Ислам ғалымдары разылық сөзіне мынадай түсініктеме берген: «Разылық дегеніміз – тағдырдың тауқыметіне жүректің қуануы, қиын сәттерді күлімдеп қарсы алуың». Осы ұғымды дүниеге қатысты айтар болсақ, бұйырған табысқа да, бұйырмаған ақшаға да риза болу – мүміннің нағыз сипаты. Яғни жүрек екі жағдайды да дұрыс қабылдай алса, онда адам жаны тыныштық табады. Әдетте біз табысқа кенелген сәтте ерекше сезімге бөленеміз, ал бұйырмай қалған дүние үшін мазамыз кетеді.
Тақуалық жолын ұстанған мұсылман екі жағдайды ризалықпен қабылдайды. Өйткені тағдырға иман келтірген мұсылман баласы жақсылық пен жамандық Алладан келген сынақ деп түсінеді. «Әр істің бір қайыры бар» деген сенім адамға ерекше төзім мен күш береді. Жақсылыққа разы бола алған пенде қиын сәтте де Алланың сынағына разы бола алады. Өйткені ол Раббымның мейірімі деп түсінеді.
Біз кез келген істің соңғы нәтижесі мен хикметін білмейміз. Өйткені істің соңы немен бітерін түсінбейміз. Бәрін білуші – бір Алла. Біз қиын сәтті жамандыққа жоруымыз мүмкін. Алайда Алланың даналығында шек жоқ. Жаратушы Жаббар Иеміз: «Қайдан білесіңдер, бәлкім Алла сендер ұнатпаған нәрсенің артын қайырлы қылып, көптеген жақсылыққа ұластыруды қалайтын шығар» («Ниса» сүресі, 19-аят) деген. Біз істің соңғы нәтижесіне көз жеткізгенде ғана Алланың хикметін сезінеміз.
Әр іске разы болуға дағдыланған пенденің дәрежесі сабырлы адамның дәрежесінен артық болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласының бақыты – маңдайына жазған Алланың тағдырына риза болуында. Адам баласының бақытсыздығы – Алланың жақсы дегенін тәрк етуінде. Адамның бақытсыздығы – ол үшін Алланың жазған тағдырына ашулануы» деген екен (Сағд ибн Әбу Уаққастан жеткен хадис).
Біз бұл хадистен өзімізге бірнеше сабақ аламыз. Кейде басқа түскен сынақты жамандыққа жорып, одан тез құтылуға асығып, мазасыз күй кешеміз. Асылында ол Алланың жіберген сынағы еді ғой. Сол сынақтан көркем мінезбен, разы болған сеніммен аман-есен өтер болсақ, үлкен сый-құрметке, ерекше нығметке бөленейін деп тұр едік. Осы жағдайда адам баласы Аллаға шынайы түрде разылық танытады немесе қолынан ешнәрсе келмегендіктен, жағдайды өзгерте алмағандықтан, амалсыз күйде, мәжбүрлі түрде сабыр етеді. Біз әрине, біріншілерден болуымыз керек.
Осы ретте Ибраһим (ғ.с) пайғамбардың оқиғасын еске алайық. Ол өз баласын құрбан шалуға бұйырылғанда үлкен сынақты қасқайып тұрып қарсы алып, Алланың әмірін орындауда табандылық танытып, шынайы құл екенін дәлелдеді. Қиындықты қиналмай қарсы алған пайғамбар сынақтың соңғы сәтінде Алланың құрметі мен сыйына бөленді. Бұл туралы қасиетті Құранның «Саффат» сүресінде былай баяндалады: «Біз оның орнына үлкен құрбандық (жәннат қошқарын) ауыстырдық. Біз оған соңғылар ішінде «Ибраһимге сәлем!» деген алғыс қалдырдық. Біз жақсыларды осылай сыйлаймыз. Өйткені ол иманды пенделерімізден еді».
Алла Тағала өзінің шынайы құлдарын ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Ардақты Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары мен үмбетіне әрқашан әр іске риза болуды үйрететін. Мынадай сүйінші хадис бар: «Кімде кім таң атқанда және кеш батқанда: «Алланы – Раббымыз, Исламды – дініміз және Мұхаммедті пайғамбарымыз деп разы болдық» деп айтса, Алланың оны риза етуі ақысына айналады». Бұдан кейін қалайша Раббымызға разы болмасқа…
Алланың арайлап атқан әр таңында Раббысына разылық білдірген адам қиын сәттерде үмітсіздік пен мазасыздық күйден аман болады. Жүректің тыныштығы деген нағыз бақыт, нағыз байлық емес пе?
Осы ретте мынадай қызық оқиғаны баяндап кетуді жөн көрдік. Бірде Имам Ағзам шәкірттеріне кезекті дәрісін беріп жатқанда бір кісі оған жайсыз хабарды жеткізеді. Жайсыз хабар әкелген әлгі кісі: «Саудаға жіберген заттарыңыз тиелген кеме суға батып кетіпті» дейді. Осы сөзді естіген имам кішкене кідіріп: «Әлхамдулилла» дейді. Арадан көп уақыт өтпей тағы бір кісі келіп: «Мырза, бір қателік болыпты. Ол кеме сіздікі емес екен. Басқа адамдікі екен» дейді. Сол кезде имам кішкене кідіріп, тағы да: «Әлхамдулилла» дейді. Осы сәтте шәкірттерінің бірі екі жағдайда да «Әлхамдулилла» деген ұстазының бұл сөзінің сырын сұрайды. Сонда ол былай жауап берген екен: «Кемеңіз батып кетті дегенде жүрегімді тыңдадым. Ешқандай өкініш, мазасыздық, қынжылу байқалмады. Кейін осы хабардың қате екенін естіген сәтте де жүрегімді тыңдадым. Ол кезде де ешқандай қуаныш сезімін байқамадым. Екі жағдайда да «Әлхамдулилла» деген себебім: жүрегімде дүниеге деген сүйіспеншілік жоқ екенін түсіндім».
Расында бұл оқиғадан алар ғибрат көп. Кейде дүние үшін ағайынмен араздасып, бала-шағаны жекіп, жүрегін жаралап жатамыз. Ал солардың көңілі дүниеден қымбат па?
Жаратқанның жазуына риза болған адам дүниедегі ең бай адам саналады екен. Неге? Өйткені оның жүрегінде дүниеге деген қобалжу жоқ. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тыйым салынған істерден сақтансаң, ең көп құлшылық еткен адам боласың. Алланың саған бөліп бергеніне риза болсаң, ең дәулетті адам боласың. Көршіңе жақсылық жасасаң, мүмін боласың. Өзің үшін жақсы көрген нәрсені адамдар үшін де жақсы көрсең, мұсылман боласың. Көп күлме. Өйткені көп күлу жүректі өлтіреді» деген (Әбу Хурайрадан жеткен хадис).
Насихатымыздың қорытындысын Әмір ибн Қайстың сөзімен түйіндеуді жөн көріп отырмыз: «Алланы жақсы көрдім. Бұл сезім басыма түскен барлық қиындықты жеңілдетіп, барлық сынаққа разылық танытуға жетеледі. Алланы жақсы көргенім сонша, таңымның қалай атып күнімнің қалай батқанына мән бермейтін дәрежеге жеттім».
Алла Тағала сіз бен бізді әр іске разы болған, сол арқылы үлкен нығметке бөленген құлдарының қатарынан болуды нәсіп еткей.
Қуаныш ЖҰМАБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысының бас имамы
«Мұнара» газеті, №17, 2020 жыл
Пікір қалдыру