Оразаға күн батқаннан бастап, таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету абзал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
مَنْ لَمْ يُبَيِّتْ الصِّيَامَ مِنْ اللَّيْلِ فَلا صِيَامَ لَهُ
«Кім оразаға түннен бастап ниет етпесе, оның оразасы жоқ»[1] – десе, тағы бір хадисінде:
مَن لَمْ يَجمع الصِّيَامَ قَبْلَ الفَجْرِ فَلَا صِيَامَ لَهُ
«Кім оразаға таң атпай тұрып ниет етпесе, оның оразасы жоқ»[2] – деп, ораза ұстаушыға ниет етудің қаншалықты маңызды екенін ұқтырып, әрі түннен таң атқанға дейінгі уақыттарда ниет ету керектігін меңзейді.
Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айы және уақыты белгіленген серт оразасы мен ерікті оразаларға түннен бастап ниет етуге болады. Бірақ шарт емес. Түске дейін ниет етсе болады. Ал, рамазан оразасының қазасы, уақыты белгіленбей, жалпы серттелінген ораза, кәффарат, бұзылған нәпіл оразаның қазасы сияқты ораза түрлеріне түннен ниет етілуі қажет.
Сондықтан Рамазан айының оразасына таң атқанша қандайда бір жағдаймен ниет ете алмай қалса, яки ұйықтап қалған болса Ханафи мәзһабымыз бойынша сәске уақытына дейін ниет етуге рұқсат. Себебі түстен кейінгі ниет күннің екінші жартысына ғана ниет еткен болып саналады да, ораза дұрыс болып есептелмейді.
Оразаға ниет ету жүрекпен болады. Ниетті тілмен айту шарт емес. Сәресіне тұру, тұрамын деп ниеттеніп жатудың өзі ниет еткен болып саналады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّمَا الأَعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ
«Амалдар ниетке байланысты»[3] – деген. Демек ниетсіз ораза дұрыс болып саналмайды. Рамазан айының оразасын әр күнге жеке-жеке ниет ету қажет.
Ниет – ораза ұстағанда азу үшін, я болмаса жәй ұстап көрейін, зияны жоқ қой деп, немесе дәрігерлердің айтуымен денсаулыққа байланысты диета ұстау мақсатында емес, Алланың парыз еткен оразасының сауабын үміт етіп, парызды орындау үшін екендігін нақтылаумен болмақ.
[1]Нәсаи, Әбу Дауд, Термизи (Иълаус сунән, Китабу әс-Саум).
[2] Термизи, Нәсаи (Иълаус сунән, Китабу әс-Саум).
[3] Бұхари
Пікір қалдыру