КӨКПЕКТІ АУДАНЫ: ДІНИ САУАТ АШУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

PrintIM

Абай облысы Көкпекті аудандық мешіті жанында Фахрутдин ата атындағы Діни сауат ашу орталығының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесі, ақсақалдар алқасы мен әжелер мектебі өкілдері, алыс-жақыннан келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Іс-шара барысында Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы құттықтау сөзін сөйлеп, діни сауаттылықты арттырудың, жас ұрпаққа имандылық тәрбиесін берудің және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жаңа орталықтың ел игілігіне қызмет етіп, халықтың діни білім алуына үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бұдан кейін Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлы сөз алып, игілікті істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында орталықтың бой көтеруіне демеушілік жасап, қолдау көрсеткен Халел Дәлелұлына құрмет көрсетіліп, Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы алғыс хат табыстап, Көкпекті жұрты атынан иығына шапан жапты.

Ақсақалдардың ақ батасымен оқу ордасының лентасы қиылып, келген қонақтар ғимараттың ішін аралап, оқу бөлмелерімен және ішкі жабдықталуымен танысты.  Сонымен қатар орталықтың ауласына шырша ағашы отырғызылып, игі іске өзіндік үлес қосылды.

Жаңа діни сауат ашу орталығы – тұрғындардың діни білімін жетілдіруге, имандылық пен ізгілікті насихаттауға, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне қызмет ететін маңызды рухани орын болмақ.

Алла Тағала игілікті істің қайырын беріп, ілім ордасының жұмысына береке нәсіп етсін!

PrintIM
PrintIM
PrintIM
PrintIM
PrintIM
PrintIM
PrintIM