Қазақтың бас ақыны, данышпан Абайды оқыған сайын оның таза Ислам ақидасымен және Ханафи мәзһабымен сусындағанын көреміз. Әуелі ол «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Жаратушы Алла мен оның кітабына, елшісіне иман келтірді. Қалың елі қазағына мұсылманның сипатының қандай болуы керек екенін насихаттады.
Адамдарға бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол деп уағыздайды. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ», осы бес нәрседен аулақ бол дейді. «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деп, осы бес қасиетті, мұсылманның сипатын бойыңа сіңір дейді. Талап, еңбек, терең ой дегені адамға зерде, ақыл, терең білім, парасат керек дегені.
Алланың өзі қасиетті Құранда: «Мен адам баласын ақыл иесі етіп жараттым» дейді. Тағы бір аятта «Құранды ақыл иелері ғана түсінеді» дейді. Өз ақылымен, парасаттылығымен Құранға, Ислам іліміне терең бойлаған Абай: «Ақылды адамға иман керек, иманды адамға ғибадат керек» дейді. Хәкім Абай адамды ақыл-парасатымен, ілімге терең бойлап, қайратты, қажырлы, қанағатшыл, мейірімді болуға насихаттайды.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйыктаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек, – дейді. Бұл өлеңінде Абай адамның санасында ұйықтап жатқан ілім бар дегені. Оны түртіп оятатын жүректегі қайрат, ізденіс, табандылық, білімге деген құштарлық. Жүрегінде қайрат-жігері, талпынысы бар адамның ақыл-санасы оянып, зерделене түседі дегені.
Хәкім Абаймен үндесіп жатқан ғалым Баласағұн: «Зердесіз – елі, зерделі – тірі адам» дейді. Кез келген істе ғылым мен зерделілік бастаушы болып қызмет етеді. Осы екеуі арқылы адам асқақтай түседі және зерде мен білім адамды хайуаннан ерекшелендіреді дейді. Енді ойлап қарасақ шынында да ақылы жоқ зердесіз, білімсіз адам хайуанша ішіп-жеуді ғана біледі емес пе. Абайдың: «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпек» дегені осыны айтып тұр ғой.
Ахмет Яссауи бабамыз хикметінде:
Демейміз біз ондайды тіпті білген,
Хайуаннан кеп тамақ асырап күнін көрген, – деп ол да Абаймен үндесіп жатыр.
Мәшһүр Жүсіп:
Нәпсінің кім құтылар хайласынан,
Залалы асып кетер пайдасынан.
Білімді зерек адам болам десең,
Қара өзіңді басқаның айнасынан, – дегені және бар.
Абай:
Малда да бар жан мән тән,
Ақыл-сезім болмаса Тіршіліктің несі сән,
Тереңге бет қоймаса, – деп бір-ақ ауыз өлеңімен түсіндіреді.
Адамның жаны ақыл, зерде, іліммен рухтанады.
Біздің данышпан Абайдан түсінгеніміз ақылымызды нұрландырмасақ, ізденбесек, ғылымға терең бойламасақ құр жан мен тәні бар мал сияқты болып қаламыз. Қазақтың адам азса хайуаннан төмен болып қалады дегені. Мал-дүниені Алла адамның ырыздығы етіп жаратқан, олар адамға етін, сүтін береді, сатсаң ақша болады. Өйткені мал солай жаратылған. Ал адам хайуанға айналып надан болса жер бетінде зұлымдық жасап, қоғамға қауіпті болар еді.
Шариғатта: періштелерде ақыл бар, нәпсі жоқ, хайуанда ақыл жоқ, нәпсі бар, ал адамда ақыл да бар, нәпсі де бар дейді. Абай: біреуді көркі бар деп жаксы көрме. Лапылдақ көрсе қызар нәпсіге ерме, – дейді.
Абай:
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Естімесең, көрмесең,
Көзіңді шел қаптаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл, – дейді.
Кеудеңде иман сәулесі болмаса, ақыл көзіңмен сұлу табиғатқа, әлемдегі жаратылысқа қарап Алланы танып көрмесең, құран-хадистерді тыңдап есгімесең көкірегің соқыр болып, шектеулі кезіңмен боқ дүниені ғана көрсең, көзіңді шел қаптаса, өлген-тірілгенің кімге керек. Міне,
Абайдың ұлылығы.
Әбу Ханифа мазхабында иман жүрек пен сеніп тілмен айту дейді. Жүрекпен сенбей құр тілмен, ауызбен ғана айту иман болмайды.
Хәкім Абай:
«Алла деген сөз жеңіл,
Ол ауызға қол емес.
Ынталы жүрек, шын сезім».
Данышпан Абайдың: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген даналығын батыстың ешбір ғалымы айтып көрмеген. Кетігін тауып орналаспаған кірпіш бір күні құлайды. Қоғамдағы олқылықтар данышпан Абай айтқандай кетігін тауып қаланбаған кірпіштер кеселінен болып отыр. Қалың елі қазағын ойлаған хәкім Абайдың ұлылығы, данышпандығы міне, осыларды көре, ескерте біпгенінде. Абайды мадақтағанмен, оның жұмбағын әлі шеше алмай жүрген қазақтар аз емес.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист
Қайырбек Шағыр:
Омыраулап, өсек соғып шетінен,
Жыр сүймейтін қазақ көрсем өкінем.
Өлеңімді оқымасаң, оқыма, Абайды оқы,
Абайды оқы, өтінем!, – деп жазғанындай, данышпан Абайдың өзі жырлағандай «Жүрегіне терең бойлап» оқи берейік, оқи берейік…
Талғат Шағыр, «Рымбек» мешітінің имамы. Семей қаласы, Қайнар ауылы.
Пікір қалдыру