Архивы

Смайыл Сейтбеков: Тәңіршілдік – дін емес, тек наным-сенім ғана

Соңғы уақыттары қазақты тәңіршілдікпен біте қайнастырып, тіпті оны дін деп жүрген материалдарды оқып жүрміз. Дін деген не? Тәңіршілдік дін бе? Қандай да бір дінді дін ретінде қалай танимыз деген сауалдарға жауап іздеген едік. Осы орайда, ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, ғылым докторы Смайыл Сейтбековтен «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық порталы сұхбат алған еді.

Смайыл Сүйерқұлұлы, дінсіз адам болса да, дінсіз қоғам болмайды. Жалпы дін дегеніміз не?

– Әуелі біз дін сөзінің ұғымын біліп алғанымыз жөн. «Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сыйлық, үкім, есеп, жаза, мойынсұну, бағыну, құлшылық, шариғат, заң, жол, тіпті, кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал терминдік мағынасы болса, Алла Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықтарды үйрететін, ақыретте Алланың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді.

Дін – бүкіл әлемнің жаратушысы тек Алла Тағала тарапынан ғана жіберіледі. Иә, дін Жаратушыдан жеткен қасиетті ұғым жүйесі болғандықтан, өзге күштің дінге ұқсас жүйе ойлап шығаруға немесе діни үкімдерге әлдеқандай өзгеріс енгізуге ешқандай да құқы жоқ. Тіпті, пайғамбарлар да мұндай құзыретке ие емес. Алла елшілерінің міндеті – Жаратқаннан келген әмірлер мен тыйымдарды үмметтеріне жеткізу.

Дін – адамға         екі дүниенің бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның барлық іс‑әрекетін қайырымдылық пен ізгілікке бағыттайды.

Дін – пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Алланың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде. Басқалай болған жағдайда, яки дін негізі уахиға сүйенбесе, Алла құзырында иләһи (құдайлық) дін болып саналмайды. Ондай дін  «жасанды дін» деп аталады.

– Діни әмір мен тыйымдардың қандай маңызы бар? Шариғат заңының өзіндік шеңбері не үшін қажет?

– Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жібергенін қасиетті Құранда баян етеді.

Ұлы Жаратушының бар екеніне сенгенімен, Оған қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар пайғамбарлар арқылы жетіп тұрды. Өйткені адам сылтау мен желеу айтпау үшін әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік.  Алла аса үстем, хикмет иесі» («Ниса» сүресі, 165-аят).

Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның болмағанын Құран баян етеді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (мүминдерге) қуанышты хабар жеткізуші (кәпірлерді) қорқытушы етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» («Фатыр» сүресі, 24-аят); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» («Юнус» сүресі, 47-аят).

Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермесе, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» («Исра» сүресі, 15-аят) деп анық ескертілген.

Демек, Ұлы Жаратушы өзінің дінін жібере отырып, соңында исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.

– Адамзаттың алғашқы діні қандай? Діни жүйе туралы ғалымдардың көзқарастары туралы не айтасыз?

– Қоғам өмірі мен рухани болмысы жайында ғылыми зерттеулер жүргізген философтар, әлеуметтанушылар мен дінтанушылар алғашқы діни жүйелер жайында түрлі тұжырымдар айтқан. Әр ғалым өзінің зерттеу нысанының шеңберінде дінге түрлі түсінік береді. Нәтижесінде, алғашқы діни жүйе ретінде ғалымдар анимизм, тотемизм, натуризм, магия, фетишизм, паганизмдерді бөле-жара атайды. Ал ислам бұл пікірмен келіспейді.

Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухид. Себебі, Адам ата адамзаттың алғашқысы, әрі бірінші пайғамбары. Ол Алланың әмірімен таухид (бірлік) дінін уағыздаған. Алла Тағала оған 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді. Хазіреті Адам (а.с.) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін – «Таухид»  (Таухид – Бір Аллаға сену, Оны жалғыз деп білу, Алладан басқа тәңір жоқ деп сену) пайда болды. Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, пендешілікке салынып таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Адамдар таухид дінінен  шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші бір елшісін, пайғамбарын жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура, шынайы жолға шақырып отырды.

– Қандай да бір дінді дін ретінде қалай танимыз?

– Ислам – Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы иләһи дін. Ислам өзінен алдыңғы иләһи шариғаттардың бәрін толықтырушы әрі кәміл дін болғандықтан, Алла исламнан өзге дінді қабыл етпейтінін мына бір аятта баян етеді: «Күмәнсіз Алланың құзырындағы дін – Ислам» («Али Имран» сүресі, 19-аят). Ислам ғұламалары діндерді екі топқа бөліп қарастырады:

  1. Алла тарапынан жіберілген сәмәуи (көктен түскен) діндер (иудаизм, христиан, ислам)
  2. Алла тарапынан жіберілмеген жасанды діндер (анимизм, натуризм, тотемизм, буддизм, индуизм т.б.).

Бір дінді дін деп атай білу үшін мынандай элементтар болуы қажет: Құдай түсінігі, пайғамбары, періштесі, қасиетті кітабы (жазба мәтіндер), моралдік қағидалар, заңдар жиынтығы, қасиетті күндер мен мейрамдар, ораза, қажылық, құрбандық, садақа, неке, құлшылық, ғибадатхана, дін қызметкері секілді діни атрибуттар қажет. Ал мұндай атрибуттар болмаса, онда ол наным-сенім немесе ырым болып есептеледі. Наным-сенім мен дінді шатастыру қателік. Егер барлық наным-сенімді дін ретінде есептесек, онда жер бетінде әр ұлттың, тайпа, рудың бір-бір діні бар деген ұғым шығады. Расында солай ма? Әрине олай еместігі анық.

– Қазір таңда көп айтылып жүрген тәңіршілдікті дін деп атауға бола ма?

– Жоғарыда айтылған мәселелер бойынша таразылай отырып, салмақтағанымызда тәңіршілдік қандай дінге жатады деген сұрақ туындайды. Тәңіршілдікті дін деп атауға болмайды. Себебі, тәңіршілдік дін емес, наным-сенім. Тәңіршілдік – түркі халықтарының исламға дейінгі негізгі діни нанымы. Табынудың басты объектісі – Тәңір.

Тәңір (көне түркі тілінде – мықты, ер, құдіретті) – көне түркілердің діни наным-сенімдеріндегі тұлғаланбаған, шексіз күйі есебіндегі аспанмен теңестірілген басты Құдай бейнесі.

Тәңірмен қатар Жер — Су құдайы да түркілер үшін – табыну объектісі болған. Егер осы айтылған тұжырымды қабыл етсек, онда тәңіршілдікте үш құдай түсінігі бар деген ұғым шығады. Тәңіршілдікті өзге діндермен салыстарғанда дін санатына жатпайтынын аңғару қиын емес. Мәселен, Тәңір түркілерден күн сайын дұғалар оқып, ғибадатханаға баруды, құлшылық жасауды талап етпейді. Күнделікті құлшылығы мен ғибадатханасы болмаса, ол қандай дін болмақ? Тек құдайды еске алып қою ол дін емес, наным немесе жасанды дін.

Философ ғалым Ғарифолла Есім тәңіршілдік мәселесінде былай дейді: «Түркілердің адамзат өркениетіне қосқан  ең үлкен үлесі Тәңір идеясы. Тәңір идеясын монетеистік сипаттағы мәдени танымның негізі деуге болады. Жалпы Тәңір мәселесінде ғылымда әр текті пікірлер баршылық. Менің де бұл мәселеде өз түсінігім бар. Тәңірді біз сипаты арқылы танимыз. Ал Тәңірдің сипаты – көк. Басқаша айтқанда көк Тәңірдің эпитеті. Сонда «көк» дегеніміз не? Біреулер көк деген аспан десе, «көкті» эпитет дегенге тоқтайды. Менің пікірімше, «көк» дегеніміз «аспан» емес. Себебі «көк» деген өсіп-өну деген мағына беретін ұғым. «Көк» сөзі де осы тәрізді Тәңірдің сипатын ашады. Тәңір – жаратылыс, ол көк, яғни мәңгі өсіп-өне беретін қуат. Тәңір деген дін емес, онда діндік институттар жоқ, дін дерлік қағидалары жоқ, ол дүниеге ашық көзқарас, ашық дүниетаным. Демек дін дүниетанымнан, осы тәңірлік ашық дүниетанымнан шығып отыр.

– Ислам діні келгенге дейін түркілер қай дінде болған?

– Түркілердің кейбір ру, тайпалары ислам діні келместен алдын иудаизм, заростризм, буддизм, манихейзм, христиан діндерін қабыл еткен. Мәселен, Хазар түркілерінің ішінде иудаизмді қабыл еткендер болса, Гагауздар христиандықты қабылдаған. Осыған қарап түркілердің бәрі аталмыш діндерді ұстанды дей алмаймыз. Ал ислам дінін жаппай қабылдауы олардың сенімімен ислам негіздерінің ұқсастығынан жаңа дінді тез қабылдауына себеп болды. Мәселен, түркілер көктегі бір құдайға сенетін, әдепке көңіл бөлетін. Ислам да бір Аллаға сенуді насихаттайды әрі әдептілікті ту етеді.

Ал буддизм мен христиан діндеріндегі құдайға сенім мәселесі түркілерді қанағаттандырмаған. Күнделікті өмірде белсенді, қызуқанды болған түркілердің жаратылысына буддизм сенімі мүлде қайшы келетін. Көктүрік қағаны Білге Қаған буддист храмын салдырмақ болғанда, уәзірі Тонюкук қарсы шығады. Оның уәжі буддизмнің дәстүрлі түрік дініне қайшылығымен түркілердің жаратылысына кері әсер ететінін айтады. Осылайша храм салдыруға қарсы болады.

Ислам діні келгенге дейін түркілердің діни сенімдерін нақты қалай аталғанын дөп басып айту қиын. Ал кейбір ғалымдар шаманизммен шатастырады. Шаманизм түркілердің діні болған емес, ол бір наным.

Түркі қауымында шаманизм, тотемизм, анимизм секілді алғашқы қауымдық діни наным-сенімдер болған. Әрине аталмыш наным-сенімдер дін ретінде қоғамда орын алмаған. Мұндай сенімдер барлық халықтар арасында кездеседі.

– Көне түркі жазбаларынан дінге қатысты не нәрсені байқауға болады?

– Түркілер бір құдайдың бар екеніне сенген. Жаратушы тәңір деген осы сенімдері исламның бір құдай түсінігімен ұштасқандықтан түркілер исламды қабылдауда өзге халықтарға қарағанда анағұрлым белсенді болды. Түркілердің бір құдайға деген сенімдеріне қатысты Орхун Енисей жазба ескерткішінен де кездестіруге болады.

Зерттеулер барысында түркілерде «Көк Тәңірі» сенімі болғанын дәлелдеген. Олар Жаратушыға «Тәңірі» деген сөз қолданған.

Б.э.д. ІІ ғасырда ғұндар «Көктегі Ұлы Тәңірі» деп қолданған. Ал ислам дінін қабылдаған түркілер «Тенгри», «Тәңірі» атауын ұмытпай, Алла сөзінің синонимі етіп қолдануға көшкен.Олар ешқашан «Тәңірі» сөзін Алла сөзінің антонимі ретінде қолданбаған.

Ақиқатында Алла сөзі ешбір тілге аударылмайды. Араб тілінде «раб, иләһ, мәулә» атауы құдай ұғымын береді. Сондықтан Тәңірі атауы бұл Алла деген ұғымды білдіреді. Алла басқа, Тәңірі басқа бола алмайды. Бұлай деу түркі және ислам сеніміне қайшы.

– Тәңір ұғымы тек түркілерге ғана  тән деп айта аламыз ба? Тәңір туралы наным басқа кімдерге тиесілі?

– Көк Тәңірге сену тек түркілерге ғана тән наным емес. Мұндай сенімдер барлық құрлықта әсіресе Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Австралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған тәңір культі. Л.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей Көк Тәңір нанымы болғанын растайды.

Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғанын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне көктің ұлы, күннің ұлы, аспанның перзенті боп аталғандығын «Древние Тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді.

Ғалымдар көк тәңір туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғаны ғылыми ақиқат.

Бір құдайға сенген түркілерде құлшылық Тәңірдің ризашылығын алудан тұрады. Алайда олардың күнделікті жасайтын арнайы құлшылықтары мен ғибадатханалары болмаған. Олардың ресми құлшылығын Қаған атқарған. Яғни түркілер бір мейрам болса немесе қасиетті мекендерге барғанда дұға жасап, құрбандық шалған. Жорыққа шығар алдында діни рәсім жасаған. Мұндай жағдайда Қаған бас болып, өзгелері қостап, қолдарын жайып, көкке қарап мінәжат жасаған. Осы жәйтке мән беріп қарасақ, ертеректегі бұл сиыну үрдісі қазақ халқының арасында көрініс тапқанын білеміз. Мәселен, жорыққа шығар алдында абыздар құдайға мінәжат жасап, сарбаздар қолын көтеріп, бата жасап, бір құдайға сыйынып жауға шапқан. Әрине құдайға сыйынған түркілердің бұл әрекетіне қарап, сол кезде тәңіршілік діні болған дей алмаймыз. Себебі, адам қай ғасырда өмір сүрмесін, құдайға осылай сыйынады.

– Тәңіршілдік ұғымын қайта жаңғырту мүмкін бе? Бізге  қаншалықты қажет?

– Түркі қоғамында діни рәсімді атқарушының аты «қам» яғни «бақсы». Бақсылық атадан балаға өтетін үрдіс. Оларға «шаман» деп те атаған. Шамандар рухтармен байланысқа түсіп, діни рәсімдерді атқарған. Осыған қарап, көптеген зерттеушілер түркілердің діні шаманизм деген пікірді алға тартқанын білеміз.

Олай болса, тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтарының соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Жоғарыда аталған елдердің ешбірі екі мың, үш мың жыл бұрынғы ата-бабаларының наным-сенімдерін жаңғыртуға құлықты емес. Себебі, ол нанымды дін деп атауға келмейді. Діни атрибуттары мен институттары жоқ нанымды ұлттық дінге айналдыру барып тұрған надандық. Сондықтан ғасырлар қойнауына кеткен нанымдарын тек атаумен ғана шектелуде. Сондай нанымның бірі – тәңіршілік. Ал кейбір тұлғалар тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта дін ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Ұмытылып бара жатқан салт дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, дінім –  ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), қасиетті кітабым –  Құран деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек? Әлде құдайды да жекешелендірмек пе? Түркі халықтарының ешбірі «біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Өйткені, ол күлкілі әрі надандық. Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін қайта тірілтуге құлықты емес.

– Тәңіршілдікті дін ретінде қайта жаңғыртуды көксейтіндер жағымсыз кейіптегі бақсы, балгерлердің санын көбейтпек пе? Әлде отты айналып, жауырынға қарап бал ашатын шамандықты аңсай ма?

– Тәңіршілдік бұл дін емес. Тәңіршілдік тек наным-сенім. Жер бетінде қанша ұлт болса соншама наным бар екенін ескеретін болсақ, наным-сенім дін бола алмайды. Бабаларымыз ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келді. 751 жылдан бастап қазақ даласына келген ислам діні қазақ ұлтының төл дініне айналды. Ислам дінін қабылдағаннан кейін қазақ жерінен әлемге әйгілі көптеген ғалымдар шықты. Сөзіміз дәйекті болу үшін Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің «Исламның жауһарлары мен жәдігерліктері» атты еңбегінде бір ғана Отырардан шыққан отыздан астам әл-Фарабилердің болғанын білеміз.

Ал тәңіршілік дінін ұстанушы ешқандай ғалымды көру мүмкін емес. Сонда Тәңіршілдер Отырар, Түркістан  секілді руханиятқа бай қалаларымызды, Әл-Фараби, Ахмет Яссауи, Иүгүніки, Хусамиддин Сығанақи, Хибатулла әт-Тарази, Абай, Шәкәрім, Ыбырай сынды  қазақ даласынан, ұлтынан шыққан ғұлама тұлғаларды қай ұрпаққа аманат етпек? Әлде оларды да тәңіршіл етпек пе?

Ата-бабаларымыз бірнеше ғасырлар бойы ұстанып келген ислам дінін енді келіп бұрмалауға тырысудың еш қажеті жоқ. Ондай күпірлікке бармаған жөн.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет.