Абай мен Әбу Ханифаның дерті

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) бір жағынан дәулетті саудагер болғанын білеміз.

Бірде имам Ағзамға керуені тоналғаны туралы хабар жетеді. Оны естіген Әбу Ханифа (р.а.) аздан соң «Әлхамдулиллә», – депті. Әлгі кісі бір айналып келіп, «тоналған керуен сіздікі емес екен, керуеніңіз аман-есен», – деп сүйіншілейді. Әбу Ханифа (р.а.)  бұл жолы да аз уақыттан соң «әлхамдулиллә» дейді. Мұны көргендер ғалымның мына ісіне таңданыс білдіріп: «Сізге керуеніңіз тоналды дегенде қайғырғанның орнына «әлхамдулиллә» дедіңіз, керуеніңіздің амандығын естігенде, тағы да «әлхамдулиллә» дедіңіз. Сіздің жүзіңізден не реніш, не қуаныш байқалмады», – деп сұрапты. Сонда Әбу Ханифа (р.а.): «Мен керуен тоналғанын естігенде жүрегімді тыңдадым. Ол жайсыз хабарға ренжіген кейіп танытпай, қалыпты ырғағынан ауытқымады. Ал, жақсы хабарды естігенде де қуанған сыңай танытпады. Жүрегімнің дүние қызығына байланбағанына қуанып, Аллаға шүкіршілік жасадым»,  – деген екен.

Осы жерден сәл кідіріп, Хакім туралы тұщымды естеліктердің не айтатынына кезек берейік.

«Абай» журналының 1992-жылғы 3-санында жарияланған «Тұрағұлдың естеліктерінде» мынадай жолдар кездеседі:

 «1899 жылы май айының бас кезінде, Үлкен ауылға (Ділда апамыздың ауылын айтады.  – О.С.) келіп едім. Менің сәлемімді алар-алмастан:

– Биыл Сыртқа шығасыңдар ма? – деді.

Біз елдің белгілі жайлауы Шыңғыс тауының сыртына, қыстауымыздың қашықтығынан шыға алмай, жазды күні бауырдағы күзектерді жайлап жата беретұғынбыз.

– Түйеміз аз, жүгіміз сыймайды ғой, – дедім.

– Олай болса, мен түйе жинап берейін, жайлауға көшіңдер, – деді. Сол арада сыйлас Есіргеп дегенге бір жігітті жіберді.

Үш-төрт түйе берсін, біздің Кіші ауыл (Айгерім апамыздың ауылы. – О.С.) Сыртқа артып шығады. Түйесін ақсатпай, жауыр қылмай бергіземін, – деп жіберген жігіті барып келді де:

–  Түйем жоқ деп айтады, – деді…

Бұл Есіргеп біздің Ырғызбайдың төрт баласының ішіндегі ең азы, нашары Жортар деген кенже баласы болады. Сол Жортардың Арқат деген ұлының екі баласының бірі – Есіргеп. Есіргепке орташа дәулет біткен соң, Жортар балаларының ергенінен қашып, екі-үш жылдан бері менің әкемнің қасын қыстап, жаз болса және жайлап, күзеп жүруші еді. Әкем әлгі жауапты естіген соң, азырақ үндемей отырды да, аздан соң басын көтеріп:

– Иә, Құдай! Бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін. Осы Есіргеп Тәңірбердінің қасында отырып, Тәңірберді түйе сұратып жіберсе, «Түйем жоқ» деп айта алмас еді. Бұл түйемді бермегеніме Абай ашуланбайды деп, менің мінезімнің жұмсақтығына сеніп бермеді, – деп қатты қуанды».

Бұрынғылар осылайша жүректерін тексеріп, оның тазалығы үшін ғана дерттеніпті. Жүрегінде дүниеге махаббат болмағанын зор қуаныш біліп, бек қатты қуаныпты.

Оразбек САПАРХАН