Әйел адамның дауысы әурет емес екендігі турасында басым көпшілік ғұламалардың көзқарастары бар. Себебі, Құран Кәрімде де, хадис шәріптерде де әйелдің дауысы харам екендігін білдіретін нақты мәтіндер кездеспейді.
Дегенмен, кейбір Ханафи мазһабының ғалымдары әйелдердің дауысы әурет екендігін айтқан. Ол кісілер өз уәждерінің дәлелі ретінде Нұр сүресінің 31-ші аятында әйелдер қауымына бағытталған «Сондай-ақ, жасырын зейнеттерін көрсету үшін аяқтарын жерге ұрмасын», – деген сөйлемді келтіріп, аяқтарының дауысын естірту харам болса, өз дауыстарын естірту әлдеқайда харам болатындығын айтқан. Сонымен қатар, хадисте имам намазда жаңылысқан жағдайда ер жамағаттар «Субханаллаһ» деп ескертсе, әйелдер қолдарын бір-біріне соғу арқылы ғана ескерту керектігі айтылған (Сахих Бұхари, 1203). Қажылық уақытында ер азамттардың тәлбия дұғасын дауыстап айтулары сүннет. Ал, әйелдердің бұл дұғаны дауыстап айтпағандары жөн (Әл-Кәфи фи фиқһ Әл-Ханафи). Міне, осы секілді дәлелдерге сүйеніп кей ғалымдар әйелдердің дауыстарының әурет екендігін айтқан.
Алайда, Ханафи мазһабының басқа бір топ ғалымдары мен қалған мазһабтардың ғалымдары әйелдердің дауысы әурет дегенмен келіспейді және бұл көзқарас көпшілік ғалымдар тарапынан мақұлданған. Ол ғалымдар жоғарыда аталған уәждерге былай жауап қатады:
Әйелдердің аяқтарын жерге ұрған кезде шығатын дауыс емес, осы әрекеттері арқылы еркектердің назарын өздеріне аударып, олардың күнәға түсулеріне себеп болулары харам етілген. Намазда және қажылықта дауыстарын көтерулеріне тыйым салынуының да себебі сондықтан. Өйткені, әйелдердің дауыстарын әсемдеп шығарулары еркектердің құмарлықтарын оятып, күнәға ұрындыруы мүмкін. Сол себепті, әйелдердің азан айтуларына да тыйым салынған. Ендеше, кей ғалымдардың «Әйелдердің дауысы – әурет», – дегендегі мақсаттары олардың сөйлеулерін харам санау емес. Біз қажеттілік жағдайында әйелдердің бөтен еркектермен сөйлесуін рұқсат деп есептейміз. Тек дауыстарын көтеріп, әсемдеп, құбылтып сөйлеулерін құп көрмейміз (Ибн Абидин, Раддул Мухтар).
Бқл пікірді Алла елшісі ﷺ мен сахабалардың өмір үлгілері де қуаттайды. Бірнеше хадистерде Алла елшісінің ﷺ сұрақ сұрап келген әйелдерге жауап беріп, олармен сөйлескендігі жайлы риуаяттар жеткен. Сахабалар кезеңінде де әйелдер мешітке келіп, білім иелерінен көкйлеріндегі сұрақтарына жауап алатын. Ал, әйелдердің дауысы харам болса, онда Пайғамбарымыз ﷺ бен сахабалар бөтен әйелдермен мүлдем сөйлеспес те, олардың сұрақтарына жауап та бермес еді.
Ал, әйел адамдардың бөтен ерлердің алдында Құран оқу мәселесіне келер болсақ, Құран Кәрімде әйелдердің бөтен еркектерге назданып, қылымсып сөйлеулеріне тыйым салынғандығын (Ахзаб сүресі, 32-аят), әйелдердің азан айтуларына, намазда сүрелерді жария оқуларына болмайтындығын ескере келе, қыз бала Құран Кәрімді бөтен еркектің алдында көркем дауыспен әсемдеп оқуы Ислам әдебіне қайшы келетіндігін айтуымызға болады. Ал, әйел ұстаз болмаған жағдайда еркек ұстазға күнделікті қарапайым Құран сүрелерін оқып, қатесін тексертуінің оқасы жоқ деп ойлаймыз.
Қуаныш ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ
Абай облысы “Шариғат және пәтуа” бөліміне жауапты маман
Пікір қалдыру