САУАЛҒА – ЖАУАП

Оқырмандар тарапынан оразаға байланысты түскен сауалдарға Үржар ауданының бас имамы Ұлан қажы Шрайнбеков жауап береді.

– Ораза кезінде бассейнге  шомылуға бола ма?

– Ислам – жеңілдікті қалайтын дін. Егер Ораза кезінде салқындағыңыз келсе, сумен құйынуға болады. Бірақ судың тамаққа кетіп қалуынан сақ болған жөн. Өзенге де барып, шомылуға болады. Дегенменде, бұнда суды жұтып қою қаупі басым. Сондықтан, ең абзалы ораза кезінде өзенге шомылмаған жөн.

– Кейбір адамдар Рамазан айының басында үш күн, аяғында үш күн ораза ұстап, парызды өтеуге болады деген уәж айтады. Осы дұрыс па?

– Шариғатымызда Рамазан айындағы оразаға қатысты ондай үкім жоқ. Қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресінде: «…Сендерден кім Рамазаннан болса, ораза ұстасын», – деп Алла Тағала бізге Рамазан айы бойы ораза тұтуды парыз етсе, Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа айды көргенде ауыздарыңды ашыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толтырыңдар» – деп бір ай бойы ораза тұту керектігін қуаттайды.

– Cәбиі бар аналарға ораза ұстау да қандай жеңілдіктер бар?

– Алла Елшісі (с.ғ.с)-тың: «Алла Тағала жолаушыға ораза ұстауды, намазды толық оқуды міндеттемеген (төрт ракаттық парыз намаздарды). Және жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдерді де ораза ұстаудан босатқан» – деген хадисі бар. Баласының және өзінің денсаулығына зиян келетін болса, ұстамауына болады. Бұндай жағдайда фидия садақасы берілмейді. Алайда, ораза тұтпаған күндерінің қазасын кейін өтеуге тиіс.

– Қан тапсыру оразаны бұзбай ма?

– Донор болу денсаулыққа әсер етіп, әлсіздікке әкелетінін ұмытпаған жөн. Қорыта айтқанда денсаулығыңызда жайсыздық әкелмесе қан тапсыруға болады.

– Оразаның фидиясын қанша адамға беруге болады?

– Қаза болған оразаның фидиясын бір адамға немесе бірнеше адамға беруге болады. Бұндай жағдайда ораза фидиясын беруші төлем қаржысын өз қалауымен бөліп береді. Қаза болған оразаның төлемін бір немесе бірнеше мұқтаж кісілерге таратып беруге болады. Биылғы жылы 1 күндік фидияның көлемі 1700 теңге болып белгіленді.

– Рамазан оразасын ұстау үшін күнде ниет жасау шарт па?

– Рамазан айындағы ораза ғибадат болғандықтан ниет ету шарт.    Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: „Таң намазына дейін ниет етпеген кісінің оразасы жоқ” – деп айтқан екен. Оразаға жүрекпен ниет ету шарт. Ал тілмен айту мұстахаб яғни көркем амал болып табылады. Ниетсіз ораза дұрыс болмайды. Алла Елшісі (с.ғ.с.): „Амалдар ниетке қарай” – деген.