ЖАҚСЫ МІНЕЗ

Алла Тағала сүйікті Пайғамбарын (с.а.с.) мақтау және оған берілген нығметті білдіру ретінде былай дейді: “Шүбәсіз, сен теңдесі жоқ ұлы көркем мінез-құлыққа иесің”

Айша (р.а.): “Пайғамбарымыздың мінез-құлқы – Құран еді”, – дейді.

Бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.с.) жақсы әдеп-ахлақ туралы сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: “Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма (наданмен надан болма)” деген аятты оқыды.

Сонда әлгі кісіге берген жауабын төмендегіше жалғастырды: “Жақсы мінез – сенімен қарым-қатынасын үзгендерге кең пейіл және қайырымды болуың, сенен жақсылықты аяғандарға жақсылық жасауың және саған зорлық-зомбылық көрсеткендерді де кешіруің”.

Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Мен жақсы мінез-құлықты толықтыру үшін жіберілдім” дейді.

Тағы бір хадисте: “Қиямет күні жақсы істер таразыда тартылғанда ең ауыр тартатыны – Алладан қорқу және жақсы мінез”, деп айтылады.

Пайғамбарымызға (с.а.с.) бір кісі жолығып: “Уа, Алланың елшісі, дін деген не?” – деп сұрады. Алла Елшісі (с.а.с.): “Жақсы мінез”, – деп жауап берді. Содан соң оң жағына өтіп: “Уа, Алланың Елшісі, дін деген не?” – деп қайта сұрады. Пайғамбарымыз: “Жақсы мінез”, – деді. Ол кісі енді Пайғамбарымыздың сол жағына өтіп: “Уа, Алланың Елшісі, дін деген не?” – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): “Қызу қандылыққа салынбау. Түсіндің бе?” – деді.

Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.с.) келіп: “Уа, Алланың Елшісі, маған насихат айтыңыз”, – дегенде, Алланың Елшісі: “Қайда болсаң да Алладан қорық. Жамандықтан кейін күнәңді жуып кететіндей жақсылық жаса”, деді. “Тағы да?” – деді әлгі кісі. Пайғамбарымыз: “Адамдарға сыпайы мәміле жаса”, – деп жауап қайтарды.

Алла Елшісінен (с.а.с.) “Істердің қайсысы жақсырақ?”, – деп сұрағанда “Жақсы мінез”, – деп жауап берді.

Тағы бір хадисте: “Алла Тағала жақсы мінезді қылып жаратқан ешбір пендесі тозаққа жем болмайды”, – деп айтылады.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы бір хадисінде: “Сендер адамдарды мал-мүлік берумен разы қыла алмайсыңдар. Оларға жылы жүз, жағымды мінезбен ғана жағасыңдар.” – деп айтады.

Алла Елшісі (с.а.с.) намазында: “Уа, Жаратқан Алла! Маған жақсы мінез нәсіп қыла көр. Сенен басқа ешкім мені оған жеткізе алмайды. Уа, Жаратқан Алла! Мені жаман мінезден алыс қыл. Сенен басқа ешкім мені одан сақтай алмайды” деп дұға қылды.

Пайғамбарымыздан (с.а.с.) “Әсемдік неде?” – деп сұрағанда: “Әсемдік жылы сөз, жылы жүз және күлімдеуде болады. Кім адамдарды жағымды қарсы алып, оларға жақсы мәміле жасаса, оның ешкімге ауырлығы тимейді және оның туыстық мәмілесі мақталады”, – деп жауап берді.

“Жүректің сырлары” кітабынан аллынған.