«Адамның мәдениеті үйге кіргенде көрінеді. Ол аяқ киім шешуден басталады. Қаз-қатар жинап қойсаң, қандай әдемі көрінбей ме? Үйге кіргенде әуелі дауысыңды көтеріп, үлкендерге сәлем бер. Тамаққа қариялардан бұрын қол салма. Олардың қолына су құйып, батасын ал, балам» дейтін… Бұл сөз пайғамбар өсиеті екенін өскен соң білдік.
«Әке көрген оқ жонар» дейді. Әкенің бір тәрбиесін жүз мұғалім бере алмайды дегені рас екен. Оның өміршең өсиеті өмір бойы кәдеге жарап келеді.
«Ер жігіттің мәдениетті болуы үстіндегі киімінен білінеді. Жағаңды кірлетпе. Шалбардың қыры пышақтай болу керек. Иіссуды қолдану күнделікті әдетіңе айналсын. Аяқ киіміңді таза ұста. Жігіттің беторамалы мен туфлиін сүртетін шүберегі үнемі жанында жүруі тиіс» деген сөзі әлі есімде…
Ол иіссуды көп қолданатын. Жағымды әрі жұпар иіс ол отырған көліктен, қолына ұстаған заттан (әсіресе мәшиненің кілтінен), үйден, жұмыс кабинетінен аңқып тұратын. Көршінің, ағайын-туыстың, ата-әжеміздің үйіне кіріп-шықса сырттан келген кісі бірден «көкем (бізде өзінен үлкен адамды осылай дейді) келді ме, кішкене бала (жеңгесі қойған есім) келіп-кетті ме?» деген сұрақтың астына алушы еді.
«Адам айналаға жағымды болуы керек. Өз ісінің шебері болуы тиіс» деген бірнеше «болуды» құлағымызға құйды.
Ел аралаған сыншы болар дейді ғой. Кейбір елдің әдемі киініп, такси қызметінде жүрген адамына дейін таңғаласың. Құдды әкімдікте жұмыс істейтін қызметкердей киінеді. Себебін сұрасаң: «Мен осы жұмыс арқылы отбасымның нәпақасын тауып отырмын. Неге өз ісімді әдемі киіммен орындамасқа» деген жауап аласың. Адам салып алып, көлік ішінде тамақ ішіп, пісте шағып, темекі тарта беретін таксист бауырларыма осы мысалды жиі айтамын. Адам әуелі өзін құрметтеуі керек, содан кейін ақша бергелі тұрған клиенттің жағдайын ескеруің тиіс дегенді алға тартсам: «Біз әлі ондай деңгейге жеткен жоқпыз ғой», – деп жалтарады. Түсінгенім: айта беру керек. Қой дейтін қожа көбейсе, жағымсыз әдетін бір күні қояды.
Әр ісіңді әсемде деген сөзге ой жүгіртсек, осының бәрі пайғамбарымыз Мұхаммедтен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған сүннет екен. Алла елшісі миск пен мисуакты (иіссу мен тіс тазалайтын құрал) жиі қолданатын. Амандасқан сәтте қолын бірінші созып, бірден кері тартып алмайды екен. Киімін таза ұстап, әр ісін көркем түрде орындайтын. Сөйлеу, киіну, тамақтану, т.б. барлық істің мұсылмандық мәдениетін қалыптастырып кетті. Түс кезінде, кешкі құптан намазынан кейін отбасылы адамды мазаламауды, үй иесі рұқсат бермейінше ішке кірмеуді, тіпті бөтен үйдің мүлкіне тесіле қарамауды, бәрін-бәрін үйретіп кетті… Әр істі әсем түрде істеген адамның құлшылығы да көркем түрде орындалады. Алла әдепті мұсылман болуды жазғай!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ
Пікір қалдыру