Құран тілі болған араб тілінде «Әбабайн» сөзі ата-ана деген мағынада қолданады. Өз құрсағымен көтерген балаларының анасы және бір нәрсенің болуына немесе ұйымдастырылуына себеп болған адам мағынасын да білдіреді.
Сонымен қатар, араб тілінде үлкен баласының есімінің басында «әбу», «әба» немесе «әби» сөзін қосу арқылы құралған сөйлемде, әкенің жеке басы мен лақап есімін білдіреді. Әкесін және аталарын бір сөйлемде қолданғанда «узара» сөзі көп қолданады. Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінің 74-аятында; «Юсуф» сүресінің 8 және 99 аятында және «Әнбия» сүресінің 54-аятында «әбу» сөзі қолданылған. Сондай-ақ, араб тілінде анаға – «Умми», әкеге «Әби» деп айтады.
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өмірге келуімізге себепкер болып, ақ сүтін емізген, әлпештеп аялап өсірген аналарымызға қатысты: «Ана — жәннат есігінің ортасында» [Ибн Хамбел V-баб, 198-хадис], «Жәннат аналардың аяғының астында» [Нәсай, Жихат бабы, 6-хадис] деп бұйырған хадисінің мағынасы, барлық аналардың жәннатқа баратынын білдірмейді. Алайда жәннатқа кіру үшін баласына анасы разы болу керектігін білдіреді. Сондай-ақ, бұл хадис аналарымызды құрметтеу, жақсы сөз айту, қарсы келмеу және айтқандарын тыңдауымызға қатысты айтылған хадис.
Сондықтан да Алланың әмірлеріне қарсы болмаған, барлық аналардың барлық бұйрықтары мен талаптарын орындау, балаларының міндеті әрі анасының алдындағы борышы. Мәңгілік, уайымсыз, қайғысыз, тіршіліксіз барлық армандар орындалатын өмірдің есігін ашатын кілт аналардың аяқтарының астында жасырылған. Яғни, ананың разылығы екі дүниеміз үшін де маңызды.
Осы тұста, Құран Кәрімнің «Лұқман» сүресінде Алла құлдарына мынадай ескерту жасайды: «Біз адамдарға анасына және әкесіне жақсы қарауын бұйырдық. Анасы әлсіз хәлде оны қарнында көтерді. Ана сүтін екі жыл мерзімге дейін де ішсе болады. (Сол себептен де): Маған және анаң мен әкеңе шүкір ет – деп өсиет еттік. Қайтар жерлерің жалғыз Маған».
«Егер анаң мен әкең, білмеген бір нәрсені маған ортақ қосуың үшін сені мәжбүрлейтін болса, олардың бұл әмірлерін орындамауыңда бір әбестік жоқ. Алайда, олармен бұл өмірде қарым-қатынасыңды үзбе. Маған бетбұрғандардың жолын ұста. Соңында қайтар жерінің тек маған ғана. Міне, осы уақытта мен сенің істегендеріңнің хабарын айтамын. («Лұқман» сүресі 14-15 аяттар).
Байқағанымыздай, Рахман және Раһим болған Алла, балаларын Аллаға ортақ қосуға мәжбүрлеген ата-анасымен қарым қатынасты үзбеу керектігін және оларды ренжітуге әсте болмайтынын айтып, Аллаға шүкір еткеннен кейін анамыз бен әкемізге де шүкір етілуі керектігін білдіруде. Яғни, бізді «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсіргендері үшін, бізді саналы ұрпақ етіп тәрбиелегендері үшін, оларға шүкір ету керектігін білдіруде.
Сондай ақ, Ислам дінінде ананың орны ерекше және оны ешкім толтыра алмайды. Ал енді адам ретінде жақсы болсын, жаман болсын, жәннатқа барсын-бармасын, әдепті болсын-болмасын, дінсіз болсын-болмасын, бұндай ұстанымдарында әкеден бір айырмашылығы жоқ. «Ер немесе әйел мұсылман болып пайдалы істер істейтін болса, міне осылар жәннатқа кіреді және (шаңның тозаңындай болса да) әділетсіздік жасалмайды. [«Ниса» сүресі 124-аят] мағынасындағы Құран аятында адам құқығы мен Алла алдындағы міндеттерімізде әке мен ананың теңдігін білдіруде. Міне осы себептен де бір әйел ана ретінде, бір еркек әке ретінде дінсіз болсын, діндар болсын айырмашылығы жоқ. Әрқашан балалары тарапынан ең жоғарғы құрметке және барлық көмектен құр қалмауға лайық әрі құқылы. Міне, Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, барлық ана құрметке және барлық жақсылыққа лайық және аналар арасында айырмашылық жоқ.
Қорытындылай келе, балалардың әке-шеше алдындағы міндеттері діннен де жоғары бір қарым-қатынасқа негізделген. Ата-ананың Алла алдындағы міндеті болса, дін шеңберінде пенделік қарым-қатынасқа негізделеді. Қандай жағдай болмасын барлық аналар құрметке лайық және ең жақын адамымыз екенін ұмытпаған абзал. Бұл сіз бен бізді жаратқан Жаратушымыздың әмірі екенін ұмытпасаңыз болғаны.
Исатай Бердалиев
Пайдаланған әдебиеттер
- Құран Кәрім, «Лұқман» сүресі 14-15 аяттар; «Ниса» сүресі 124-аят.
- Ибн Рушд, Бидаятул Мужтахид, I-том, 308-бет; II-том, 293, 310, 395 беттер.
- Усуршәни (ө. 637/1240), Ахкаму С-Сиғар (Ибрахим Жанан), Ыстамбұл 1984. 82, 85-88, 106 беттер.
- Мухаммад Сәллам Мәдкур, Әл-Уәжиз ли-Ахками л-Усра, Каир 1975. 115, 283, 451-460 беттер.
- Хайриддин Караман, «Мукайәсәли Ислам Құқығы», Ыстамбұл 1982. I-том, 333-400 беттер.
- Уәһби әз-Зухайли, Әл-Фиқу л-Ислам уә әдиллаһ, Димашқ 1405/1985. VII-том, 491 бет.
Пікір қалдыру