КӨРКЕМ МІНЕЗ

“Дін – тәрбие діңгегі” демекші, дініміз Исламда көркем мінезділіктің орны өте үлкен. Мұсылман адамның атқаратын намаз, ораза, зекет сияқты құлшылықтарының барлығы адамды көркем мінезділікке тәрбиелейді. Тіпті, Пайғамбарымыздың  өзі де жіберілген төл мақсаты турасында:

إِنَّمَا بُعِثْتُ لأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الأَخْلاقِ

«Расында мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» [1],– деп айтқан.  Шынымен де, Пайғамбар  тарихын оқитын болсақ, ол кісі жақындарымен ғана емес, қас жауларының өзіне көркем мінезділік таныта білген ерекше тұлға болғандығын түсінеміз. Осындай пайғамбарға ілескен, оны үлгі ете білген мұсылман адам, өз бойындағы жаман мінез құлықты басып, жақсылық қасиеттерді қалыптастыруға тырысуы қажет. Себебі, Құранда:

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِّمَنْ كَانَ يَرْجُو اللهَ وَالْيَوْمَ الآَخِرَ وَذَكَرَ اللهَ كَثِيرًا

«Расында сендер үшін, Алланы, ақырет күнін де үміт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшін; Алланың елшісінде көркем өнегелер бар»[2], – деп айтылған.

Пайғамбарымыз әрдайым сахабаларына көркем мінезділікті насихаттап отыратын болған. Усама ибн Шариктен жеткен хадисте, Пайғамбарымызға:

يَا رَسُولَ اللهِ مَنْ أَحَبُّ عِبَادِ اللهِ إِلَى اللهِ تَعَالَى؟

«Иә, Алланың елшісі, Алла Тағалаға Оның құлдарының ішінде ең сүйіктісі кім?» – деген сұрақ қойылғанда, ол кісі:

أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا

 «Мінезінің ең көркем болғандары»,– деп жауап бергендігі айтылады[3]. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз :

إِنَّ مِنْ أَحَبِّكُمْ إِلَيَّ وَأَقْرَبِكُمْ مِنِّي مَجْلِسًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ أَحَاسِنُكُمْ أَخْلَاقًا

«Менің сендердің араларыңда ең жақсы көретінім және қиямет күні маған ең жақын болатындарың мінез-құлқы ең көркем болғандарың»,[4] – деп айтқан.

Мінез құлқын жақсылыққа өзгерту турасында айтылғанда көп адамдар: «менің мінезім осылай», «мен өзім сондаймын» «менің ол мінезімді ешкім өзгерте алмайды» деп жатады. Алайда, шынайы ниет етіп, ықылас пен ынта қойған адам, кез-келген жаман мінезден арылып, оның орнын Алла сүйетін көркем мінезбен алмастыра алады. Себебі Құран аятында:

لاَ يُكَلِّفُ اللّهُ نَفْساً إِلاَّ وُسْعَهَا

«Алла ешкімге шамасы келмейтін міндетті жүктемейді»[5],– деп айтылған. Аталмыш аят дініміздегі үлкен қағида. Өйткені шариғат адамнан тек шамасы келетін міндетті ғана талап етеді.  Егер мінез-құлықты өзгерту мүмкін болмағанда, дін бізден оны талап етпейтін еді. Әр сөзін имандылықпен ұштастыра білген Абай атамыздың қара сөздерінің бірінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім»[6], – деуі де осыдан болар. Мінезді түзеу мүмкін болмағанда Пайғамбарымызда:  «Расында мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» [7], – деп айтпайтын еді. Аң екеш жабайы аңның өзі тәрбиелеу арқылы адам қолына үйренеді, ноқта көрмеген ту асауда жуаситындығы сынды, адам өз нәпсісімен ұдайы күрес жүргізу арқылы оны тәрбиелеп, жаман мінезден арылып, бойында жақсы мінезді қалыптастыра алады. Ол үшін дініміз мынадай жолдарды ұсынады:

  1. Иман ету. Көркем мінез – иманның жемісі. Адам имани кемелденген сайын оның бойындағы мінезі де көркемделе түседі. Рухани әлемі әлсіреген сайын мінезі де нашарлай түспек. Пайғамбарымызхадисінде осыған нұсқап:

أَكْمَلُ الْمُؤْمِنِينَ إِيمَانًا أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا

«Мүміндердің арасында иман тұрғысынан ең кемелдісі, мінездерінің ең жақсы болғандары»[8], – деген.

  1. Білім. Білім – көркем мінездің негізгі кілттерінің бірі. Өйткені көркем мінезді болуға ниет еткен кісі, адамдарға жақсылық жасау, ата-ананы құрметтеу, көрші ақысы, тақуалық, әдептілік, жамандыққа жақсылық істеу, жылы шырай таныту, жолдағы зиянды затты алып тастау сияқты т.б. басқа да көптеген, жақсы деп танылған сипаттардың артықшылығын, қияметте берілетін сауабы мен адам өміріне келтірер пайдалары сынды мағлұматтарды оқып білуі тиіс. Осы секілді жаман мінезден де арылу үшін: тәкәппарлық, ғайбат, өсек, қызғаныш, риякерлік, зұлымдық сияқты т.б. жағымсыз сипаттардың күнәсі, дүние – ақыреттегі зияны жайлы мағлұматтарды оқып білуі қажет.
  2. Нәпсімен күрес. Кез-келген жақсы сипат адам баласының бойына өзінен өзі келіп орныға салмайды. Оған қол жеткізу үшін адам әркез күресуі қажет.Құран аятында:

إِنَّ اللهَ لاَ يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنْفُسِهِمْ

«Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше, Аллаоны өзгертпейді»,[9] – делінеді. Демек, адам қандай да бір көркем мінезге ие болу үшін бар күш-жігерін салып, өз-өзін өзгертуге тырысады.Осы ниетіне сай Алла да оған жеңілдік пен береке беріп, оның бойында аталмыш сипатты қалыптастырады. Хадисте:

مَنْ يَتَصَبَّرْ يُصَبِّرْهُ اللَّهُ

«Кім сабыр етуге тырысса, Алла Тағала оны сабырлы етеді»,[10] – делінген.

Жаман сипаттан арылуымыз үшін дедәлосындай күрес қажет. Алла Тағала:

وَالَّذِينَ جَاهَدُوا فِينَا لَنَهْدِيَنَّهُمْ سُبُلَنَا وَإِنَّ اللهَ لَمَعَ الْمُحْسِنِينَ

«Сондай жолымызда күрескендерді әлбетте тура жолдарымызға саламыз. Рас, Алла жақсылық істеушілермен бірге»[11], – дейді. Нәпсімен күресу бір не екі мәрте ғана емес,өмір бойы ұдайы күресудіталап етеді.Бұның өзі дінімізде құлшылық деп танылады. Құрандағы;

وَاعْبُدْ رَبَّكَ حَتَّى يَأْتِيَكَ الْيَقِينُ

«Раббыңа, саған өлім келгенге дейін құлшылық қыл»[12], – делінгеніндей, құлшылықты адам өмір бойы атқаруға міндеттелген.

  1. Жақсы мінезді адамдармен араласу. Мінезді көркем етуге себепші болатын істердің тағы бір маңыздысы –жақсы мінезге ие адамдармен араласып, жаман мінезді адамдардан алшақ болу. Пайғамбарымыз былай деп өсиетінде:

الرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَليلِهِ ، فَليَنظُر أحَدُكُم مَن يُخالِلُ

«Адам өзінің досының дінінде, сол үшінде әрқайсың кімді дос тұтып жүргендігіне назар аударсын»[13],– деген.

  1. Пайғамбарымызды үлгі ету. «Мінезі Құран болған» деп сипатталған сүйікті Пайғамбарымыздың өмірбаянына назар аударсақ, өмірдің түрлі жағдайлары мен әртүрлі адамдармен қарым-қатынасында көркем мінездің ең кемел үлгісі болған. Сол үшінде, өмірде кездесетін түрлі жағдайларда, мұсылман адам өзін қолына алып: “Пайғамбарымыз  бұндай жағдайда, қандай мінез құлық танытатын еді?”, – делінген сұрақты өзіне қойып алып барып, шешім қабылдағаны дұрыс.

Думан Сайфулла

ҚМДБ, Семей өңірі, Аягөз қалалық мешітінің имамы

 

[1]Бұхари (273), Хаким (2/613), Ахмад (2/318);

[2]«Ахзап» сүресі, 21-аят;

[3]Табарани (471);

[4]Тирмизи (2018);

[5]«Бақара» сүресі, 286-аят;

[6]Абайдыңотызжетіншіқарасөзіненалынды;

[7]Бұхари (273), Хаким (2/613), Ахмад (2/318);

[8]Ахмад (2/527);

[9]«Рағыд» сүресі, 11-аят;

[10]Бұхари (1469), Муслим (1053);

[11]«Ғанкабут» сүресі, 69-аят;

[12]«Хижр» сүресі, 99-аят;

[13]Әбу Дәуд (4833), Тирмизи (2378);