Діни ақпарат орталығына (call-center) бір тәулікте шамамен 50-60 сұрақ түседі. Бұдан бөлек WhatsApp желісі арқылы сауал қоюшылар да бар. Статистикалық мәлімет бойынша, бүгінде сауал қоюшылардың басым бөлігі жұқпалы індеттен сақтанудың жолдары, оқылатын арнайы дұғалар, жұма намазына қатысты үкімдер, т.б. туралы білгісі келеді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру игі жобасы аясында елімізде ізгі іс-шаралар қолға алынуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – жамағат тарапынан қойылған діни сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелер бойынша пәтуа шығару. Қазір біз еліміздегі төтенше жағдай кезінде халыққа үміт шуағын шашып, оларды жігерлендіретін, иманын күшейтіп, құлшылығын арттыратын насихатты көбірек айтуымыз керек. Осы бағытта жүзеге асып жатқан онлайн дәрістер мен уағыз-насихат жұмыстарын тоқтатпауымыз тиіс» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Діни орталықтың ашылу рәсімінде Бас мүфти еліміздің әр аймағынан түскен сауалдарға жауап берді.
Айта кетсек, call-center осыған дейін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті жанынан ашылған болатын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әлеуеті мен Шариғат және пәтуа бөлімі қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесі ескеріліп, сall-center қызметі мүфтияттың бас ғимаратына көшірілді.
Пікір қалдыру