Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» стратегиялық мақаласында тәуелсіздіктен тағылым алу керектігін айтты. Президент осы мақаласында елдің көкейінде жүрген, халық күткен мәселелерді қозғап, алда атқарылатын бірқатар іс-шаралардың басты бағдарын құрып берді.
Бүгінде тәуелсіздігіміздің арқасында жоғымызды таптық, іргемізді бүтіндедік. Мешіттеріміз ашылып, медреселеріміз бой көтерді. Құрбан айт мерекесі демалыс күні болып жарияланып, құлшылық жасауға мүмкіндік алдық. Мұның бәрі – тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген айтулы жетістіктеріміз. Алайда біз бұл жетістіктерімізбен марқайып қалмай, алға жылжи бергеніміз абзал.
Президент мақаласында: «Жаһандану кезінде ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден бір кепілі» деп атап өтті.
Шынында, бүгінгідей технология қарыштап, өркениеттер қақтығысып тұрған уақытта біз заман ағымына ілесуіміз қажет. Ол үшін, Президент айтқандай, үш қазық – ұлттық болмыс, төл мәдениет пен салт-дәстүр біздің негізгі бағдарымызға айналуы тиіс.
Ұлттық болмыс – қоғамның негізі, рухани қазынамыз. Ол – ана сүтімен бойға дарыған ана тіліміз, бабаларымыз бағдаршамына айналдырған асыл дініміз, Сақ, Ғұн дәуірінен бері жалғасып келе жатқан бай тарихымыз, ұлтты алға сүйреп, ел мен жер мүддесі үшін тері мен қаны төгілген ұлы тұлғаларымыз. Ұлттық болмысынан, тамыр-табиғатынан айырылған адамда, қоғамда ешқандай мақсат-мұрат болмайды. Болмысынан айырылған жан тамыры жоқ ағаш секілді болады. Сондықтан ұлттық болмысқа берік болып қана қоймай, болмыс аясындағы жаңа креативті жобалар жүзеге асып жатса нұр үстіне нұр болар еді.
Төл мәдениетіміз – біздің темірқазығымыз. Қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көзі – ұлттық құндылықтар. Қазақтың киіз үйінен бастап, бүкіл тұрмыстық құралдары, қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, сүндеттой секілді салт-жоралғыларының бәрі де – төл мәдениетіміздің тіректері. Сабырлы әрі салмақты болу, ашуға бой алдырмау, таза жүру, ар сақтау, қиянат қылмау, жаман жолға түспеу, асты адалынан жеу, ысырап етпеу, жігерлі де батыл болу секілді өмірлік ұстанымдар – бай мәдениетіміздің бір көрінісі іспетті. Сондай-ақ төл мәдениетімізде «тыйым сөздер» деген жеке ұғым бар. Осының өзі-ақ төл мәдениетіміздің тамыры тереңде жатқанынан хабар береді.
Салт-дәстүрдің халқымыздың діні мен сеніміне, тұрмысы мен тіршілігіне сіңгені сондай, ол ұлтымыздың бағыт алар темірқазығына, бұлжымас заңына айналды. Өйткені салт-дәстүріміздің тәлімдік, тәрбиелік, тағылымдық мәні үлкен. Атап айтқанда, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу сынды салттың астарында тәрбие мен әдеп жатыр.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2021 жылы атқаратын негізгі жеті бағыттың бірі ретінде салт-дәстүрді насихаттау ісіне басымдық берді. Дін мен дәстүр – егіз ұғым. Дін мен дәстүр сабақтастығын насихаттау – барша дін қызметкерінің асыл парызы болып қала бермек.
Мемлекет басшысы мақалада: «Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғындардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен әрбір шешімді қабылдар сәтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы әділетті мемлекет дегеніміз – осы» деп атап өтті.
Расында, әділдік салтанат құрған қоғамда береке орнайды. Әділдік пен береке – бірін-бірі толықтырып тұратын құндылық. Біз имамдар форумында қабылдаған «Жеті рухани қазық» құжатында әділдік принципін ұстануды – жеті рухани қазықтың бірі ретінде бекіттік. Әділдік принципін ұстануды әр адам өзінен бастау қажет деп ойлаймыз. Өйткені адам әуелі өзіне әділ болса, оның айналасы да сондай қарым-қатынас жасайды. Біз қоғамдағы әділеттілік туралы насихат жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз.
Президент мақалада жастарымызды тағылымға толы тарихи құндылықтарымызбен тәрбиелеп, тұлғалар өмірін өнеге етуге айрықша тоқталды. Тарих тұнған көрікті өлкелерімізді таныту қажеттігін алға тартты. Мемлекет басшысы айтқандай, жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай әлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек.
Біз күнделікті қызметімізде жастарымыздың діни һәм заманауи білім алуына басты назар аударып келеміз. Осы бағытта бірқатар медреселеріміз колледж мәртебесіне ие болды. Діни басқарма жанындағы Жастар ісі секторының басты міндеті – өскелең ұрпақты шынайы патриотизмге тәрбиелеу. Жас буынға дер кезінде дұрыс бағыт бере алсақ, Абай айтқандай, дүниенің бір кетігін тауып, қаланары хақ.
Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті. Халқымызда: «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген қанатты сөз бар. Бұл әр адамның өмірлік ұстанымының біріне айналуы тиіс деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, дініміз бен дәстүрімізді, төл мәдениетіміз бен ұлттық болмысымызды берік ұстанып, осы жолда табандылық пен тұрақтылық танытып, бір үйдің баласындай бірлігімізді көрсетіп, қоғам игілігі үшін бірге қызмет етсек, бағындырар белесіміз бен алар асуымыз көп болмақ. Алла тағала халқымыздың мерейін қашанда үстем еткей. Әмин!
Пікір қалдыру