COVID-19 (коронавирус) несімен қауіпті?

Өткен жылдың желтоқсан айында Қытай мемлекетінен шыққан «коронавирус» (COVID-19) ауруы бүгінде әлемге таралып үлгерді. Әлі емі табылмағандықтан, бұл аурудың қауіптілігі басым. Өткен аптада біздің елімізде де бұл вирусты жұқтырған адамдар анықталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің нақты мәліметтері бойынша, елімізде коронавирус жұқтырған 9 адам тіркелген. Олардың барлығы қазақстандық азаматтар болғанымен, Еуропа елдерінен келгені анықталған.
Коронавирус – ауа арқылы тарап, өкпенің қабынуын тудыратын ауру. Жұқтыру үшін бұл аурумен ауыратын адаммен бір бөлмеде отырудың өзі жеткілікті. COVID-19 инфекциясы науқас адам жөтелу немесе түшкіру кезінде науқастың мұрнынан немесе аузынан шығатын ұсақ тамшылар арқылы адамнан адамға жұғу қаупі бар. Ал тамшылар адамның айналасындағы заттардың беттеріне түседі. Адам алдымен затты ұстап, сосын көз, мұрын немесе ауызға қолын тигізу арқылы жұқтыруы мүмкін. Сол себепті науқас адамнан кемінде 1 метр қашықтықта болу керек. Вирусты жұқтырған күнде де, алғашқы күндері еш белгілері болмауы да мүмкін, симптомдары    5-6 күн ішінде білініп, 1-14 күн аралығында дами бастайды.
COVID-19-дың жиі кездесетін белгілері:
• Дене қызуы;
• Әлсіздік;
• құрғақ жөтел;
• Кейде ауырсыну;
• мұрынның бітелуі, ағуы;
• фарингит немесе диарея.
Әдетте, бұл белгілер біртіндеп дамиды, жеңіл өтеді. Вирус жұқтырған кей адамдар тіпті ешқандай белгілерді сезінбеуі мүмкін. Көп жағдайда (шамамен 80%) ауру жазылумен аяқталып, арнайы емдік шаралар қажет болмайды. COVID-19 жағдайының 6/1-де тыныс алу жеткіліксіздігінің дамуымен ауыр белгілер пайда болады. Егде жастағы адамдар, сондай-ақ артериалды гипертензия, жүрек ауруы немесе қант диабеті сияқты соматикалық аурулары бар адамдар үшін COVID-19 ауыр тиеді. Сондықтан егер дене қызуы, жөтел немесе тыныс алу қиын болса, дәрігерге хабарласыңыз. Ал ауру белгілері жоқ адамнан жұқтыру қаупі өте төмен.
​Сақтану шаралары:
• қолды сабындап немесе арнайы құралдармен (спирт қосылған) жуу;
• бөлмені күніне кем дегенде 2 рет желдетіп отыру;
• жөтел немесе түшкіру кезінде, шынтақтың ішкі жағымен бүркемелеу, бір реттік салфетка қолдану;
• иммунитетті күшейтетін дәрумендер мен жидектер (қарақат,т.б.) пайдалану;
• тағамдарды шикі күйінде пайдаланбау;
• дене қызуы бар немесе жөтеліп тұрған адаммен кемінде 1 метр ара қашықтықты сақтау.
Бақара сүресінің 222-аятында:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ 

«Анығында, Алла істеген күнәсі үшін шынайы өкініп. Өзіне бойсұнуға қайтушыларды /тауба етушілерді/ жақсы көреді әрі тазарушыларды жақсы көреді» делінген. Ауырмаудың бірден-бір жолы тазалық екенін ескерсек, жеке бас гигиенамызды сақтап, өзіміздің де, өзгенің де өміріне жауапты екенімізді біле жүрейік.

                 Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің

наиб имамы Балтабеков Бауыржан Құмарғазыұлы.