“ЖАТ АҒЫМ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ” АТТЫ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Жастардың діни сауаттылығын арттыру, олардың жат діни ағымдардың ықпалына түсіп қалуының алдын алу мақсатында Абай Құнанбайұлы мешіті жанындағы Студенттер үйінде “Жат ағым жарға жығады” тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуді ҚМДБ Жат діни ағымдардан сақтандыру бағытының Абай облысы бойынша жауапты өкілі Ардақ Меллетұлы жүргізді. Шара барысында ол жастарға жат діни ағымдардың қауіптілігі, олардың адамдарды өз қатарына тарту тәсілдері және мұндай топтардың қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар, діни ақпаратты дұрыс таңдау, әлеуметтік желілердегі күмәнді уағыздар мен жалған ақпараттарға сын көзбен қарау, кез келген діни мәліметтің ақиқатын тексеру қажеттігіне тоқталды. Дін мәселесінде білікті мамандардан кеңес алып, дәстүрлі діни таным мен ұлттық құндылықтарды берік ұстанудың маңызын атап өтті.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында жалғасып, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Ардақ Меллетұлы қойылған сауалдарға тұшымды жауап беріп, жастарға дұрыс діни бағытты таңдауда сақ, әрі, сауатты болуға шақырды.

Тағылымды басқосу жастардың діни танымын кеңейтіп, жат ағымдардың жетегінде кетудің алдын алуға бағытталды.