КӨКПЕКТІ: АС ПЕН ТОЙ МӘДЕНИЕТІНЕ ҚАТЫСТЫ КЕЛЕЛІ ЖИЫН ӨТТІ

Көкпекті ауданының Мәдениет үйінде «Құдайы ас – жарыс емес, сауап», «Той – тәрбие мен тағылымның ордасы» тақырыптарында тағылымды кездесу өтті.

Келелі кездесуге Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы, ҚМДБ Қамқор-шарапат салттық қызмет көрсету мекемесінің Абай облыстық филиалы директоры Арман Мелсұлы, Көкпекті ауданының ардагерлер кеңесі, ақсақалдар мен әжелер, мейрамхана меңгерушілері, асабалар мен қоғам өкілдері қатысты.

Басқосудың негізгі мақсаты – ҚМДБ тарапынан қабылданған “Ас беру мәдениеті”, “Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу” құжаттарын насихаттау, қазақ халқының салт-дәстүріндегі ас беру мен той өткізу мәдениетін түсіндіру, діни құндылықтар мен ұлттық тәрбиені сабақтастыра отырып, қоғамдағы ысырапшылдықтың алдын алу, шектен тыс даңғазалыққа тоқтау айту.

Жиында сөз алған Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы құдайы ас пен тойдың бәсекеге айналмауы керектігін атап өтті. Сондай-ақ, ас беру – марқұмды еске алып, дұға бағыштаудың, ал той – қуанышты бөлісіп, ағайынның басын қосып, өнегелі дәстүрді дәріптеудің мүмкіндігі екенін жеткізді. Осы орайда әрбір игі шарада ысырапқа жол бермей, шариғат талаптары мен ұлттық құндылықтарды басшылыққа алудың маңыздылығына тоқталды.

Кездесу барысында құдайы ас берудегі қарапайымдылық пен шариғи талаптар, дастарқан мәдениеті, той өткізудегі жауапкершілік, ұлттық дәстүрді сақтау және кейінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру мәселелері кеңінен қозғалды.

Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, қоғамда қалыптасқан кейбір дағдыларды қайта қарау, ас пен тойды бәсекеге емес, береке мен бірліктің, сауап пен тағылымның ордасына айналдыру қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысында ас беруде де, той өткізуде де шектен шықпай, ысырапқа жол бермеу – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екені айтылды.