Имам Әбу Ханифаның әділ саудасы

Имам Ағзам Әбу Ханифаның ата-тегі парсы ұлтынан болатын. Ол Хақ елшісі (с.а.у)-ның кіндігінен тараған алтын ұрпақ өкілдерін (әһлі бәйт) басына хан көтеріп, олармен бас қоса қалса, дәйім төрден орын беретін. Әйткенмен, базбір әһлі бәйт өкілдері қазының қиясқа (ақыл) көбірек жүгінетінін естіп, оған сырттай наразы болып жүруші еді.

Бірде, Имам Ағзам Әбу Ханифа Меккеде Алла елшісі (с.а.у)-ның ұрпақтарының бірі Мұхаммед әл-Бакрмен кездеседі. Ол салған жерден:

– Сен Әбу Ханифасың ба? – деп сұрайды.

Имам Ағзам:

– Иә.

– Пайғамбарымыздан (с.а.у) қалған асыл мұра – сүннеттің орнына, қияспен үкім беріп жүрген сен екенсің ғой.

– Мен ешқашан Хақ елшісі (с.а.у)-ның сүннетіне құрметсіздік танытқан емеспін, – деп, қасам айтқанымен, Мұхаммед әл-Бакр оңайлықпен жіби қоймайды.

Бұлтартпастай дәлел айтпаса, Мұхаммед әл-Бакрдің өкпесін жаза алмайтынын ұққан Имам Ағзам:

– Алланың разылығы үшін асықпай отырып сөйлесейік – деп әдептілік танытып, әһлі бәйт өкілін екеуара сұқбаттасуға шақырады.

Имам Ағзам:

– Еркек пен әйелдің қайсысы әлсіздеу? – сауал қояды.

Мұхаммед әл-Бакр:

– Әлбетте, әйел  әлсіздеу, – дейді.

Имам Ағзам:

– Мирастың әйел адамға қанша бөлігі тиесілі?

Мұхаммед әл-Бакр:

–  Еркектен екі есе кем ала алады.

– Егер, мен әсіре қиясшыл болсам, керісінше әйелге екі бөлігін, ер адамға бір бөлігін берер едім. Себебі, әйел заты әлсіз болып жаратылған. Ол еркекке қарағанда қамқорлыққа зәру. Осылай болса да, мен сүннетті өзгертпей, әйелге еркектен екі есе кем мұраны үкім етіп келемін, – деп, дәлелді уәжін айтқанда, Мұхаммед әл-Бакр үнсіз қалады.

Имам Ағзам:

– Намаз артық па, ораза артық па?

– Намаз артық.

– Рамазан уақытында әйелдің етеккірі келсе,ол оразаның қазасын өтейді ме, әлде намаздың қазасын өтейді ме?

– Оразаның қазасын өтейді, – дейді.

Сонда, Әбу Ханифа:

– Осы мәселені қиясқа салар болсақ, оразадан көрі намаздың қазасын өтеуге үкім шығаруға болар еді. Себебі, намаз құлшылық атаулының ұлығы. Басқа ғибадатқа қарағанда, намаздан анағұрлым көбірек сауап аламыз. Бірақ, мен Хақ елшісі (с.а.у)-ның сұлу сүннетін өзгертпей, әйелдерге намаздың емес, оразаның қазасын өтеуге пәтуа беріп келемін.

Мұхаммед әл-Бакр қазыға қарсы уәж айта алмай, аузына құм құйылады. Сонда Имам Ағзам оған соңғы сауалын қояды.

– Зәр нәжіс пе, еркектің ұрығы нәжіс пе?

– Зәр нәжіс, – деп жауап қатады Мұхаммед әл-Бакр.

– Егер қиясқа салсам, онда мен еркектің ұрығы шыққанда емес, зәр шыққанда ғұсыл алынуы керек дер едім. Бірақ, сүннетте зәр мен ұрыққа қатысты не айтылса, мен ол пәтуаны қызғыштай қорғап келемін, – дегенінде Мұхаммед әл-Бакр еріксіз Имам Ағзамның даналығына бас иеді. 

Мұхан ИСАХАН

E-islam.kz