АЙТ НАМАЗЫН ҮЙДЕ ОҚУҒА БОЛА МА?

Айт – дегеніміз араб тілінен аударғанда, «мереке, мейрам, той» деген мағыналар білдіреді. Ораза айт намазы дінімізде өте маңызды саналатын, жамағатпен жылында бір рет орындалатын ғибадат екендігі баршамызға мәлім. Әбу Ханифа мәзһабында ораза айт намазы әрбір мұсылманға – уәжіп (міндет) делінген. Міндет болуының бірден-бір себебі – пайғамбарымыз Мухаммед (с.ғ.у) дүниеден өткенше ешқашан айт намаздарын тастамағаны әрі жұртқа бұл күні намазға шығуларын бұйырғаны негізгі дәлел.

Үммү Атия (Алла ол кісіге разы болсын) былай дейді: «Ораза айт күні біз намазға шығуға бұйырылатынбыз. Тіпті үйінде отырған қыз бала да үйінен шығып келетін. Тіпті етеккірі келген әйелдер де келіп, жамағаттың ең артында тұрып, тәкпір айтып, дұға етіп, бұл күннің берекелі әрі (күнәдан) тазару болатынына үміттенетін».1

Айт намазының шарттары:

  1. Ер кісі болу: Айт намазы әйелдерге міндет емес (Алайда айт намазына қатысуға тыйым салынбаған, керісінше мешітке келіп айт намазын оқып дұға тілеуге үнделген)
  2. Азат болу: Азаттығы болмаған тұтқын мен қапаста жатқандарға айт намазын оқу міндет емес.
  3. Жергілікті тұрғын болу: Жолаушыға айт намазын оқу міндет емес. Себебі жолаушыда жол қиыншылықтары бар. Оған жеңілдік берілген.
  4. Науқас немесе білгілі себептер болмау: Намазға барса, ауруының асқынуынан қорыққан немесе өзіндегі ауруын өзгеге жұқтыру қауіпі бар жандарға – айт намазы міндет болып табылмайды. Сол секілді науқасқа қараушы, әлсіз кәрі, көзі көрмейтін, мүгедек және кезектегі сақшылар секілді себебі болғандарға айт намазы міндет емес.
  5. Айт намазы оқылатын жердің қала немесе елді мекен болуы: Мешіті жоқ ауылдар, немесе ауылды жерде мешіті болсада имамдыққа лайықты адамы жоқ немесе халқы болмаған жағдайда, айт намазы оқылмайды.
  6. Уақыт: Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан кейін 50-55 минут өткеннен кейін басталып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады.
  7. Айт намазы жамағатпен мешітте оқылуы: Немесе арнайы шахар басшылығының құлшылыққа белгілеген орында оқылуы шарт.

Жоғарыда аталған шарттарға байланысты айт намазы үйде жеке, немесе үйде жамағатпен оқылмайды. Тек мешіттермен арнайы белгіленген орындарда орындалатын ғибадат.

Өкінішке орай биылғы ораза айт намазы әлемдегі және еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен айт намазы өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Алайда айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Сондықтан үйлеріңізде қалып екі немесе төрт ракағат нәпіл намазын оқып, еліміздегі індеттің толығымен кетуіне дұға жасағандарыңыз дұрыс.

Толығырақ ақпарат:

 Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының биылғы төтенше жағдайға байланысты

ораза айт мейрамын өткізу туралы

МӘЛІМДЕМЕСІ

 https://www.muftyat.kz/kk/news/qmdb/2020-05-21/31558-oraza-ait-meiramyna-katysty-kmdb-mlimdemesi/

  • Сахих Бухари хадис жинағы 956 хадис.
  • Мәлеметтер Марақул фалах және т.б Ханафи кітаптарынан алында.