РАНТ мүшесі Орталық мешітте Жұма уағызын айтып, Түзету мекемесінде кездесу өткізді

РАНТ мүшесі, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің бас маманы Думан Нәдірұлы Абай облысына сапары барысында Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешітте жұма намазына жиналған жамағатқа “ИСЛАМ – ЫНТЫМАҚ ЖӘНЕ БІРЛІК ДІНІ” тақырыбында Жұма уағызын айтты.

Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш ол – күншілдік, іштарлық, араздық. Құранда Алла Тағала “Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер“, – деп айтқан.

Ал, Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз өсиетінде “Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көре алмаушылық жасамаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ“, – деген.

Қазақ халқымыз: “Бірлік болмай тірлік болмас”, “Бірлік түбі – береке”,

“Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, – деп ынтымақ пен береке-бірлікке шақырған.

Сондай-ақ, Жұма намазынан кейін Семей қаласындағы №19 Түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтармен кездесіп, рухани насихат айтты. Тәуелсіздік пен береке-бірліктің қадірі туралы сөз қозғап, Ислам дініндегі Сабырлылық қасиетінің маңыздылығына тоқталды.