Бүгінгідей жаһандану жағдайында еліміздің ұлт ретіндегі және мемлекеттік бірегейлігін сақтау үшін өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төл мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды танып білу, қастерлеу – күн талабынан туындап отырған жайт.
Халқымыздың руханият бастауларының бірі – тарихымызбен тығыз өрілген және мәдени болмысымызды да айғақтайтын – дін Ислам. Бұл орайда еліміз егемендік алып, көк туымыз желбірегелі бері дәстүрлі дініміздің дамуы жолында қолдаулар көрсетіліп келеді. Бүгінгі күні Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университеті және жеті колледж-медреселер мен екі медресе, одан басқа қарилар даярлайтын орталықтар да қызмет көрсетіп тұр.
Расында, Құрандағы ең алғаш түскен аят: «Оқы!», – деп басталады. Басқаша айтқанда, Жаратушының адам баласына түсірген бірінші сөзі – «Оқы!».
Оқып, білім алумен адамның көзі ашылады. Айналасын танып, оларға деген құрмет сезімі қалыптасады. «Білетіндер мен білмейтіндер тең болама?» (Зүмәр сүресі, 9 аят) – деген нұрлы аятты біле тұра кейбір мұсылман бауырлар дүниауи білімді керек емес деп жастарды адастырып, тобырға айналдыруда. Егер әр мұсылман діни білім мен дүниауи білімді қатар алып жүрер болса, елдің экономикасының, технологиясының, ғылымының дамуына үлкен үлес қосары анық.
Құран кәрімнің алты жүзден аса жерінде білім жайлы айтылған. Және де ұлық Жаратушымыз өз кәлам шәрифінде «білмесеңдер ілім иелерінен сұраңдар» деп бұйырады. Олай болса, неге мұсылман баласына қарапайым жұмысшы болғаннан гөрі басшылық қызмет атқарып сауап алмасқа.
Мұсылман жан-жақты болуы тиіс. Қазіргідей өндіріс өркендеп, ғылыми технология қарыштап дамыған заманда мемлекеттер арасында бәсекелестік жүріп жатыр. Яғни, дүниелік игіліктерге, жетістіктерге жетуіміз үшін өскелең ұрпақа тек рухани ғана емес, сонымен қатар кәсіби бағытта да дұрыс білім беруіміз қажет. Алайда, ең бірінші кезекте біз мектеп жасындағы балаларға тәрбиелік мақсатта діннің тіректерін үйретіп, бойларына сіңіруіміз қажет. Себебі, адами қасиеттер, иман негіздері, ұят-ар деген түсініктердің ережесі діни кітаптардан басқа кітаптарда жоқ деуге болады. Осылайша, бастапқы тәрбиесі дұрыс берілген балалар діни ілімді де, дүниауи ілімді де қатар алып жүретін болады.
Ілім жолы – жәннат жолы. Қарапайым мұсылманды білім ізденуге жігерлендіретін аят-хадистер жетерлік. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Білім алу әрбір мұсылман ер кісіге де, әйелге де парыз», – деп білім ізденудің маңыздылығын ескертіп кеткен.
Аллаға шүкір, қазіргі кезде көптеген имамдар, дін қызметкерлері діни сауатты болып қана қоймай, дүниауи білімді де қоса алып жүр. Бұл мешіт жамағатына, өзге намазхан бауырларымыз үшін жарқын үлгі.
Бүгінде Семей өңіріне бас имам болып келген Асқар Әбітайұлының бастамасымен аймақтағы діни қызметті оңдастыру жолында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Діни оқу орындары мен медресе-колледждерге көптеген шәкірттер жіберілді. Атап айтқанда Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетіне он сегіз шәкірт, медресе колледждерге он сегіз шәкірт жолдама алыпты.
Қоғамға пайдалы ілім алып, ата-бабамыздан мұра, болашаққа аманат болған осынау ұлан-ғайыр жерімізге, елімізге, дінімізге адал қызмет ететін білімді де білікті ұрпақ қатары көп болсын дейміз.
Омаров Ерлан Досымұлы
Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітінің наиб имамы.
Пікір қалдыру