналық деген атына сай келетін на­ғыз философия бар екендігіне тағы да куә боламыз.

Бір ғажабы – Абай ақылды, қайратты жүрекке бағындырып қояды. Бұлар «өзімбілемдікке», «әлімжеттікке» салынып, көп нәрсені бүлдіруі мүмкін. Адам өмірінде бәрі жүректің әмірімен, қалауымен болады дейді. Құдайды қалай­тын – жүрек. Адамды адамға қоса­тын – жүрек. Махаббат та, достық та – жүректің қалауы. «Әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық» – бәрі де жүректен шығады (он жетінші сөз). «Дос­тық, қастық, бар қызық – жүрек ісі. Ар-ұят­тың бір ақыл күзетшісі» – деген де Абай.

Абай ақылдың жайын терең түсінеді. Ақылды адам сөзге ден қояды, сөзді ұғады. Ақылсыз адам, керісінше, «сөзге ынтасыз» болып келеді. «Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді, Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді…» – дейді. «Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса» деп, Абай замандас­тарын ашық әңгімеге шақырады. Бірақ оны тыңдап, түсінер адам табылмайды. Ал қазір ше? Абайды оқып, түсінер адам табыла ма? Табылар деп үміт артудан басқа амал жоқ сияқты.

Абай ілімі ұшан-теңіз. Бір мақала түгіл, тұтас энциклопедияда (сондай энциклопедия бар екенін білесіздер) Абай ілімін тұтас қамтып шығу мүмкін емес. Біздің жұмысымыз, Мұхтар Әуезов айтқандай, «мұхиттың бір тамшысындай» ой бөлісу.

 

Қансонарда бүркітші шығады аңға

Қансонарда бүркітші шығады аңға,

Тастан түлкі табылар аңдығанға,

Жақсы ат пен тату жолдас – бір ға­ни­бет,

Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.

Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,

Сағадан сымпың қағып із шалғанда,

Бүркітші тау басында, қағушы ойда,

Іздің бетін түзетіп аңдағанда.

Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда,

Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,

Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға,

Көре тұра қалады қашқан түлкі,

Құтылмасын білген соң құр қашқанға,

Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға,

Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,

Шабар жерін қарамай жығылғанға,

Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,

О дағы осал жау емес қыран паңға,

Сегіз найза қолында, көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға,

Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда,

Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,

Жеке батыр шыққандай қан майданға,

Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,

Адам үшін батысып қызыл қанға,

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,

Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға,

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

О да бүлк-бүлк етпей ме сыйпанған­да,

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жа­лаңаш,

Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда,

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Және ұқсар тар төсекте жолғас­қанға,

Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,

Қыран бүктеп астына дәл басқанда,

Құсы да иесіне қоразданар,

Алпыс екі айлалы түлкі алғанда,

«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,

Жасы үлкені жанына байланғанда,

Сілке киіп тымақты, насыбайды,

Бір атасың көңілің жайланғанда.

Таудан жиде тергендей ала берсе,

Бір жасайсың құмарың әр қанғанда,

Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,

Аң болады кеңесің құс салғанда.

Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген

Бір қызық ісім екен сұм жалғанда,

Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға

Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда,

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,

Суретін көре алмассың, көп бақпа­саң,

Көлеңкесі түседі көкейіңе,

Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң,

Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқы­сын,

Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті