БАЛИҒАТҚА ТОЛМАҒАН БАЛАҒА ОРАЗА МІНДЕТ ПА?

Рамазан айында ораза тұту денсаулығы жарайтын, кәмелетке толған, ақыл-есi дұрыс әр бір ер және әйел мұсылманға парыз. Жыл сайын әр мұсылман таңнан кешке дейiн шын ниетiмен Рамазан оразасын ұстауы қажет. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде» , – деген.

Жоғарыда айтқанымыздай ораза ұстаудың шарттарының бірі ораза ұстаушы балиғат жасында болуы керек. Балиғатқа жетпеген балаға ораза ұстау парыз емес.

 Алайда балиғатқа толмаған балаларды оразаға баулу, үйрету мақсатында ораза ұстатқызу мустахаб. Хадисте: «Біз балаларымызға ораза ұстатқызатынбыз, сосын оларға жүннен ойыншық жасап беретінбіз, біреуі тамақ деп жыласа өзіне тамақ беретінбіз, міне осылай ауыз ашар болатын»  делінеді. Ораза ұстамаса балиғатқа толмағандықтан күнә емес. Хадисте:«Үш адамнан қалам көтерілді (яғни күна жазылмайды): айыққанға дейін жынданған адамнан, оянғанға дейін ұйқыдағы адаманан, балиғатқа толғанға дейін баладан»  делінген. Сондай-ақ балиғатқа толмаған жас балалар бір себеппен оразасын бұзса, каффарат әрі күніне-күн ораза ұстап беру міндеттелмейді.