Бір баласына ғана бүкіл мал-мүлкін өсиет ете ала ма?

Адам өз иелігіндегі дүние-мүлкін өзінің қалауы бойынша жұмсауына құқылы, балаларының біріне сыйлық берер кезде басқаларының келісімін алуға міндетті емес. Дегенмен, ата-ананың балаларының алдындағы негізгі міндеттерінің бірі – оларды бөліп-жармай, араларында әділдік сақтау. Мұндай әділдік – ата-ананың міндеті болумен қатар, баланың да құқығы болып табылады. Балалардың қыз-ұл, үлкен-кіші болуы мәселені өзгертпейді.

Алайда, қандай жағдай болмасын әкелері көзі тірісінде балаларының арасын бөліп-жарып, бүкіл дүниесін бір ғана баласына беріп, қалғандарын мақұрым қалдырса, бұған ол баласы жауапты болмайды. Өйткені, әкесінің ісі үшін бала жауапқа тарта алмайды. Ал, әкенің бұл әрекеті әдепке қайшы болса да, құқықтық тұрғыдан жарамды болып саналады.

Ханафи, Шафиғи, Мәлики мазһабының ғалымдары балаларына дүние бөліп беруде әділдік сақтау мүстахаб, ал, араларын бөліп жару мәкруһ екендігін айтқан (Кәсәни, Бәдәиғус санаиғ, 6/127; Ибн Нужәйм, Әл-Бахр, 7/288). Сондай-ақ, көпшілік ғұламалар балаларына дүние-мүлік үлестіріп бергенде ұл-қыз деп бөлмей, бәріне теңдей бөліп беру абзал екендігін айтады (Кәсәни, Бәдәиғус санаиғ, 7/128; Ибн Қудәмә, Әл-Муғни, 6/259).

Дегенмен, балаларының бірі айықпас дертке шалдықса, мүмкіндігі шектеулі бала болса, үлкен қарызға батқан болса, көп балалы жанұя болса, ғылыммен шұғылданып жүріп, материалдық жағдайы төмен болса және т.б. белгілі бір себептерге байланысты оған басқаларына қарағанда көбірек беруінің оқасы жоқ (Шейхзада, Мәжәмғул әнһур, 2/610).

Жоғарыда айтылған үкімдер әкенің көзі тірі кезінде дүние-мүлкін өз қолымен бөліп беруіне қатысты. Ал, кісі өзі дүниеден өткеннен кейін дүниесінің бір ғана баласына берілуін өсиет етуі мәселесіне келсек, оның жөні бөлек. Адам тірі күнінде дүние-мүлкінің ең көбінде 1/3 бір бөлігін ғана өсиет алады. Мұндай өсиетін орындау мұрагерлеріне міндетті болып табылады. 1/3 бөлігінен көбін өсиет еткен жағдайда мұрагерлерінің келісімі негізінде ғана бұл өсиет жарамды болып саналады (Маусили, Әл-Ихтияр, 4/376-377).

Сол себепті, адам өзі қолында тұратын баласына бүкіл дүниесін өсиет еткен жағдайда, ол кісінің басқа мұрагерлерінің келісімі есепке алынады. Олардың әрбірі шариғи тұрғыдан өздеріне тиесілі үлестерінен өз разылықтарымен бас тартқан жағдайда ғана бұл өсиет жарамды болады. Керісінше жағдайда өсиет етілген баласына дүниесінің 1\3 бөлігі беріледі. Қалған 2\3 бөлігі барлық мұрагерлер арасында қайта бөліске түседі.

Қуаныш Файзоллаұлы, Абай облысы бойынша Шариғат және пәтуа бөлімінің жауапты маманы