СЕМЕЙ ӨҢІРІ: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚҰДЫҚ ТАРТУ ЕТІЛДІ ФОТО

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойы – 30 игі шара акциясының аясында Семей өңірінде көптеген игілікті істер атқарылуда.

 Семей өңіріне қарасты Бесқарағай ауданының Қарабас ауылында мешіт имамдарының ұйымдастыруымен 30 метрлік тереңдікте қазылған артезиан құдығы ауыл тұрғындарына тарту етілді.

Қуанышты оқиғаның ортасында болған Семей өңірінің бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы игілікті іске қолдау көрсеткен азаматтарға өз алғысын білдіре келе: «Дінімізде құдық қазу сауапты іс болып саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Садақаның жақсысы шөлдеген кісіге су беру», – десе, дана халқымыз: «Бір кісі қазған құдықтан, мың кісі су ішеді», – деген екен. Алдағы уақытта да  осындай сауапты шаралар  өз жалғасын табады», – деді.

Ауыл тұрғындары  өздеріне арнайы көңіл бөліп, үлкен сый жасаған бас имам Асқар Әбітайұлына алғыс айтып жәнеде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерей тойымен құттықтады.

Семей орталық мешітінің баспасөз қызметі.