БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ – ЗЕКЕТ

Зекет сөзінің тілдік мағынасы «тазару», «өсу», «арту» дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы «балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман адамның Алла Тағаланың разылығы үшін нисабқа жеткен мал-мүлкінің белгілі мөлшерін шариғат белгілеген адамдарға беру» дегенді білдіреді. Яғни зекет – белгілі бір адамдарға берілетін міндетті садақа.

Алла Тағала Құранда: «Намаз оқыңдар және зекет беріңдер», – деген. «Зекет» сөзі Құранда 57 жерде келсе, соның 27-сінде намазбен қоса айтылады. Бұл намаз бен зекеттің бір-бірінен ажырамайтынын білдіреді. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Намаздарыңды оқыңдар, зекеттеріңді беріңдер. Маған және әке-шешелеріңе шүкірлік қылыңдар. Маған және пайғамбарға бойсұныңдар», – деген үш аят үнемі бірге айтылатынын жеткізген. Ибн Масғудтан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бұл аяттарда намаз оқуға, зекет беруге бұйыруда. Кім намаз оқып, зекетін бермесе, оның намазы қабыл болмайды», – деген.

Ислам бес тіректің үстіне құрылған болса, зекет – осы бес тіректің үшіншісі. Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бес нәрсе үстінде құрылған: Алладан басқа құдай жоқ және Мұхаммед Оның елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, шамасы келген адамға қажылыққа бару және Рамазан айында ораза ұстау», – деген. Хәкім Абай: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс…», – деп, мұсылман адамға бес парызын толық орындау міндет екенін жеткізген. Сондықтан зекет құлшылығына қатысты керекті мағлұматтарды білу және оған амал ету – әрбір мұсылманға парыз.

Зекет һижраның екінші жылында, яғни Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласына көшіп барған соң екі жылдан кейін парыз болған. Алла елшісінің уақытында зекет ауқатты мұсылмандардан алынып, кедейлерге үлестірілген. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муғаз бин Жабалды (Алла оған разы болсын) Иеменге жіберіп жатып былай деп өсиет айтқан болатын:

«Расында сен Әһли кітап (кітап иелері – яһудилер мен христиандар) қоғамына бара жатырсың. Оларды Алладан басқа құдай жоқ екеніне және менің Алланың елшісі екеніме куәлік етуге шақыр. Егер мұны қабыл етсе, Алланың бір күнде бес уақыт намазды парыз еткенін айт. Мұны да қабылдаса, байлардан алынып, кедейлеріне берілетін зекеттің оларға да парыз етілгенін айт. Егер олар оны қабылдап бойсұнса, олардың малының ең жақсысын алудан сақтан. Мазлум (зұлымдыққа ұшыраған) адамның дұғасынан
қорық. Өйткені онымен Алланың арасында перде жоқ», – деді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтіп, Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) халифа болған уақытта көптеген адамдар намаз оқыса да, зекет беруден бас тартты. Сонда Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Алла атымен ант етемін! Намаз бен зекеттің арасын бөлетіндерге қарсы тұрамын. Зекет – мал-мүліктің хақы. Аллаға серт! Кімде кім Алланың елшісінің кезінде беріп жүрген бір лағын менің кезімде беруден бас тартса, әлбетте оларға қарсымын», – деген болатын. Осыдан кейін зекет беру қайта жүйеленіп, ауқатты мұсылмандар кедейлерге өз мал-мүлкінен зекет бере бастады. Тіпті Омар бин Абдулазиздің (оған Алла разы болсын) халифа болған кезінде зекет беретін адамның көп болғаны сондай, оны алатын адам табылмай қалған. Өйткені әрбір отбасы зекет беретін дәрежеге жеткен еді.

Зекет – Алла Тағаланың бұйрығы, мал-дүниесіне, нығметіне шүкірлік етуі. Сондықтан зекет берген мұсылман құлшылық еткен болып, мол сауапқа кенеледі. Алла Тағала Құранда: «(Уа, Пайғамбар)Оларды (күнәдан) тазалап, ақтауың үшін мал-мүлкінен садақа ал. Әрі олар үшін дұға қыл. Расында сенің дұғаң – олар үшін бір тыныштық. Ал Алла – Естуші де Білуші!» – деген.

Бұл аятта Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) малы нисаб мөлшеріне жеткен мұсылмандардың зекет беруге міндетті екенін бұйырып жатыр. Бұл аят зекеттің парыз екенін айқын көрсетіп тұр. Аяттағы «тазалау» сөзі рухани тазалықты қамтиды. Яғни зекет беру мұсылман адамның жан дүниесін сараңдықтан, байлығын харам нәрседен тазалайды. Сондай-ақ қоғамды қайыршылықтан, кедейлердің байларды көреалмауынан сақтап, қоғамда татулық орнайды. Керісінше зекет бермеген адам дүниеқоңыздыққа, кедейлердің ақысын жеуге бейім болады. Мұның соңы қоғамда тойымсыздық, құрғақшылық, жұттың болуына себеп болса, ақыретте Алланың неше түрлі жазасына алып барады. Алла Тағала Құранда: «Алтын мен күмісті қазына етіп жинап, оларды Алланың жолында жұмсамайтындарға ауыр азап барын жеткіз. Сол күні (Қиямет күні) олар (алтын мен күмістері) жәһаннам отына қыздырылады да, сонымен олардың (қазына жинаушылардың) маңдайы, бүйірі және арқасы күйдіріледі. (Сосын оларға былай делінеді): «Мынау – өздерің үшін жиғандарың. Енді жиғандарыңның дәмін (азапты) татыңдар!» – дейді.

Мұсылман адам зекетін шын ықыласымен, Алла Тағала разылығы үшін беруі керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім зекетті сауап алу мақсатында берсе, сауабын алады», – деген. Ал кім зекетін міндетсіп берсе, зекетінің қабыл болмай қалу қаупі бар. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Мал-мүлкін адамдарға рия үшін (көрсету үшін) жұмсап, Аллаға һәм Ақырет күніне сенбейтін біреу сияқты садақаларыңды міндетсінумен және зәбірмен жойып жүрмеңдер», – деген.

Алла Тағала бұл дүниеде қалаған адамына мал-дүние беріп, қалаған адамын кедейлікпен сынайды. Бұл дүние сынақ және амал алаңы болса, ақырет – жаза алаңы. Сондықтан беріліп жатқан мал-дүниенің де сынақ екенін түсініп, оған шүкір етіп, ақысын берсек, Алла Тағала осы дүниеде мал-дүниемізге береке беріп, мол сауапқа кенелтеді. Ал ақыретте сол сауаптың жемісін көрсетеді. Ендеше Алла Тағала баршамыздың беріп жатқан зекет-садақамызды қабыл етсін!

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл