Бас мүфти өзінің алғыс хатында қала әкіміне өңірдегі Ислам дінінің кеңінен қанат жаюына қосқан мол үлесі үшін өзінің шексіз алғысын білдіре келіп, шаһар басшысының қарт Ертіс бойындағы шежірелі қалада бірнеше жаңа мешіттің бой көтеруіне қолдау көрсеткенін атап өтті.
– Ермак Бидахметұлы қала әкімі ретінде әрдайым дінімізге жанашырлық танытып, көптеген игілікті бастамаларға жәрдем көрсетіп келеді. Ол басшылық жасаған бес жыл ішінде қаламызда 3 мешіт бой көтерген екен. Ұзақ жылдардан бері құрылысы тоқтап қалған Орталық мешіттің құрылысын жалғастыруға демеушілердің көмегімен 1,5 миллиард теңгеден астам қаржы тартты. Бүгінде зәулім мешіт қаламыздың сәулетіне айрықша келбет беретін еңселі ғимаратқа айналуда. Біз қала басшысының еңбегіне дән ризамыз, – дейді Асқар Әбітайұлы.
Алаш арыстары ту тіккен Семейде бүгінгі күні хакім Абай заманынан келе жатқан 4 мешіт ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Қала әкімі осы көне ғимараттардың тарихи мұра ретінде сақталуына ерекше көңіл бөліп, Қос мұнаралы және Бір мұнаралы тас мешіттерді қалпына келтіру шараларына айрықша еңбек сіңірді. Сонымен қатар қаламызда қарилар медресесінің құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы уақытта 1836 жылы салынған еліміздегі көне ғибадат үйлерінің бірі Тыныбай мешітінің маңайын абаттандыруды жоспарлап отыр.
Қала әкімі Семей қаласындағы діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, көптеген діни мерекелер мен шаралардың өтуіне әрдайым жан-жақты демеушілік көрсетіп келеді. Ермак Бидахметұлы жыл сайын қасиетті Қадір түнін айрықша құрметтеп, мешіт жамағаттарына ауызашар беруді қалыптасқан дәстүрге айналдырды.
Ұлылар мекені аталған Семей жерінде ынтымақ пен берекенің салтанат құруына өзінің сүбелі үлесін қосып отырған қала әкімі Ермак Сәлімовтың егеменді еліміздің жарқын болашағы жолындағы жауапты да сауапты қызметіне толағай табыс тілейміз!
Семей қаласындағы Қос мұнаралы орталық мешіттің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру