Үй жағдайында тарауық намазын оқу тәртібі

Тарауық намазын оқудың сауабы жайында Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

«Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»[1].

Тарауық намазын оқыған әрбір жан мол сауапқа кенеледі. Тарауық намазын оқу әрбір мұсылманға «сүннет муәккада» (бекітілген сүннет) болып есептеледі. Мұсылмандар күндізін оразамен өткізсе, түнін тарауық намазымен безендіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

«Алла Тағала сендерге Рамазанда (күндіз) ораза ұстауды парыз етсе, Мен (түнінде) құлшылық етуді сүннет еттім»[2].

Тарауық намазын жамағатпен оқудың үкімі Ханафи мазһабының фиқһ кітаптарында «сүннет кифая» делінген. Бұл дегеніміз, қаланың бір аймағында тұратын тұрғындардың біршамасы тарауық намазын мешітте оқып, біршамасы үйінде жалғыз оқып жатса, үйінде оқығандар жамағат сауабынан құр қалғаны болмаса, сүннетті тәрк еткен боп саналмайды. Абдулла ибн Омар т.б. біршама сахабалардың тарауықты үйінде оқығандықтары жайлы деректер бар[3]. Сондықтан қазіргі ауру таралған уақытта жасы үлкен, сырқаты бар кісілер және әйел адамдар тарауық намазын үйлерінде оқуларын шақырамыз. Үй жағдайында отбасымен тарауық намазын жамағатпен оқылатын болса, сапқа тұрғанда имамның артында ретімен бірінші ер адамдар, оның артында балиғатқа толмаған ұл балалар, олардың артынан аналар мен қыз балалар тұрады. Ерлер адамдар мен әйел адамдардың араласып тұруына болмайды[4]. Осы реттілікті сақтай отыра, барлық жамағат намаздары өтеледі. Тарауық намазы нәпіл намаздарының санатына кіретіндіктен, имамдыққа әкесі рұқсат беріп, намаздың үкімдері мен сүрелерді білсе, ұл балаға тарауық намазында имамдыққа шығуына рұқсат. Тарауық намазында әдетте Құранның ең соңғы 10 сүресі оқылады. Бірақ, Рамазан айы ішінде Құранды басынан бастап, аяғына дейін толық бір рет оқып шығу – сүннет. Тарауық намазын жалғыз оқитын немесе имам болып оқитын кісі 20 сүре білуі шарт емес. Білген сүрелерімен оқып, өткізсе де болады. Алла тағала ұстаған оразамызды, жасаған әрбір құлшылықтарымызды қабыл етсін! Әмин!

[1]Сахих Муслим, №759.

[2] Ибн Мәжә. Сүнән, №1328.

[3] Имам Шурунбуләли. Имдәд – 428 бет.

[4] Маусули, әл-Ихтияр ли тағлилил Мухтар, 1, 58 бет.