УАҒЫЗ-НАСИХАТ АЙТУДЫҢ ӘДЕБІ

«Насихат» сөзі араб тілінде бір нәрсені бөтен нәрселерден ажырату, адалдық таныту және шынайы жақсы сөз бен істер, ақыл айту, кеңес беру, жол сілтеу деген мағыналарды білдіреді. Насихат Ислам дінінің күнделікті тұрмыста қолданылуы, өнегелі ұстанымдарын ұстану, адамгершілік қасиеттерді дәріптеу мақсатында білетіндердің білмейтіндерге үйретуі, еске салып отыру мәніндегі өсиеттер.

Насихат айту Құранда мүминдердің бір қасиеті ретінде сипатталған. «Еске сал, бәлкім, еске салғаның мүминдерге пайдасын тигізер» (Зарият сүресі, 55).

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Дін дегеніміз насихат» дейді. Сахабалар «Кімдер үшін насихат?» деп сұрағанда, «Алла және  Елшісі, кітабы, мұсылман басшылар және бүкіл мұсылмандар үшін» деген жауап естіген (Бұхари, иман, 42).

Ғалымдар бұл хадистегі  насихат сөзінің мына мағыналарға келетінін айтқан: Алланың бар екеніне әрі бір екеніне шын көңілмен илану, хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбар екеніне сеніп, сүннетін берік ұстану, бойындағы ізгі қасиеттерін үлгі ету, Құрандағы үкімдерді үйреніп, басқаларға үйрету, білмейтіндерге дұрысын көрсету, білмеген мәселелерінде жөн сілтеу, өзге мұсылмандар алдындағы борышын шынайы атқару, мұсылмандардың баршасына игі дұға етіп, жақсылықты дәріптеу.

Дінге сүйенсек, уағыз адамды иман мен адами қасиетке үндейді. Діннің басты мақсаты да осы. Ол екі мағынада айтылады. Біріншісі, араб тілінде «әмір мағруф» – жақсылыққа бұйыру, яғни ізгілікке шақыру болса, екіншісі, «нәхи мункар» – жамандықтан қайыру немесе одан тыю. Уағыз осы екі бағытта жүреді. Дінді адамзатқа жеткізу, уағыз айту – Алла Тағаланың разылығына жетудің ең жақын жолы. Өйткені Алла Тағала Құранда: «Аллаға (оның бірлігіне, ғибадатына) шақырған, жақсы істер істеген, «мен нақ мұсылманмын» деген адамнан, жақсы сөз бола ма?» деген. (Фуссилат 33). Ал Алла Елшісі: «Кімде-кім тура жолға шақырса оған ерген адамдардың сауаптары ешбір кемшіліксіз шақырушыға жазылады» дейді (Мүслим). Уағыз айту – Пайғамбарлар, оларға ерген саңлақ сахабалар, табиғиндер, ғұламалар, салихалы имамдардың жолы.

Сондай-ақ, насихат айту, Алланы еске алу Құранда мүміндердің бір қасиеті ретінде сипатталған. Яғни, «Еске сал, бəлкім, еске салғаның мүминдерге пайдасын тигізер» деген.

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құлым мен туралы қандай ойда болса, менде оған солай қараймын, құлым мені есіне алып, Маған мадақ айтып ұлықтаса, Мен онымен біргемін. Егер ол мені іштей еске алса, Мадақ айтса, Менде оны солай есіме аламын.Ал, егер Мені көпшіліктің ортасында есіне алып, Мадақ айтып ұлықтаса, Мен оны оданда хайырлы көпшіліктің арасында есімін мақтан тұтамын» – деген.

 Әр мағруфтың өзіндік ерекшелігі бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бірінші бағытын хош көрген және өсиет еткен. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан жирену – барша адамға міндет. Адамды жақсылыққа шақырамын деп, оны жамандыққа ұрындырып алмау да керек. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім мен айтпаған сөзді айтты десе, ол өзіне тозақтан орын дайындай берсін» деген.

Және бір хадисте Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Алла Тағаланың назарында әрі абзал әрі таза, дәрежелеріңді көтеретін, алтын мен күмісті жаратудан артық, тіпті жауларыңмен бетпе-бет тұрып, олардың бастарын шабу, не болмаса сол жолда жан тапсырудан да артық болған амалды айтайын ба?» – деп сұрағанда, сахабалар: «Әрине, айтыңыз» дегенде,  әз елші: «Алла Тағаланы зікір ету» – деп, бұйырған екен.

Осы хадистерден біз Алланы еске алудың, насихат етудің маңыздылығын ұғынамыз.

Уағыз айту – адамдарға дінді жеткізудің бір жолы. Уағызды көпшілікке жеткізу үшін имамның айтатын насихаты жан-жақты, тақырыптан ауытқымай әрі терең мазмұнды әрі шешендік өнермен түсінікті етіп айтылуы керек. Уағыз айту үлгісін жоғары дәрежеде орындау – мұсылман үмбетінің сауаттылығын арттыруға, жан-жақты тұлға, әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына, дінаралық бірлік пен татулыққа ықпал ету арқылы мемлекет іргесінің бүтіндігіне қызмет етуге үлес қосады

Уағызшы ихтилаф мәселелерге кірмей халықты біріктіретін нәрселерге шақыруы керек. Ұзақ ұрыс жанжалға апаратын және рия көрсету арқылы сауапты жоғалтатын істен сақ болған дұрыс. 

 Уағызшы адамдардың деңгейіне түсе дінді жеткізуі керек. Ол үшін әрдайым адамның ыңғайын таңдай біліп уағыз айтқаны дұрыс. Жалпыға бірдей уағыз, жеке адамға қажетті уағыз және оның біліміне қарай уағыз айтқан жөн.

Пайғамбарымыздан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирас болып келе жатқан білімді алу уағызшының бір міндеті. Уағызшының көзі ашық, көкірегі ояу болуы маңызды.

Құран Кәрімде:

«Оларға былай деп айт (Уа, Мұхаммет!): «Маған бұйырылған жол осы! Соңымнан ергендерді Алланың дініне шынайы көрегендікпен шақырамын. Алла барлық кемшіліктерден пәк. Мен мүшріктерден емеспін» (Жүсіп, 108).

Сондай-ақ уағызшы Ислам құқықтары мен шариғат білімдерінде жетік білген болуы керек. Уағызшы дінге адамдарды шақырғанда хикметпен, даналықпен шақыру керек. Даналықпен шақырмаса адамдарға кері әсері тиіп айтқан уағыздың пайдасы болмайды. Құранда: 

«Раббыңның жолына даналық және көсем сөздермен уағыз-насихат қыл!» делінген. (Ән-Нахл, 125).

Әр нәрсенің анық-қанығына бармай, оны ажыратып аламай, асығыста үкім бермеу керек. Кейін өкінетін нәрседен сақ болуы тиіс. Құранда Алла Тағала:

 «Уа, мүминдер сендерге жексұрын біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) білмей, бір елге залал жеткізіп, істегендеріңе (ертеңгі күні) өкініп қаласыңдар» дейді (Әл-Хужурат, 6).

Уағызшының тағы бір міндеті, әдебі өте кішіпейіл, жұмсақ мінезді, қарапайым болуы керек. Осы мінездер арқылы басқаға үлгі болуы тиіс. Көркем мінез дегенде ең әуелі ауызға оралатында ол Алла елшісі. Құранда Алла Тағала Пайғамбарымыздың көркем мінезін былайша жеткізген. Онда:

«Сен ақиқатында ұлы ахлаққа иесің» делінген (Әл-Қалам, 4).

Пайғамбарымыздың көркем мінезін көргендер дінді қабылдаған. Уағызшының өміріндегі ең маңызды саналатын ісінің бірі, алған біліміне амал жасауы. Себебі адамдарды дұрыстау үшін уағыз айтып, кейін өзіңді ұмытып кетсең дұрыс емес. Бұл жайлы Қасиетті Құранда:

«Басқаларды жақсылыққа бұйырып, өздеріңді ұмыт қалдырасыңдар ма?»  делінген (Әл-Бақара, 44).

Егерде уағызшы өзінің іс-әрекетін дұрыстаса, оның сөзі жақсы қабылданады, әрі қоғамға оң әсерін береді.

 Насихат Алла үшін айтылатындықтан, насихатта Алла туралы, Алланы сүйдіру туралы, екінші ретте елшісі туралы айтылуы керек. Ал «мүминдер үшін» делінгені сол мүминдерге діни ағарту жұмысын жүргізу, рухани сауықтыру көзделуі тиіс.

«Насихат» сөзі шынайылықты, берілгендік пен адалдықты білдіреді. Ендеше, «дін – насихат» деген сөзді шынайылық таныту, ықыласты болу, өзгелердің жақсылығын ойлау деп түсінуге болады.

 

Бекзат Баешов,Семей қаласындағы

Қос мұнаралы  орталық мешіттің найб имамы.