БАЙҰЗАҚ БЕКМҰРАТОВ: ӘУЛЕТІМІЗБЕН ДІН ҚЫЗМЕТІНДЕМІЗ

«Мұнара» газетінің №22 мерекелік санына жарияланған ҚМДБ Кадр бөлімінің меңгерушісі Байұзақ Орынбасарұлының сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Бұл – үлкен мерей. Отыз жылда Діни басқарма өз орнын белгілеп, айтарлықтай жетістіктерге жетті. Сол отыз жылдың жиырма жылында атқарылған сауапты да тағылымды жұмыстарға өзім куә болып келемін. Аллаға шүкір.

2000 жылы Алматыда Қазақстан мұсылмандарының құрылтайы өтті. Сол құрылтайда ҚМДБ-ның алғашқы төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлы зейнетке шығып, орнына Әбсаттар қажы Дербісәлі тағайындалды. Жаңа Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мешіт пен мұсылман қауымына қатысты жаңа заң жобасын әзірлеуге кірісті. Ол кезде мен басқа мекемеде қызмет істейтінмін. Заң саласын жақсы білетін маман ретінде маған қолқа салды. Сөйтіп қазақ және орыс тіліндегі 18 ұсыныс енген жаңа заң жобасын дайындап шықтық. Заң жобасы ішінде мұсылмандардың қоғамдық орындарда, қызмет бабында, әсіресе мемлекет, әкімшілік қызметкерлерінің намаз оқуына жағдай жасау, екі ұлық мереке – Ораза айт пен Құрбан айт күндеріне демалыс белгілеу сияқты ұсыныстар болды. Осылайша мұсылмандардың мұң-мұқтажын заңды түрде Үкіметке жеткізуге себепкер болып, Діни басқарма шаңырағындағы қызметім басталды.

Әбсаттар қажы Дербісәлі мені Діни басқармаға заңгер әрі мамандар бөліміне қызметке алды. Сол кезден бастап мүфтиятта қызмет етіп келемін. 2000 жылдардың басы дін қызметкерлеріне оңай тимеді. ҚМДБ қызметкерлері, имам-молдаларының жұмысқа қабылдануы, лауазымға тағайындалуы мен босатылуы, еңбек демалысына шығуын реттеу, мешіттердегі садақа жәшіктерін қадағалау, оларды нөмірлеу, имам-молдалардың іс-қағаздарын реттеу секілді жұмыстарды атқардық. Қазіргі Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына дейін үш мүфтидің кезінде жұмыс істедім. Рәтбек қажымен әріптес бола алмасақ та, біраз құжаттарын реттеуге көмектестім. Серікбай қажы Ораз ол кезде Алматы Орталық мешітінің имамы болатын. Наурызбай қажы Тағанұлы Аягөзде екі мешіттің салынуына себепкер болды.

Бас мүфтилердің, имам-ұстаздардың іс-қағаздары мен құжаттары, тіпті Сәдуақас Олжабай, Еркінбек Шоқай, Жұманазар Садырханов секілді белгілі қарилардың изажалары осында сақтаулы тұр. Жұмыс кабинетімдегі том-том болып жиналған іс-қағаздардың он мыңға жуығы – кадрға қатысты құжаттар. Мен оларды қазір қызметте жүргендер және қызметінен босатылғандар деп екіге бөліп жинап қойдым. Қызметінен босатылғандар қатарында өмірден өткен дін қызметкерлерінің іс-қағаздары сақтаулы тұр. Өйткені олардың өмірдерегін сұрап келетін туыстары, ұрпақтары бар.

Ата, әке жолын жалғап, тұтас әулетімен бір кәсіпті игергендер баршылық. Ата-әжелерінен бастап үйіне түскен келіндеріне дейін дәрігер, мұғалім, әскери қызметкер болған әулеттер бар. Ал дін қызметіндегі ең танымал әулет – «Сарыағаш» медресе-колледжінің негізін қалаған Смановтар. Сол секілді біздің әулет те қысы-жазын мүфтиятқа арнап келеді. 20 жыл бойы жиналған қалың қағаздың ортасында Бекмұратовтар әулетіне қатысты менен бөлек төрт азаматтың іс-қағазы бар. Олар – кенже інім Кемал Орынбасарұлы және ұлдарым Айбек, Асылбек, Алмастың құжаттары.

Кемал 90-жылдары Түркияның Самсун қаласында дінтану мамандығы бойынша білім алды. 2006 жылдан бастап Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында имамдық қызмет атқарып келеді. Бүгінде Хлебодар ауылдық мешітінің бас имамы.

Үлкен ұлым Айбек 2003-2006 жылдары «Иман» журналының дизайнері болды, Діни басқарманың әрі muftyat.kz ресми сайтының логотипін жасады. Айбек алғашқы кезде логотиптің бірнеше нұсқасын ұсынған болатын. Соның ішінен қазіргі қолданыстағы сайт логотипі таңдап алынды. 2006 жылдан бастап сол логотип Діни басқарманың негізгі эмблемасына айналды. Бұл логотип Айбектің магистрлік диссертациясы болды. Қазіргі таңда Айбек жеке кәсіппен айналысады.

Екінші ұлым Асылбек Орынбасаров – елімізге белгілі хұснихат, яғни, каллиграфия өнерінің шебері. «Нұр-Мүбарак» университетінің түлегі. Әрі діни білім алған, әрі көркем жазуға бейім. Бүгінде Асылбек Алматыдағы «Әбу Ханифа» медресе-колледжінде сабақ береді. Еліміздің көптеген мешіттеріндегі Алланың 99 көркем есімі, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі және өзге де көркем жазулардың авторы. Хұснихат шебері Хасан Челябидің тәлімін алған. Кейінгі кездері жеке көрмелерін өткізіп тұрады.

Үшінші ұлым Алмас – «Астана» медресесінің алғашқы түлегі. 2010 жылдан бастап Алматы облысының Іле ауданында имамдық қызметін жемісті атқарып келеді. 2019 жылы Төле би ауылының «Төле би» мешітіне бас имам болып тағайындалды. Ал кенже ұлым Абзал заңгер мамандығын таңдады. Бүгінде ішкі істер органдарында қызмет істейді. Аллаға шүкір, жұбайым Несіпхан екеуміз ұлдарды ұяға, қыздарды қияға қондырып отырмыз.

Алла қаласа, келер жылы мерейлі 70 жасқа толамын. Бірақ жетпіске жақындадым деп, жығылып отырған мен жоқ. Әр таңымды намазбен және таңғы спорт жаттығуларымен бастаймын. Салауатты өмір салтын ұстанып, волейбол, футбол ойнаймын. Негізінде мен жастайынан спортқа бейім болдым. Алғашқы кезде жаттықтырушы-педагог, заңгер мамандықтарын меңгердім. Кейін Діни басқармаға қызметке келгесін, жасым елуден асқанда дінтанушы, исламтанушы мамандықтарын меңгердім. Қазір күніне шамамен 10 шақырым жаяу жүремін. Соның бес-алты шақырымын таңертең ерте тұрып жүгіріп орындаймын. Сөйтіп жұмысқа сергек күйде келіп кірісемін. Себебі үнемі компьютер алдында отырған адамның қан айналымы нашарлайды, басы ауырады. Сол үшін кешкісін тағы жүгіріп, жаттығулар жасаймын. Жасым жетпіске келсе де өзімді жас сезінемін. Күніне бір пара Құран оқып, айына бір рет хатым жасаймын.

Жалпы әр адам өмірін ізеттілікке, әдепке және тәртіпке арнаса, әдемі қартаяды деген ойдамын. Өмірімнің 20 жылын осы Діни басқарма қызметіне арнағанымды бақытым деп білемін. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әрбір жетістігіне балаша қуанамын. Мерейтойымыз құтты болсын!

Дайындаған Ермұрат ШОПАН

«Мұнара» газеті, №22, 2020 жыл