Абай облысы: Орталық мешітте «MUFTIYAT» баспасы өнімдерінің танытым өтті

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлының бастамасымен Жұма намазына жиналған жамағатқа «MUFTIYAT» баспасы өнімдерінің арнайы танытымы өтті.

«MUFTIYAT» баспасы өз жұмысын 2019 жылдың төртінші тоқсанынан бастаған еді. Содан бері баспадан еліміздің рухани өмірі мен қоғамда қордаланған бірқатар түйткілді мәселелердің шешімі үшін қажетті көптеген кітаптар жарық көріп үлгерді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша баспадан жалпы саны 144 мың дана кітап басылып шыққан екен.

Жуырда Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешітімізге демеуші дін жанашырларының қолдауымен «Мешітке кітап сыйла» акциясы бойынша 1,5 млн теңгеге 1500 дана кітап сатып алынған еді. Аталмыш кітаптар Абай облысындағы барлық мешіттерге және медресе кітапханасына сыйға берілді.

Сонымен қатар, Жұма намазына келген жамағаттарға да бірнеше кітап арнайы таныстырылып, келесі кезекте жамағаттардың барлық кітаптармен жеке танысып көруіне мүмкіндік жасалды. Алдағы уақытта қалаған адам аталмыш еңбектерді «MUFTIYAT» баспасының арнаулы дүкенінен тікелей сатып алуына болады.