ТАНЫМДЫҚ ДӘРІС ӨТУДЕ

Семей шаһарындағы мешіттер жамағатына тағылымдық-танымдық мәні зор дәріс оқу қазіргі күндері кеңінен жолға қойылуда.   

Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеу – мұсылманға парыз. Осы ретте бүгінгі таңда рухани ілімге сусаған көпшілік үшін мешіт имамдарының дәріс-сабақтары ауадай қажет. Семей шаһарындағы мешіттер жамағатына тағылымдық-танымдық мәні зор дәріс оқу қазіргі күндері кеңінен жолға қойылуда.

Мәселен, төл дініміздің асыл құндылықтары туралы келушілерге мол мағлұмат беру ісі бір мұнаралы Тас мешітінде қалыптасқан игілікті шараға айналды. Атап айтсақ, әр аптаның дүйсенбі күнінде, құптан намазының алдында Семей аймағы бойынша бас имамы Асқар Мұқанов хадистер жинағы бойынша жамағатқа дәріс өткізуде. Ал, бейсенбі, жұма күндері Құран және тәфсир ілімінен ұстаз Рашид Тұрсынқанов сабақ өткізеді. Қатысушылардың қойған сауалдарына да тұшымды түрде жауап қайтарылады.

Сонымен қатар, мешіттің наиб имамы Айдын Жүнісбек те кешкі мезгілдерде жамағат өтініші бойынша Құран әліппесі – тәжуидтен сабақ беруде.

Күнен-күнге дәріс тыңдаушылар қатары артып келеді. Әсіресе, жастардың саны мол. Әрине, діни ілімді тек мешіттен алу, имамдар дәрісіне қатысып, рухани кемелдікке ұмтылу олардың жат ағымның жетегінде кетпеуіне бірден-бір себеп екендігі анық.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.