Семинарға қатысушыларға сертификат табысталды

Осыдан біраз бұрын Семей қалалық Төлеубекқажы мешітінде Семей аймағына қарасты мешіт имамдары мен дін қызметкерлеріне арналып 15 күндік семинар басталған болатын.

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Хакім Абайдың  рухани мұралары» атты тақырыпта ұйымдастырылған шара шаһардағы Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайында бастау алған еді.

Мешіт қызметкерлері үшін танымдық, тағылымдық мән-мағынаға толы болған аталмыш семинар өз мәресіне жетті. Рухани тұрғыдан берері мол шара барысында имамдар күнделікті қызметте және мешіт ісін жүргізумен қатар жамағатпен жұмыста да ескерілуі тиіс ортақ қағидаларға қанығып, кәсіби машықтарын да ұштады.

Расында, діни қызмет тек білімнен ғана емес, тәжірибемен де тығыз астасуы тиіс. Ата дінімізді ұлттық дәстүр мен салт-сана тұрғысынан және Абай сынды дана тұлғалардың рухани мұралары тұрғысынан зерделей білу қажет. Бұл орайда семинар барысында өңірлік имамдарға тұшымды мағлұматтар берілді.

Ал, аталмыш семинардың соңғы күнінде аймағымыз бойынша Ислам дінінің кеңінен қанат жайып өркендеуіне үлес қосып, дін жолында жемісті еңбек етіп жүрген және рухани тұрақтылықты сақтай отырып, имандылықты кеңінен насихаттаған мешіт имамдары мен наиб имамдарына ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша бас имамы Асқар Мұқанов қолынан сертификат табысталды. Осы  ұйымдастыру іс шараны жүргізген Төлеубекқажы мешітінің имамы Ұлан Ермекұлына алғыс хат берілді.

 

Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі