Аягөз қаласының орталық мешітінде ас беру мәдениеті, той өткізу әдебі және зират тұрғызу тәртібіне қатысты дөңгелек үстел өтті.
Тағылымды жиынға жергілікті ақсақалдар, асабалар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысып, өзара пікір алмасты.
Дөңгелек үстел барысында Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы да өз ойын ортаға салып, ас беру, той өткізу және зират тұрғызу мәдениетіне қатысты маңызды мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар қоғам өкілдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ортақ шешім қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушылармен ашық пікір алмасып, көтерілген мәселелердің қоғам үшін өзектілігіне назар аударды.
Кездесу барысында ас беру кезінде ысырапшылдыққа жол бермеу, марқұмды еске алуда шариғат талаптары мен ұлттық дәстүрді үйлестіру, той-жиындардың тәрбиелік мәнін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар зират тұрғызу барысында қарапайымдылықты сақтау, шектен тыс сән-салтанат пен орынсыз шығынға жол бермеу жайы да сөз болды. ҚМДБ Қамқор-шарапат мекемесінің қызметі туралы да егжей-тегжейлі баяндалды.
Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, діни ұстанымдарға сай ас беру, той өткізу және жерлеу мәдениетін қалыптастыру, қоғамда ысырапшылдықтың алдын алу.
«Құдайы ас – жарыс емес, сауап. Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» деген ұстанымды негізге алған басқосу өзара түсіністік пен ортақ пікір қалыптастыруға бағытталды.



























Пікір қалдыру