ИСЛАМ ДІНІ БОЙЫНША ӘЙЕЛ АДАМНЫҢ МИРАСТАҒЫ ОРНЫ ҚАНДАЙ?

Ислам дінінің қаржылық мәселерге қатысты бекіткен үкімдері жалпы алғанда жауапкершілік пен пайданың балансына негізделеді. Мирас құқығы да осыған кіреді. Үйленер кезде ер азаматқа болашақ жарына мәһір беруі міндеттелген. Тұрмыс құрмаған қыздың напақасы әкесі мен аға-бауырларының мойнында болса, үйленген соң күйеуінің мойнына жүктеледі. Осы және осыған ұқсас мәселелер тұрғысынан қарасақ, әйел адамға мирас бөлу мәселесінде әділетсіздік жасалмағандығын түсінеміз. Әйел адамның мирастан алатын үлесі дүние салған адаммен арасындағы туыстық байланыстың дәрежесіне қарай өзгеріп отырады.

1) Дүние салған әкесінің мұрасындағы қызының үлесі. Бірге туған аға-бауырлары болса, қыз бала ер баланың үлесінің жартысын иеленеді. Әкесінің еркек кіндікті баласы болмай, тек жалғыз қызы ғана болса, мұраның жартысына ие болады. Ер баласы болмай, қыз балалары бірден көп болса, мирастың 2/3 (үштен екі) бөлігіне ие болады да[1], бұл бөлік қыздарының арасында теңдей бөлінеді.

2) Дүние салған адамның немересі. Қайтыс болған кісінің балалары жоқ болып, ұлынан туған қыз немересі ғана болған жағдайда, ол қыз бала атасының мұрасының жартысын иеленеді. Бірден көп болса 2\3 бөлігіне ие болады. Атасының ұл немерелері де болған жағдайда қыз бала олардың үлесінің жартысын алады. Атасының өз қызы бар болса, мирастың 1/6 (алтыдан бір) бөлігіне ие болса, ал, ұлы болған жағдайда мирастан үлес ала алмайды.

3) Қайтыс болған кісінің бірге туған әпке-қарындасы. Қайтыс болған кісінің ұлы, ұл немересі, әкесі немесе атасы болса, бірге  туған әпке-қарындастары мирастан үлес ала алмайды. Ешкімі жоқ болса, тек жалғыз әпкесі немесе қарындасы болса, ол мұраның жартысына ие болады. Сандары бірден көп болса 2/3 бөлікке ие болады. Бірге туған аға-бауырлары болған жағдайда, еркек кіндіктілердің үлесінің жартысын иеленеді. Марқұмның қызы немесе қыз немересі болса, олардың үлесінен қалған бөлікті иеленеді[2].

4) Марқұмның анасы. Қайтыс болған кісінің балалары немесе бірден көп аға-бауыр, әпке-қарындастары болса, анасы оның мұрасының 1/6 бөлігін иеленеді. Егер, балалары болмаса және бір ғана аға-бауыр немесе әпке-қарындасы болса, анасы 1\3 бөлікке ие болады[3].

5)  Марқұмның жұбайы. Күйеуі қайтыс болған әйел, оның балалары болған жағдайда мұраны 1/8 бөлігін, балалары болмаса 1\4 бөлігін иеленеді[4].

Қуаныш Файзоллаұлы

Абай облысы бойынша пәтуаға жауапты маман

[1] Ниса сүресі, 11-аят.

[2] Тәсһилул фараид, 42-бет.

[3] Ниса сүресі, 11-аят.

[4] Ниса сүресі, 12-аят.