Алғаш сөз алған ректор Абай мұрасы, оның бүгінгі қоғамдағы маңыздылығы турасында айта келе, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ҚМДБ-ға өз алғысын жеткізді. «Абай мен Шәкәрім еліне қош келдіңіздер. Қойнауына құт қонған өлкеде осындай алқалы жиынды ұйымдастыру үлкен бақыт. Құрметті бас мүфти, Жидебайға жасаған зияратыңыз қабыл болсын! Игі шара оңынан өтсін!» деп түйіндеді сөзін Мейір Ескендіров.
Сондай-ақ конференция барысында арнайы баяндама жасаған Бас мүфти: «Хакім Абай Алланы тану, оның сипаттарын білу үшін ғылымды меңгер деді. Білімді болу арқылы ғана біз кемелдікке жетеміз деген ойларын көптеген қара сөздерінен аңғаруға болады. Егер таным таяз болса, иман да – әлсіз. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2019 жылдың қазан айында ІІІ республикалық имамдар форумын өткізді. Осы форумда Қазақстан мұсылмандарының «Жеті қазық» рухани тұғырнамасы қабылданды. Соның ішінде білімділікті жеті рухани қазыққа арнайы енгіздік» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сонымен қатар игі шарада абайтанушы ғалымдар Абай мен Шәкәрім, әл-Фараби мұрасы жөнінде баяндама жасады. Ал конференция соңында жиынның үндеуі қабылданды.
Пікір қалдыру